• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Қойнауы қойға жайлы

70 рет
көрсетілді

Ерейменнің етегі төрт түлік мал өсіруге мейлінше қолайлы. Таулы-тасты адырлардың көктемгі қызыл су үйіріліп, жаз ортасына дейін кілкіп жататын қолат-қойнауы сәл селдірлеу біткенімен, малға жұғымды шөп бар. Әуел баста ақтылы мал өсіріп, шаруасын жолға қоймақ болған «Жаңа береке» шаруа қожалығы 2017 жылы бағымындағы малды түгел сатпақ болды. Сол жылы қатты құрғақшылық болып, әншейінде шөп мол шығатын ойпаң жерлердің өзі көктемей қалды. Мал азығы тапшылығынан қысылған қожалық қолындағы малымен бірге бар дүниесін сатуға мәжбүр болды. Қара малмен бірге 300-ге жуық жылқы жаңа серіктестіктің иелігіне көшті. Серіктестік бастапқы атауын сақтап қалды.

Серіктестік мамандары бірден мал тұқымын асылдандыруға мән берген. Жергілікті жердің тұқымы азған малынан алар табыс жарытымсыз болуы әбден мүмкін. Асыл тұқымның аса бе­ре­тіндігі ақиқат. Осылайша, қабырғаларымен кеңе­сіп барып таңдау қазақтың ақбасы мен қалмақ сиырына түскен. Ақбас – төл малымыз, ал қалмақ сиы­ры­ның сыры тосындау. Мал баққан қауым­ның қаперінде жүр­сін деп сипаттамасын айта кеткен де дұрыс болар. Бұл – ірі қараның етті тұқымы. Таби­ғи сұрыптау ар­қы­лы кезінде Моңғолия жерінде өсірілген. Қысы-жазы жайылым­да бағылған. Тұзы бетіне шығып жататын қуаң даланың ауа райы­на әбден бейімделген, күй таң­дамайды. Сом денелі, аяқтары мықты, бұлшық еттері өте жақсы дамыған. Терісі қалың болғандықтан, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта малдың мазасын алатын маса-сонаны, шыбын-шіркейді елей бермейді. Шоқтығы биік. Бұқасының тірі­дей салмағы 800 килодан асып жығылады. Жақсылап күтсе тана торпағы 18 айда 500 килоға жетеді. Сиырының сүті де майлы.

Асыл тұқымды малдың дәру­мен­дері де үзілген емес. Жұмы­сын бір жолға қойғаннан кейін се­ріктестік халықаралық серти­фи­катқа ие болды. Мал өз төлі есебінен өсіріледі. Жілігіне май бітіп, салмағы толысқан соң қасап­ханаға тоғытылып, дәмі тіл үйі­р­етін семіз ет өңдеу кешеніне өт­кізіледі. «Жаңа Берекенің» бор­дақылау алаңында 10 мың басқа жуық қой семіртіледі. Мал азығын серіктестіктің өздері дайындайды. Қысы-жазы сақтайтын қоймалары дайын. Баяғыдай айыр ұстап жүр­ген ешкім жоқ. Мал азығын дайын­дайтын цехта сан қилы дәрумені қосылып әзір болған азықты техникамен таратады. Малсақ қауымның айтуына қарағанда, ісіне береке біту үшін мал азығын өздері дайындауы мейлінше маңызды. Сондықтан серіктестік жүгеріден бастап бір­неше дақыл түрін өсіріп, қысқа қамдануды қапысыз жолға қойған.

2023 жылы республикалық «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Ет өнімдерін сақтайтын мұз­датқыштарына 26 тонна өнім сыяды. Кешен заманауи құрылғылармен толық жабдық­талған. Оның ішін­де аустриялық «Laska» құрыл­ғысы да бар. Серік­тестік қой шаруа­шылығын өркен­детуге бет бұрып отыр. Оған барлық жағдай бар. Бабын тапқан соң бағымы жақсы малдың басы да көбеймей ме? «Столичная трапеза» брендімен сатылатын шұжықтың бірнеше түрі және өңделген ет еліміздегі 70 сауда орнында сатылады екен.

Компанияда жүзге жуық адам жұмыс істейді. Орташа табыс­тары 200 мың теңге төңірегінде. Шұжық цехы жылына 270 тонна өнім шығарады. Ет өңдейтін цехтың өнімі 900 тонна төңірегінде. Бұл жерде көлем ғана емес, сапаның жо­ғары екенін де айта кетуіміз керек.

«Болашақтағы мақсатымыз – шетелдердің сауда орындарына өз өнімімізді жеткізу. БАӘ, Сауд Ара­биясындағы халықаралық көрмеге қатысуға ниеттеніп отырмыз», дейді «Алтын қазық» компаниясы директорлар тобының орынбасары Қонысбек Нұрғазин.

 

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы

Соңғы жаңалықтар