Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Президент ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамытудың маңызына, мектебі бар ауылдарда тіршілік бар екеніне аса мән бере отырып, еліміздің барлық өңіріндегі оқушыларға тең мүмкіндік қарастыруды тапсырған болатын.
Көрсетілген мерзімде ұлттық жоба аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салу көзделіп отыр. Жобаның жалпы бюджеті 2,6 трлн теңгені құрайды. Бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептер құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға бағытталған. Бүгінде орта білім беру ұйымдарының 5 мыңнан астамы өңірлерде орналасқан болса, олардың 4 мыңнан астамы жаңғыртылып, 105 білім беру нысанының құрылысы аяқталды. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласы жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін 112 мектеп құрылысын аяқтау жоспарда тұр.
Биыл сәуір айында Үкімет қаулысымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасына өзгерістер енгізіліп, ұлттық жобаның іс-қимыл жоспары нақтыланды. Оны пайдалануға беру үлесі қалаларда – 60,9, ауылдарда 39,1 пайызды құрап отыр. «Бұл жоба – елімізде орта білім сапасын арттыруға және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл – жай ғана мектеп ғимараттары емес, ұлт болашағы тәрбиеленетін киелі білім ордалары. Сондықтан ұлттық жоба аясында қалыптасатын білім ұйымдарын «Келешек мектептері» деп атауды ұсынып отырмыз», деген еді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Кейінгі жылдары ішкі көші-қон жағдайы түйткілді мәселенің біріне айналды. Ел экономикасының драйверіне айналған Алматы қаласы экономикалық тартымдылығымен қатар, білім, ғылым, мәдени және әлеуметтік нысандар мен бизнес ортасының дамуымен халық көп шоғырланған өңірлердің үштігіне кіреді. Осыған орай Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Бүгінде өзегі – Алматы қаласы болып отырған мегаполис агломерациясына аудандық маңызы бар қалалар, 31 ауылдық округ және шамамен 3 млн адам тұратын 98-ге жуық елді мекен кіреді. Агломерация аумағы Алматы қаласы мен Алматы облысы сияқты 2 әкімшілік-аумақтық бірлікті қамтиды. Агломерацияда мектептер тапшылығын шешу мақсатында қала маңы аумағында 2028 жылға дейін 36 мектеп салынбақ. Бұл осы аумақтағы үш ауысымды мектептерді толығымен жоюға мүмкіндік береді. Биыл сонымен қатар 3-6 жастағы балаларды 18 мыңнан астам орынмен қамту көзделіп отыр.
Жобалық офистің мәліметінше, Алматыда «Келешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыру аясында биыл заманауи технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған 37 мыңнан астам орынға арналған 22 мектеп құрылысы аяқталады. Жаңа форматтағы мектептер Алатау, Наурызбай аудандарының әрқайсысында – 5, Бостандық ауданында – 4, Түрксіб ауданында – 3, Әуезов ауданында – 2, қалған аудандарда бір-бірден бой көтермек. Қала басшылығы алдағы 5 жылда екі ауысымды мектептер мәселесін де шешуді қарастырып отыр. Қазір қалада 300-ден астам мектеп бар. Биыл оқу жылын 349 465 оқушы аяқтады. Ал жыл сайын 1-сыныпқа баратын балалар саны 12-15 мыңды құрайды. Былтырғы оқу жылында 30 мыңнан астам орын тапшылығы байқалған болса, биыл бұл көрсеткішті 3-4 мыңға дейін азайту көзделіп отыр.
Алатау – қаладағы халық тығыз орналасқан ауданның бірі. Бүгінде бұл аумақта әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Ауданда оқушы орындарының тапшылығын шешу мақсатында жергілікті бюджет есебінен «Саялы-2» шағын ауданында 550 орындық жаңа мектеп салынды. Сондай-ақ «Зерделі» шағын ауданында 550 орындық мектептің құрылысы аяқталып қалды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Алатау ауданында жалпы сыйымдылығы 12,7 мың оқушыны қамтитын 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылында Теректі, Самғау, Қарасу және Ақбұлақ шағын аудандарында бес мектеп ашу жоспарланған. «Алғабас» және «Ғажайып» шағын аудандарындағы екі мектептің құрылысы жылдың соңына дейін аяқталмақ. Сонымен қатар қосымша 1 755 оқушы орнын ашуға мүмкіндік беретін, яғни қолданыстағы мектептердің сыйымдылығын арттыру мақсатында №195, 174, 35, 112, 99 және 73 мектептерге қосымша ғимараттар салынып жатыр. Қайта жаңғырту және сейсмокүшейту жұмыстары 11 білім мекемесінде жүріп жатыр. Олардың қатарында №33 лицей, №161 лицей, №191, №58, №189, №50, №160 мектептер, №59 мектептің филиалы, сондай-ақ, №73, №30 және №60 гимназия бар.
«Келешек мектептерінің» көлемі типтік жобаларға қарағанда әлдеқайда кең. Қауіпсіздік жүйелері, техникалық жарақтануы, заманауи жиһаз, құрал-жабдықтар, интерактивті кабинеттер, STEM-зертханалар және цифрлық платформалар оқушылардың заманға сай білім алуына мүмкіндік береді. Жоба аясында жергілікті өндірісті қолдауға ерекше басымдық беріліп отыр.
Бұл мектептердегі ең басты жайлылық – эргономикалық кеңістіктің құрылуы. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жеке санитарлық бөлмелер мен кең кабинеттер қарастырылған. Жеделсаты, пандустар, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері, оқушылар мен педагогтер үшін демалыс аймақтары, жұмсақ жиһаздар, кітаптар, музыкалық аспаптармен үстел ойындары заманауи мектептер инфрақұрылымын дамытып, қолайлы орта қалыптастырады.
Оқу үдерісінде жаңа технологиялар мен әдістемелерді меңгерген білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету де заманауи мектептер алдында тұрған маңызды мәселе. Осыған байланысты «Келешек мектептері» ұлттық жобасы еліміздегі барлық мектептің негізіне айналуға тиіс дегенді жиі тілге тиек етіп жүрген сарапшылар балаларды білім мен ілімге қызықтырып, қолайлы жағдай жасап отырған бірқатар елдер тәжірибесін ұтымды пайдалану қажеттігін алға тартады. Олар білім беру стандартының озықтығымен, білім беру кеңістігінің тартымдылығымен ерекшеленеді. Бүгінде заманауи технологиялық үдерістерді үйренуге асық альфа ұрпақ үшін дәстүрлі білім беру стандарты мен «Wikipedia» кеңістігімен қатар «ChatGPT» сенімді платформаға айналды. Олар технологияларды күнделікті өмірге бейімдей отырып, жасанды интеллект әліппесін мектепке дейінгі кезеңде-ақ игеріп алып жатыр. Балалардың әлеуметтік ортасын, психологиялық-эмоционалды дағдыларын қалыптастыруда отбасындағы ахуал басты рөлге ие дейтін болсақ, балабақшалар мен мектептердің заманауи инфрақұрылымы мен педагог мамандардың біліктілігі альфа ұрпақ сұранысына қаншалықты жауап бере алады деген заңды сауал туындайды. «Келешек мектептері» жобасы еліміздегі мектептер тапшылығын жоюмен қатар заманауи білім беру кеңістігін қалыптастыруға бағытталып отыр. «Келешек мектептері» құзыреттілік орталығына айналады деген батыл жоспар бар. Оның негізінде басшылықтан бастап педагогтер қатаң тәртіппен жұмысқа қабылданады. Білім сапасын бақылау жұмыстары іске аспақшы. Ішкі, сыртқы бағалау жүйесіне басты мән беріледі. Ұлттық бағалау жүйесі аясында білім сапасы зерттеліп, зерделеніп отырады. Оқушының білімі мұғалім қойған бағамен ғана емес, сыртқы бағалау арқылы анықталатын болады. Осы орайда дәстүрлі білім мен жаңа технологиялық білімді ұштастыра отырып, өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруда ұлттық жоба өз миссиясын орындай ала ма, оны уақыттың төрелігіне қалдырайық.
АЛМАТЫ