• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Маусым, 2025

Қоғамдық жұмысқа тартылғандар үшін арнайы киім енгізілуі мүмкін

70 рет
көрсетілді

Қазақстанда қоғамдық жұмысқа тартылған құқық бұзушылар «Қоғамға қарыздар» деген жазуы бар арнайы көкірекше киюі мүмкін. Ішкі істер министрлігі ұсынған бұл бастама қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша қоғамдық жұмыстарға тартылғандарға арналған жаңа форма қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында енгізіледі. Жобалық құжаттарда бұл киімнің «тәртіп бұзған азаматтарды қоғам алдында жауапты екенін көрсететін белгі» ретінде қолданылатыны жазылған.

Жоба қоғамдық тыңдауға шығарылып, 2025 жылдың 14 маусымына дейін қоғам пікірін жинайды. Бұл бастама қоғамда екіұдай пікір тудырды: бір тарап оны тиімді ескерту шарасы деп есептесе, енді бірі мұны адамның ар-намысына тиюі мүмкін жазалау тәсілі ретінде бағалап отыр.

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда қабылданған жаңа заңға сәйкес, әкімшілік айыппұлдың орнына қоғамдық жұмыстар тағайындалуы мүмкін. Бұл жаза тек құқық бұзушының келісімімен ғана қолданылады және жұмыстан немесе оқудан тыс уақытта, күніне 1–4 сағаттан аспауы тиіс.

Қоғамдық жұмыстар келесі құқық бұзушылықтар үшін тағайындалуы мүмкін:

көшелерді ластау (қоқыс тастау, түкіру); ұсақ бұзақылық (балағат сөздер айту); қоғамдық орында мас күйінде жүру; отбасылық кикілжіңдер кезінде қорлау немесе заттарды бүлдіру; жалған шақыртулар (жедел жәрдем, өрт сөндіру); жол ережесін бұзу (жедел қызметтерді өткізбей қою, жаяу жүргінші ретінде ережені бұзу).

ІІМ мәліметінше, арнайы көкірекше тәртіп бұзған азаматтарға қоғам алдында өз әрекеттері үшін жауапкершілік бар екенін еске салады. Алайда кей сарапшылар бұл бастаманың қоғамды ұялту арқылы «тәрбиелеу» сипаты барын айтып, оның адамның қадір-қасиетіне қайшы келуі мүмкін екенін алға тартты.

Қазіргі уақытта бұл ұсыныс заңды түрде қабылданған жоқ, тек қоғам талқылауына ұсынылып отыр. Соңғы шешім 14 маусымнан кейін қабылданады. Қоғамдық пікір мен азаматтық белсенділердің реакциясы бұл өзгерістің болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі болмақ.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар