Қоғам • Кеше

Қылмыстық кодекске он жылда 1000-нан аса түзету енгізілген

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланды. Депутат Абзал Құспан аталған заң жобасы бойынша баяндамасын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қылмыстық кодекске он жылда 1000-нан аса түзету енгізілген

Фото: parlam.kz

Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған заң жобасы 2023 жылдың сәуір айынан, яғни Мәжілістің 8-шақырылым депутаты болып сайланған кезден бастап қолға алынып, күні бүгінге дейін жалғасқан.

«Ұсынылып отырған заң жобасы 2023 жылдың сәуір айынан, яғни Мәжілістің 8-шақырылым депутаты болып сайланған кезімізден бастап қолға алынып, күні бүгінге дейін жалғасты. Қазіргі уақытта қолданыстағы Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстері 2014 жылы қабылданып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енді. Осы он жыл ішінде ҚК мен ҚПК-ға 100-ден астам заң жобасы аясында 1000-нан аса түзетулер мен толықтырулар енгізілді», деді депутат.

Депутат атап өткендей, қылмыстық заңнаманың мұндай тұрақсыздығы қоғам тарапынан, құқық қорғаушылар мен заңгерлер, сондай-ақ ғылыми орта өкілдерінің орынды сынына ұшыраған.

«Ұсынылып отырған жаңа заң жобасы — соңғы жылдардағы ең ауқымды және мазмұндық жағынан күрделі өзгерістерді қамтитын бастама. Аталған құжат арқылы қылмыстық заңнама жүйеленіп, бірізділікке түседі және заңнамалық тұрақтылық қамтамасыз етіледі деп есептеймін», деді Абзал Құспан.

Депутат Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру және 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында әзірленгенін атап өтті. Айта кетейік, бұл жолы қылмыстық заңнаманы жетілдіру құзыреті алғаш рет Ішкі істер және прокуратура саласы емес, әділет органдарына берілген.

Заң жобасының негізгі бағыттары:

  • Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту;
  • Қылмыстық процесте адвокаттардың рөлін арттыру;
  • Қылмыстық іс жүргізуді оңтайландыру;
  • Сталкинг (қорқыту және заңсыз қудалау) үшін жауапкершілік енгізу;
  • Заңсыз түрде банк картасын немесе шотты беру үшін қылмыстық жаза;
  • Мәжбүрлі неке үшін қылмыстық жауапкершілік.

«Мәжілісте өткен бір жыл ішінде 60-тан астам жұмыс тобының отырысы өткізіліп, 699 депутаттық түзету қаралды. Жоба Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын да қамтиды. Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, заң ғылымдарының ардагерлері, халықаралық сарапшылар белсенді атсалысты», деді депутат.

Абзал Құспан жүргізілген жұмыстың ауқымын, ғылыми сараптаманың тереңдігін және нормалардың нақты пысықталғанын ескере отырып, заң жобасын қабылдап, оны Парламент Сенатына жолдауды ұсынды.