• RUB:
    6.41
  • USD:
    511.77
  • EUR:
    593.19
Басты сайтқа өту
Экономика Кеше

Жаңа жоба жемісін берді

80 рет
көрсетілді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ауылда шешімін күткен мәселе көп екені айтты. Ондағы күрмеулі сұрақтың бірі – азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібінде тұр. Президент ырықтан кеткен азық-түлік қауіпсіздігін қалпына келтіруді Үкіметке жүктеп, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруды тапсырды. Бағдарлама аясында «Тауарлық несие» атты жаңа жоба өмірге келді. Жоба ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін берді. Бүгінде жемісін беріп жатқан жобаны алғаш бастаған өңір – Ақтөбе еді. Сол тұстағы облыс басшысы, қазір жобаның басы-қасында жүрген Премьер-министр кеңесшісі Ералы Тоғжановты сұхбатқа тарттық, деп жазады Egemen.kz.

– Ералы Лұқпанұлы, ауылда жұмыс орынын құрып, халықты тұрақтандыру ісі қалай жүріп жатыр?    

– Мәселені түпкілікті шешуге арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бар. Ол Президент бақылауында. Бағдарлама мен ондағы ұтымды жобаларды мүлтіксіз іске асыруды Үкімет басшысы Олжас Абайұлы жіті қадағалап отыр. Тапсырма орындалса ауыл мен қаланың көп мәселесі өз шешімін табады.

Әуелі ауыл адамының әл-ауқатын көтеру ләзім. Жұмыс орынын ашып, ауыл мүмкіндігіне қарай өнім шығару керек. Ауыл шаруашылығы өнімінің көп бөлігін сырттан әкелеміз. Шетелден импорттап жүрміз. Өзге экономикаға жұмыс істеп, бөтен елде жұмыс орыны құрылуына, экономикасын көтеруге көмектесіп отырмыз. Азық-түлік өндіруді дұрыс жолға қоймасақ, ауылымызда айналуға тиісті ақша өзге елге кете береді. Бұдан кім ұтты? Ең әрісі, басты қауісіздік – азық-түлік қауіпсіздігін қалай қорғап отырмыз?

Бір ғана Ақтөбе облысында жыл сайын 150 млрд теңге сырттан азық-түлік сатып алуға жұмсалады. Тізімге қарасақ, күнделікті тағамның 65 түрін  65 тағамның ішінде 100 пайыз қамтылғаны 15-ке жетпейді. Кейінгі 50 түрлі тағамның көбінің қамтылуы 20% болмайды. Демек ел тұтынатын тағамның 80%-дан астамы тыс елден келеді. Есепке зер салсақ, жыл сайын импорт тағамға 3 трлн теңге жұтылады.

Біздің ел қияр мен қызанақ, тағы басқа бақша өнімін өсіруді білмейді ме? Жоқ әлде, ата кәсіп – төрт түлік малды өргізе алмайды ма? Ежелден еңбекқор елміз. Жөнін тапсаң жұмыс істейтін азамат әр ауылда бар. Мысалы, Ақтөбе өңірінде Жұмағалиевтер отбасына 500 тауық алып бердік. Тауық бір айда 360-қа жуық жұмыртқа табады. Бір жұмыртқа 50-60 теңге тұрады. Сонда 500 тауығы бар адам күніне 20-25 мың теңге ақша істейді. Ол бір айда 600-650 мың теңге болады. Мұндай жалақыны қалада да бере қоймайды. Үйде отырып осы табысқа қол жеткізу...

Облыстың Байғанин ауылында Құтым Қасеноа атты жасы 80-ге таяған ақсақал бар. Жылыжайдан жыл сайын 15 млн теңге пайда табады. Жұмыскерлерімен бірге 7 тонна қияр, 2 тонна қызанақ, сондай-ақ 100 шақты қаз өсіреді. Қаз бағуының мәнісі бар. «Қиярдың пайдасын көріп, пәлегін неге тастаймын деген ой келді. Сұрастырсам қияр жапырағы қазға жақсы азық екен. Енді қаз бағып, оның да игілігін көріп жатырмыз», дейді ақсақал. 

Ең бастысы ауылда өндірілген өнімді өзіміз сатып алсақ, ақша сыртқа шықпайды. Ақша ауданда айналып жаңа жұмыс орны пайда болады. Сөйтіп халықтың тұрмысы түзеледі. Мысалы, Тәңірберген ауылында Медет Бекжанов деген азамат бір жылда 30 шақты өнім түрін шығарып 368 млн теңге табыс тапты. Табысты ауылдың қажетіне істетіп жатыр.  

Қазір бірқатар ауылға осы жүйе енгізілген. Ауылда жұмыс орнын құрып, ақшаны өз ауданында айналдырады. Жергілікті билік жүйе жасап, бағдарлама түзіп, оны жүзеге асыруға атсалысып, әр істі күнделікті қадағалуы тиіс. Оны жасай алмаған әкім, ол орынға лайықты емес. Білгенге, игі жобаларды іске асырудың арқасында Ақтөбе облысында жұмыссыздық бір жылда 24%-ға қысқарды. Жәрдемақыға қол созғандардың саны 18%-ға азайды.

 

– Тауарлық несие жобасы ел арасында тез таралып, өз-өзінен салаланып бірқатар бағытта дами бастады. Жоба мақсаты туралы ақ айдын айтып берсеңіз.

– «Ауыл аманаты» қағидасымен ауыл адамдарына 2,5%-бен  несие беріп жүрміз. Оны алуға адам қолында бірнеше құжат болуы тиіс. Алдымен кепілге қоятын мүлік керек. Одан кейін несиелік тарихына қарайды. Шынын айтқанда, кейбір азаматта осы жағдай да жоқ. Мүлкі бар, бірақ несиелік тарихы дұрыс емес, әйтпесе керісінше. Ауылдықтардың 70-80%-ы түрлі несиеге кіріп, содан шыға алмаған соң «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатыса алмай отыр.

Сондықтан «Тауарлық несие» жобасын ойлап таптық. Азаматқа ешбір кепілсіз, пайызсыз мүмкіндік жасауды қарастырдық. Әуелі адамдар дұрыс түсінбеді. Экономиканың ешбір заңына сәйкес келмейтін не тірлік деп қарады. Ешбір кепілсіз, пайызсыз қандай несие деп түсінбеді. Бірақ ауыл халқының 70-80%-ы «Ауыл аманатынан» сыртта қалғандай болғанда креативті идеялық жобаға мұқтаж едік.  

Ауыл-аудандағы кәсіпкер-фермердің басын қостық. Мемлекеттен көмек алып, осы жағдайға жеткенін, әлі де субсидия мен жеңілдетілген несиелері барын айттық. Енді ауылдасқа көмектесетін кез келді. Талабы бар, қолынан іс келетін азаматқа кепілсіз, пайызсыз мал таратып беруге қалай қарайтынын сұрадық. Әрине, белгілі бір мерзімде мал басын қайтарады. Кәсіпкерлер қайтарымы қалай болатынын тәптіштеді. Оған мемлекет кепіл болатынын ұқтырдық.

Бұл жағдайда мал беріп отырған фермерде ешқандай тәуекел болмауға тиіс. Екі жақ келісім жасағанда жергілікті ауыл әкімі 3-ші жақ ретінде қол қояды. Ықтимал жағдайда облыс әкімдігіне негіздеме болуы үшін. Мәселен қарғын су тасқыны көп шаруаны шығынға ұрындырды. Әмісе ауыл адамдары да бір қолдың саласындай емес. Кімнің мүмкіндігі қандай, пиғылы қай тұста екенін білу қиын. Мемлекеттік кепілдік, әкімдік жауапкершілік осы келеңсіздіктердің алдын алуға керек.

Ауыл әкімі кімнің кім екенін жақсы біледі. Шартқа өзі қол қойған соң істің дұрыс жүруін күнделікті қадағалайды. Ауыл адамы облыс не аудан әкімі алдында жалтаруы мүмкін, ал жергілікті ауыл әкімін ешқашан сазға отырғыза алмайды. Ауылда бір-біріне туыстық, жекжаттық, көршілік байланысы тағы бар. Сондықтан, басты жауапкершілікті ауыл әкімі алғаны дұрыс. Әрине оны ауыл әкімі жеке дара шешпейді. Ауылдық кеңеспен бірге барлық жағдайды зерттеп, зерделеп барып бір шешімге келеді. Осының бәрі ескерілгенде мал алған адам тұтас ауыл кеңесін алдауға дәті бармайды. Өйткені олар ауылда, аумақта не болып жатқанын түгел көріп, біліп жүр.

Ауыл адамдарының дені ақ адал азаматтар. Сондықтан бұл істе әлі күнге дейін бірде бір келеңсіздік орын алған жоқ. Несие қағидасына қайта оралсақ, мысалы 10 сиыр берді ме, бір жыл демалыс. Тек келесі жылдан 3-4 бастан қайтара бастайды. Себебі оған 10 буаз мал берілсе, қара күзде қорасында 20 мал болады. Келісілген уақыттан бастап 4 малдан қайтарғанда мал иесіне 3 жылда 10 мал орнына 12 мал қайтады. Ол 4 жыл бойы жем-шөп дайындамады, малшы ұстамады, 10 малға бір тиын шығын шығармай, өсімімен қайтарып алды.   Егер келісім 5 жылға жасалса 16 бас мал қайтады. Білгенге бұл үлкен пайданың көзі.  

Жақсы жоба жерде жатқан ба! Ол әрі қарай дамиды. Жобаға кірген жұрт жаңа ұсыныс тастады. Мал ақысын басқа жолмен қайтарсақ болады ма деп сұрады. Екі тарапқа да тиімді болса, әрине! Сөйтсек, 10 сиырдың құнын 1,5-2 жылда сүтпен-ақ төлеп құтылуға болатын көрінеді.

Жылтыр ауылындағы Кәмшат Төлеуова есімді кәсіпкер 120 бас ірі қараны 12 көпбалалы отбасына таратып берді. Алған тарап мал ақысын 2 жылда сүтімен қайтарса, мал түгел өзінде қалады. Басында 10 мал алған адамның қорасында 5 жылдан кейін 30-ға жуық мал болады. Бюджеттен бір тиын ақша алмай, осы жоба арқылы бір ауылдың азаматтары бір біріне көмектесіп, аяққа тұрады. Мұндағы негізгі мақсат «Ауыл аманаты» бағдарламасына несиелік тарихы нашарлығынан қатыса алмаған адам өз күшімен несиеден құтылады.

 

– Кәсіпкер-фермерлер жоба жұмысын қалай бағалап отыр?

– Кәсіпкер-фермерлер кеңесе келе тауарлық несие арқылы үлкен жобаға жол ашты. Сөйтіп кәдімгі бизнес жобаға айналып барады. Мысалы Әйтке би ауданында 500 қойы бар азамат қойын түгел 3 шопанына беруге дайын. Шопандар оның қолында бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Сенімді азаматтар. Шартпен 5 жылға 500 қойды береді. Жыл сайын 150 қозы қойшылар меншігіне өтіп тұрады. Сонда 5 жылда 3 жігіттің 750 қойы болып, қысқа мерзімде бір отары бар фермерге айналады. Ал Кәмшат 4 мың қойды 50-де 50 шартымен таратып берді. Оған солай тиімді көрінеді. Төрт мың қойды бір жыл бағуға табыстың 30%-дан астамы қойшы еңбекақысы мен жем-шөпке кетеді екен. Сондықтан бейғам жүріп таза пайданың 50%-ын алып отырғанды жөн санайды. Бірінші жылы 2000, кейінгі жылы 3000 қой пайда көреді. Әрі қарай баспақтап еселене береді. 

Қазір қойшы табу да үлкен мәселе. Қой бағуға ешкімнің барғысы келмейді. Сондықтан осы жолмен үлкен халықтық жоба іске асырылып жатыр. Бұл тек Ақтөбе облысында ғана емес, тағы бірқатар өңірде жүзеге аса бастады. Бүгінде Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Түркістан облыстары жоба бойынша іске кіріскен.

Мемлекеттен бір теңге ақша жұмсамай, ауылдың мықты азаматтарының мүмкіндігі мен тәжірибесін, ақыл-кеңесін, әсіресе ауылдасын малды етуге жасаған жомарттығын дұрыс пайдаланудың арқасында жүздеген қарапайым адам бір қора мал айдаған фермер-кәсіпкерге айналып жатыр. Жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға осындай игі бастамамен талай мәселесін шешіп беруге болады.

Павлодардың Ақсу ауданында Айгүл есімді жалғыз басты ана бар. Ол осы жоба арқылы 11 сиыр алған. Сөйтіп 6 айда 8 млн ақша тапты. Үш баласы бар. Әрі мүмкіндігі шектеулі сол жалғыз ана, малға қарауға 2 адамды жұмысқа алып, сиырын сауып, қаймағы мен майын және құртын Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Баянауыл қалаларына сатып, осындай табыс тауып отыр

Маңғыстауда «7 лақ» деген жеке кәсіпкерлік бар. Оны орыс қызы жасап отыр. Шағын ғана шаруашылық. Сөйлестім, Ресейден көшіп келген. Біздің жігітке тұрмысқа шыққан. Кәрі түбектегі көп адамның ойлағаны да, айтатыны да мұнай және оның компаниялары ғой. Ал бұл әйел шөп тым сирек өсетін, тікен-жантағы ғана бар тақыр жерде ешкі бағып отыр.

«Кенже балам ауырды. Үлкен апа бұл баланы ешкінің сүтімен асырау керек деді. Дәрігер емі қонбаған баламды 2-3 айда ешкі сүтімен емдеп, денсаулығын қалпына келтірдім. Мен үшін ешкі сүті қасиетті дәруменге айналды. Бала саулығы толық тіктелгенде, төтен бір ой келді. Неге өзім сияқты аналарға көмектеспеймін? Осы істі жасап көрейін дедім. Түп нәтижесі осы кәсіпкер-фермерлікке әкелді», дейді.

Қазір орыс келіншекте 40 ешкі бар. Оны Тауарлық несие жобасы арқылы сатып алған. Бір күнде 40 ешкі 150 литр сүт береді. Ол жақта ешкінің 1 литр сүті 1300 теңге. Сонда ол бір айда шикі сүт сатқанның өзінде 6 млн теңге табады. Бірақ ол сүтті қайта өңдеп, 9 түрлі тағам шығарып жатыр. Иогурт, ірімшік тағы басқалары бар. Ол жағы комерциялық құпия.

Маңғыстау мұнайшысы бір айда 1 млн табатын шығар. Ал орыс келін миллиондаған табысынан тысқары, ең бастысы қаншама мұқтаж ана мен баланы дәруі мол ешкі сүтімен қамтып отыр. Мұнайда белауырдан май-май болып жүрген кейбіреу ешкі тірлігін көзіне елестете де алмайды. Бірақ шындығы, орыс келін бала-шаға қасында отырып-ақ көп мұнайшыдан 5-6 есе мол табыс тауып отыр. Енді мұны біз айтпай-ақ, ауылдағы ауқатты азаматтар өздері үйлестіріп алып кетіп жатыр.

 

– Айтулы жоба үлкен бизнеске жол ашқан болса, қосымша талап, тілектер пайда болған шығар?

– Бұған дейін келісімге кепіл ретінде ауыл әкімдерін тартып отырдық қой. Енді «Тауарлық несие» жобасына Сақтандыру компаниялары өздері тартыла бастады. Олар берілген 10 малдың сақтандыруын біз мойнымызға аламыз деп отыр. Десем де, келісім басында әкім тұруы керек, деп ойлаймын. Бәрін ұйымдастырушы бәрібір әкім болуы тиіс. 

Қызылорда да вице-премьер Тамара Қасымқызы мен Мәжіліс төрағасы Ерлан Жақанұлы қатысқан үлкен жиын болды. «Ауыл аманатына» қорытынды жасадық. Тауарлық несие жобасы бойынша іргелі жұмыс істелді. Бүкіл облыс әкімінің орынбасары қатысты. Қолдарына Сақтандыру компанияларының байланыс телефонын ұстаттық. Енді тек ұйымдастыру ісі ғана қалды.

Әрбір жауапты орынбасар Тауарлық несиені ешкімге жалтақтамай жүзге асыруы тиіс. Халық үшін қолындағы билікті ұтымды пайдаланып, ауыл адамына жаңа мүмкіндікке жол ашып беруі керек. Істің мүлтіксіз орындалуы үшін әрбір облыс әкімі Тауарлық несиенің табиғаты мен түп мақсатын терең түсінуі ләзім. Сондай-ақ әрбір ауыл-аудан әкімі осы іспен тікелей айналысуы шарт.

 

– Ауыл-аудан әкімдерінің қызметі немесе міндеті туралы тағы не айтасыз?

– Ауыл әкімі жоба бойынша бағдарлама жасауы тиіс. Үкіметте, облыста әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы құрылған, бірақ аудан-ауыл деңгейінде даму бағдарламасы жоқ. Енді қабылдап жатыр. Бағдарлама тізіміндегі 65 тағамның бәрін ауданда шығаруы керек. Жыл өткен сайын өзімізді біртіндеп қамтамасыз етеміз. Жыл сайын неше тағам түрін шығара аламыз? Импортты қалай шектейміз? Әкім бағдарлама бойынша міндеттеме алып, ертең халық алдында жауап беруі керек. Осы ойды жүзеге асыра алған әкім, қолынан іс келетін әкім. Бір ауылға бағдарлама түзе білмесе, демек ол орынға лайықты емес.

Елдегі 15 облысты аралағанда ауыл әкімдеріне екі сұрақ қойдым. Біреуі де жауап бере алған жоқ. «Ауыл мәселесін бізден артық кім біледі деп ойлайсыз. Расында солай. Ауыл мәселесін Сізден артық білу мүмкін емес. Себебі Сіз сол ауылда тұрасыз. Ауыл адамдарымен қоян-қолтық өмір сүресіз. Сондықтан бүкіл мәселені жақсы білесіз.

Бірінші сұрақ, ауылыңызда екі мың адам тұрады. Осы екі мың адам бір жылда қанша тамақ жейді? Жауап жоқ. Сонда қалай, өз отбасың тұтынатын тамақ көлемін білесің де, неге ауылға қанша тамақ керегін білмейсің?

Екінші сұрақ, ауылдағы екі мың адам бір жылда неше тағам түрін тұтынады? Бұғанда жауап жоқ. Ауылға тағамның 65 түрі керек. Тұрғындар қаншасымен қамтамасыз етілген, қамтамасыз етілмегеннің салдарынан қанша ақша бөтен елге кеткенін білесіз бе? Осы есеп-кітапты жасап шыққан күні ауыл мәселесін жақсы білетін әкімге, тіпті ауылдың әкесіне айналасың. Бағдарламаңа ауыл иланып, азаматтығыңа сенім артты ма, демек әкім ғана емес, әкесіндей қамқор, қорғаны бол. Сонда ғана ауыл гүлденеді, даму жолына түседі», дедім. 

Сондықтан ауыл әкімі әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын жасауы керек. Мүмкін оны аудандық мәслихат бекітуі қажет шығар. Осылай халық алдында міндеттеме алуы тиіс. Сол міндеттеме бойынша халыққа есеп береді. Мысалы бір ауылда қияр 20%-ға ғана қамтамасыз етілген. Демек қалған 80%-ды да өзіміз толтыруға тырысқанымыз жөн. 

Жұрын деген ауылда тұратын Жадыра есімді қарындасымыз 20 тонна қияр шығарады. Алматыдағы бүкіл ресторанды қиярмен қамтамасыз етеді. Ойыл ауылындағы бір қарындас 18 тонна қияр өсіреді. Бір ауладан 18 тонна шығарғанда, тұтас ауыл қанша қияр өндіре алады? Неге біз оны сырттан әкелуіміз керек?

Кейбіреу өзімізде өсірген тиімсіз дейді. Сырттан әкелінгеннің құны төмен көрінеді. Кеден мен басқа да кедергілерді айтпағанда, сырттан әкелетін тауардың жолына қанша ақша кетеді? Ол өнімнің 30-40%-ы жол ақысына жұмсалады. Сондықтан ауылдық өнімнің бағасы ешқашан сырттан әкелгеннен қымбат болмайды. Тек өндіру мен стау механизімдерін қанағатпен жасап, ауылдасқа бауырмалдықпен қарасаң болды. Ауыл әкімі осы бойынша жұмыс істеуі керек. Коопаратив құрған жөн. Бір ауыл – бір кооператив. Ауыл адамдары бірігуі тиіс. Бір тракторды бір отбасы алса, 1-2 ай ғана пайдаланған соң 10 ай босқа тұруы ықтимал. Ал егер оны бір ауылға алса, жыл бойы тоқтамай жұмыс істейді.     

 Кейбір кәсіпкер өтірік кооператив құрған. Алматыда 43 кооператив құрған кәсіпкер бар. Әрбірінде 3 адамнан ғана. Ол жеке бір адамның бизнесі. Мемлекет көмегін қомағайлықпен қара басына пайдаланады. Кооперативке 30 млн ақша бөлінеді. Жалған бизнесмен төбедегі тамыр-таныс арқылы сол майшелпекке арам қолын сұғу үшін осы жалмауыз жүйені жасап алған.

Жергілікті билік ауылдың шын қамқоры болса, мұндай жалмауыз жөнсіздікке тосқауыл қойғаны жөн. Әйтпесе жалмауызбен ауыз жаласқан ба деген күмән туады. Себебі кооператив 3-4 немесе 7-8 адамның ғана жағдайын емес, тұтас ауыл тұрмысын жақсартатын ұйым болуы керек. Өйткені оған арнайы ақша бөлінеді ғой.

Батыс Қазақстанда Қоскөл деген ауыл, бір ауыл – бір коператив жобасын іске асырды. Бірнеше бригадасы бар. Вице-премьер Тамара Қасымқызы да болды. Бірінші сүт өндіретін бөлім ісімен таныстық. Үш тонналық мұздатқыш қойған. Ауыл адамдары сауған сүтін сонда әкеліп өткізеді. Қорасында 120 сиыры бар. Мұздатқыш бассейіндегі сүттің 20%-ы ғана қорадағы малға тиесілі. Қалған 80%-ын ауыл адамдары толтырады. Ауылда жалқау адам жоқ. Бәрі тынбай еңбектенуге бейіл. Тек істің көзін табуға кеңес берсең болды. Таңертең және кешке тапсырған сүт ақысын сол күні алады.  

Екінші бөлім шөп шабады. Бір десте шөп кооператив мүшесіне 3 мың теңге. Оған кірмеген адамға екі есе бағаға сатады. Сондықтан бәрі коперативке қосылғысы келеді. Үшінші бөлім көкөніс, төртіншісі етпен айналысады. Тіпті наубайханада нан жауып жатқаны бар. Ауыл өзін сүтпен, етпен, басқа да қажетімен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдың барлық тұрғыны бір коперативте. Бірақ әрбірі жеке заңды тұлға. Кімде табыс қалай, соған орай ауылға пайдасы тиеді. Мемлекет көмекке берген қаржыны ортақ қажетке істетеді.

Бүгінде әрбір ауыл әкімі кооператив құруы керек. Үлкен жиында нақты тапсырма берілді. Отыз жыл қалыптасқан жүйені бір күнде өзгерту мүмкін емес, әрине. Бірақ халыққа түсіндіру жұмысын жүргізіп, осы тиімді жүйеге әкелу керек. Өйткені бірігіп жұмыс істеген бәріне тиімді. Түркістанда «Түркістан агро» деген кооперативте 112 адам бірікті. Нәтижесінде, жарты жылда табысы 2 есеге өскен. Кооператив әр ауладағы бау-бақша мен ауыл маңындағы егіс алқаптарында өндірілген өнімді тиімді сатуды ұйымдастыруы керек. Ауданға, облысқа өнім өткізудің жолын тауып, халықтың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасауы керек.

 

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Әңгімелескен –

Нұрбай Жолшыбайұлы,

«Egemen Qazaqstan»