• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Маусым, 2025

Рәмізтанушыға арналды

100 рет
көрсетілді

Ұлттық музейде Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің ұйытқы болуымен мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлын еске алуға арналған «Мемлекеттік рәміздер – елтаным негізі» атты конференция өтті.

Сенат депутаты Нұртөре Жү­сіп­тің модераторлығымен өт­кен кездесуге сенатор Бибігүл Жек­сенбай, Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айбек Сыдықов, Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты ко­митетінің төрағасы Ербол Тіле­шов, экс-сенатор Ләззат Сүлеймен және бірқатар зиялы қауым өкілдері, рәміз­танушының көзін көріп, шапа­ғатын сезінген жандар жиналды.

Жиынды ашқан Н.Жүсіп бү­гін­гі рәміздеріміздің дайындық жұмыстарының отымен кіріп, күлі­мен шыққан Ербол Шаймер­денұлын ұлттық геральдиканы қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

Конференция барысында ақын Қалқаман Сарин Мемлекеттік кеңес­­ші Ерлан Қариннің құттық­тау хатын оқып беріп, оны жұ­байы К.Шаймерденоваға тапсыр­ды. Құт­тықтауда Ербол Шай­мерден­ұлы­ның саналы ғұмы­рын елі­міздің мәдениеті мен бас­па­сөздің, тіл саласының өркен жаюы­на, мемлекеттік рәміздерді ұлықтау­ға арнаған тағылымы зор тұлға, біртуар азамат екені атап өтілген.

«Ол Елтаңба, ту, мемлекеттік рәміз ретінде қабылданып жатқан кезде комиссия мүшесі болып, кейін рәміздерді зерде­леп, зерттеп, саланың дамуына зор үлес қосты», деген Ерлан Ты­ным­байұлы Күләш Қайыржан­қызына алғыс-ризашылығын білдіріпті.

Мәдениет және ақпарат ми­­нис­трі­нің орынбасары Ай­­бек Сыды­қов Ербол Шаймер­ден­ұ­лының мемлекеттік рәміздер­дің мәні мен мазмұнын ұлт болмысы мен тарихының биік өлше­мінде зерделеп, сөз өнерін мемлекет­тік идеологияға тоғыстырған азаматтардың бірі екеніне тоқтал­ды. Сондай-ақ оның қазақ геральдикасын зерделеп, рәмізтануды ғылыми негізге көтеріп, бұл саланың қалыптасуы мен дамуы­на өлшеусіз үлес қосып, еңбек сіңіргенін де атап өтті.

Конференцияда сенатор Б.Жек­сенбай, Тіл саясаты комите­тінің төрағасы Е.Тілешов, қоғам қайраткері Л.Сүлеймен, жазушы Қ.Жиенбай, К.Шаймерденова да сөз сөйлеп, естеліктерін бөлісті.

Жиын барысында «Елта­ным» тақырыбында кітап көрме­сі ұйым­­дас­­тырылып, Е.Шаймер­денұлы­ның өмірі мен еңбек жолын баян­да­­ған шағын деректі фильм көрсе­тілді.

Сондай-ақ әнші Зарина Омарова арнайы келіп, Е.Шаймер­ден­ұлының сөзіне жа­зыл­ған Марат Омаровтың «Арман қала» әнін орындап берді. Зарина бұл ән өзінің бала күнінен жанына жақын, ерекше жақсы көретін әндерінің бірі екенін айтты.