
Салтанатты жиынға әскери бөлімнің жеке құрамы мен құрметті қонақтары – Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінің командирлері, Қарулы күштердің ардагерлері және әскери қызметшілердің отбасы мүшелері қатысты.
Іс-шара Жауынгерлік туды шығарудан және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Командирдің бірінші орынбасары – 30153 әскери бөлімі штабының бастығы полковник Руслан Смағұлов құттықтау сөз сөйледі.
Ол жеке құрамды атаулы күнмен құттықтап, отбасыларына амандық пен қызметте табыс тіледі. Ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Біздің авиациялық базамыз 2011 жылғы 25 мамырда Қорғаныс министрінің директивасы негізінде құрылды. 14 жыл бойы біз батыс аймақтың әуе шебін қорғауда тұрмыз және көптеген жауапты міндеттерді орындаймыз. Бөлімнің жеке құрамы оқу-жаттығулар мен құтқару операцияларына белсенді қатысады. Биыл біз әскери шеруде бөлімнің қызметін абыроймен көрсеттік», деді командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Роллан Бәкіров.
Іс-шараны ұйымдастырушылар қонақтарға қару-жарақ құрамындағы авиациялық техниканы – жойғыштар, тікұшақтар және ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды көрсетті. Дәстүрге сай спорттық жарыстар мен көркемөнерпаздар концерті өтті.