
фото:ашық дереккөз
Министрдің хабарлауынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда отандық фармацевтикалық өнім өндірісі 21,8%-ға артып, 171,6 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш саладағы шетелдік жобаларды жергілікті кәсіпорындарда жүзеге асыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Іс-шарада тараптар денсаулық сақтау және фармацевтика бағытында ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған келісімдер мен меморандумдарға қол қойды. Форумға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, жетекші фармкомпаниялар мен екі елдің медициналық ЖОО өкілдері қатысты.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 2024 жылы денсаулық сақтау саласына $920 млн инвестиция тартылған, оның $330 млн-ы — жеке секторға тиесілі. Шетелдік инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер, жобалық сүйемелдеу, мемлекеттік қорғау кепілдіктері ұсынылады.
Сонымен қатар, министрлік ұзақ мерзімді келісімдер жасаудың жаңа тәртібін әзірлеп жатыр. Бұдан былай дәрі-дәрмекке деген қажеттілік тек уәкілетті орган арқылы айқындалады. Сондай-ақ, түпнұсқалық препараттарды өндіруге ынталандыру шаралары енгізілген.
Бүгінде Pfizer, AstraZeneca және Hoffmann-La Roche секілді халықаралық компаниялармен 30 млрд теңге көлеміндегі жобалар аясында төрт түпнұсқалық дәрі өндіріліп жатыр.
«Біз үшін инвестицияның көлемі ғана емес, оның сапасы, тұрақтылығы мен инновациялық сипаты маңызды. Қазақстан медициналық инновациялар мен медициналық қызметтер экспорты бойынша өңірлік хабқа айналуды көздейді. Біз ұсыныстарға ашықпыз, алғашқы келіссөздерден бастап нақты келісімдерге дейін барлық деңгейде диалог жүргізуге дайынбыз», деді форум барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Дамира ТӨЛЕГЕН
ЕҰУ студенті