Батыс Қазақстан облысына мектеп түлектерінің өзі оқыған мектебіне тарту жасауы әдемі дәстүрге айналған. Жақында жаңақалалық түлектер де ауылдастарын осындай қуанышқа бөледі, деп жазады Egemen.kz.
Жаңақала ауданында мектепті тәмамдағанына 30 және 40 жыл толған түлектер өз қаражатына аудан орталығының кіреберіс қақпасы маңына «Киіз үй жобасы» аллеясын жасады. Ал 20 жылдық түлектері туған жерге тағзым ретінде аудан орталығының оңтүстік бағытындағы кіреберіс жол бойына символикалық қақпа орнатты. Жаңақала орта мектебінің 1985 және 1995 жылғы түлектері мектепке COWORKING орталығын жасақтап, өздерінің ізін басқан шәкірттерге сыйлық жасады.
Осынау әдемі дәстүрге аудан орталығы ғана емес, шалғайдағы ауыл мектептерінің түлектері де үн қосып жатыр. Мысалы Жаңажол ауылының Айдархан орта мектебін 40 жыл бұрын бітірген түлектер мектепке мемлекеттік рәміздер сыйласа, 30 жыл бұрынғы түлектер COWORKING орталығын, 20 жыл толған түлектер киіз үй тарту еткен. Бұлардан кейінгі буын – 15 жыл бұрынғы түлектер де қалыс қалмай, 10 оқушыға ұлттық киім сыйлапты.
Жаңақазан ауылында Кеңес Одағының батыры Мәжит Жүнісов атындағы тарихи мектеп бар. Осы мектептің 2005 жылғы түлектері «Менің жүрегім Жаңақазан» атты әдемі инсталяцияны орнатты. Ал 30 жылдық түлектер мектепке LED экран алып берсе, 35 жылдық түлектер мектепке сахна киімін тарту еткен.
Пятимар ауылының 1985 жылғы мектеп түлектері – сегіз қанат киіз үй сыйласа, 1975 жылы мектеп бітіргендер мектеп ауласына терек екті. Ал, 1995 жылы бітіргендер ауыл зиратын ретке келтіріп, құрал-сайман қоятын шағын ғимарат салып тастады. Жақсылық жасауға жарысқан түлектердің қиялында шек жоқ: осыдан ширек ғасыр бұрын мектеп бітіргендер ойласа келе ауылға Қазақ радиосын орнатып қойыпты.
Бірлік ауылында Социалистік Еңбек Ері М.Мирманов атындағы мектептің 10 жыл бұрынғы түлектері өздері оқыған білім ордасы оқушыларына жазғы спорт киімі мен жабдықтарын алып берсе, бес жылдық түлектер 10 метр қызыл кілем мен мінбер сыйлады.
Көпжасар ауылындағы Дина Нүрпейісова мектебінің ғимараты биыл күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Осы мектептің бес жыл бұрынғы түлектері мектеп оқушыларына спорт формасын, 2015 жылғы түлектер үздік оқушыларға бір реттік шәкіртақы сыйлады. Ал Қызылоба ауылының 40 жылдық түлектері мектепке киіз үй тарту етті. Тұңғыш төраға Сейітқали Меңдешов ауылының 1968 жылғы түлектері мектепке татами матрасын сыйға тартса, 1983 жылғы түлектері «Менің жүрегім Қырқопа» инсталяциясын жаңартты. 40 жылғы түлектердің арқасында татами төсенішін жаңартып алған мектептердің қатарында Мәстексай ауылы да бар.
- Бұл дәстүр жас ұрпаққа үлгі боларлықтай игі іс. Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген сөз бар. Кіндік қаны тамған топырағын ұмытпай, алыс-жақында жүрген азаматтардың өзі өскен ауылына, білім алған мектебіне қолдау көрсетуі – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі, - дейді Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев.
Батыс Қазақстан облысы