• RUB:
    6.44
  • USD:
    507.8
  • EUR:
    580.82
Басты сайтқа өту
Жемқорлық Кеше

«Delta» тобы әшкереленді

110 рет
көрсетілді

Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2024 жылдың тамыз айында «Delta» массивтік атауы қойылған топты әшкерелеп, қызметін жойды. Бұл топ 2023–2024 жылдары тиісті жұмысты атқармаған, бірақ жалған шот-фактураны қолданып, салық төлеуден жалтару мақсатында 3 млрд теңгеден астам ақшаны қолма-қол түсірген.

Ал 2019–2024 жылдары «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның бұрынғы бас директорлары Ш.Данбай мен М.Досмұратовқа қатысты өкілет­тігін асыра пайдалану және салғырттық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардың заңсыз әрекетіне байла­ныс­ты іс сотта қаралды. Сот үкі­мімен олар сотталды. Ш.Данбай ісі бойынша мемлекет кірісіне 2,9 млрд теңге өндірілді. М.Досмұратовтан 1,9 млрд теңге қайтарылды. Бізге бұл туралы деректі Облыстық эко­номикалық тергеп-тексеру депар­таментінің штаб бастығы Бекболат Әнесов айтып берді.

Оның сөзінше, «Атырау мұнай өңдеу зауытына» қатысты ең маңызды нәтиже ретінде сатып алатын қызметтер мен қызмет құнына әсер еткен тауар­лар тізбегіндегі артық делдалдар жойылға­нын айтуға болады. Мәселен, «ENERTEK», «NNS LTD», «KTR», «IQS» компанияларының «АМӨЗ» ЖШС-мен байланысты аутсорсинг жөніндегі шарттары бұзылған. Оларға зауыт құрамындағы 4 цех жабдығымен, 1 қызметкер штатымен бірге берілген.

«Осындай өнімсіз делдалдар­дың жыл сайынғы табысы 7 млрд теңгеден, ал пайдалану кезеңін­де 30 млрд теңгеден астам қаржы­ны құрады. Мұның бәрі зауыт бюджеті арқылы өтіп келген. Тергеу шеңберінде мемлекетке №6 парк автономды құю стансасымен АМӨЗ бойынша негізсіз жасалған шарттар бұзылды. Мүліктік кешендер қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеу барысында мемлекет пайдасына құны 2,2 млрд теңге болатын сұйытылған мұнай газын сақтау паркінің 50% үлесі қайтарылды», деп мәлім етті департаменттің штаб бастығы.

Департамент өкілінің пікірін­ше, Атырау облысы жалпы мем­ле­кеттік рейтингте көлеңкелі эконо­миканың үлесі төмен өңірлер арасында 3-орында тұр. Қазір мұнайлы өңірдің алдында Астана мен Алматы қаласы бар.

«Көлеңкелі кәсіпке үйір болатындар мен экономиканың дамуын тежейтін салаларға мониторинг жүргізу жалғаса береді. Қа­зір Атырау облысында көлеңкелі экономика деңгейіне теріс әсер ете­тін негізгі екі бағыт бар. Мәсе­лен, ауыл шаруашылығы саласын­дағы өсім 0,01, ал көтерме, бөл­шек саудада бұл көрсеткіш 0,02%-ды құрап отыр», деп нақтылады Б.Әнесов.

Өңірдегі бақыланбайтын эконо­миканың үлес салмағы 2021 жылы 1,57% болып, 2022 жылы 1,48%-ға төмендеген. Ең елеулі төмендеу көрсеткіші 2023 жылы 1,19%-ға жетті. Оң динамика өнеркәсіпте, оның ішінде карьер қазу, құрылыс, көлік және қоймалау саласында байқалып отыр.

 

Атырау облысы