Шелек политехникалық колледжінде жыл сайын 6 мамандық бойынша 400-ден аса студент білім алады. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына орай колледж студенттері мен ұстаздары мамандықтарын мақтан еткен шеру ұйымдастырды. Бұл игі шараға еңбектің қара нарына айналған аға буын өкілдері қатысып, тағылымға толы тәжірибелерімен бөлісті.
70 жылдық тарихы бар колледжден бастау алған саптық шеруде техника тізгіндеген студенттер мен оқытушылар көш бастап, ауылдық әкімдіктің алаңына дейінгі көшелермен жүріп өтті. Ондағы мақсат – кәсіптік мамандыққа деген қоғамның оң көзқарасын қалыптастырып, мәртебесін өсіру. Сонымен қатар іс-шара барысында арнайы мамандықтар көрмесі ұйымдастырылып, кәсіптік саланың қыр-сырына қанықтырды.
«Еңбекпен тапқан нан тәтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы еңбек адамының беделімен қатар, құлшынысын арттырып отыр. Бүгінде дәнекерлеуші мен сантехник, электрик пен тракторшыларға сұраныс жоғары. Үйімізде су жарылып, жарық сөнсе, осы мамандарды шаммен іздеп кетеміз. Сондықтан жастарға жол сілтеп, мамандық таңдауына бағыт-бағдар беріп отырған колледж ұжымына алғысымыз зор», дейді Шелек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбек Айтақынов.
Стратегиялық бағыт-бағдарында белгіленген «Worldskills» стандарттары бойынша білім беру бағдарламаларын енгізу, әлеуметтік әріптестікті кеңейту, оқу үрдісінің траекториясын қалыптастыру бойынша жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнату, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ оқу-тәрбие үрдісін цифрландыру сынды бірқатар игі бастама жолға қойылып, оның алғашқы жетістіктері де жарқырай көріне бастаған.
«Колледж студенттері өндірістік тәжірибеден өтіп, одан әрі жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету үшін бірқатар еңбек ұжымдарымен, атап айтсақ, «Қазпошта», «Қазақтелеком», «Орман шаруашылығы» сынды ірі мекемелермен қатар, басқа да шаруа қожалықтарымен, жеке кәсіп иелерімен әлеуметтік серіктестікті арттырып келеміз. Биыл әлеуметтік серіктестіктер саны 33-ке жетті. Соның ішінде «Жетісу вольфрам» зауыты бар. Екі жылдан бері студенттердің 30 пайызы, яғни газэлектрдәнекерлеуші, электрмонтері, тракторист-машинист сынды мамандықты меңгеруші студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді. Студенттеріміз «Worldskills-2025» аймақтық чемпионатына қатысып, бес жүлделі орынды жеңіп алды. Бұл – үлкен жетістік», – деген колледж директоры Қуат Құрманғалиұлы салтанатты іс-шара аясында бірқатар мекемелер басшыларымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Айта кетерлігі, 2021 жылы күрделі жөндеуден өткен колледжде инфрақұрылым толықтай жаңарған. 240 орындық жатақхана жарқырай жасалған. Аумағы толықтай абаттандырылып, көз тартарлық кейіпке енген. Бұған қоса, колледждің материалдық-техникалық базасы нығайған, 2 оқу корпусы, 21 оқу кабинеті, 6 зертхана, 4 шеберхана, 2 компьютерлік кабинет, 7 интерактивті тақта, 30 орындық кітапхана жабдықталып, заманауи аудио-бейне құралдар орнатылған. Сол жылы «Жас маман» жобасы шеңберінде «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша 277 млн теңгеге жуық сомаға заманауи жабдықтар жеткізіліп орнатылғанын атау артық етпес. Нәтижесінде, еуропалық заманауи жабдықтар толық қолданысқа енгелі бері студенттердің техника жөндеуге қызығушылығы артып, кез келген автокөлік бөлшектерін құрастыру мен жасаудағы шеберліктері шыңдалған.
Жері құнарлы Еңбекшіқазақ ауданы агроөнеркәсіп қарқынды дамыған. Осыған орай, аталған білім мекемесі алдағы уақытта ауыл шаруашылығына қатысты жаңа мамандықтар ашып, білікті жұмысшылар қатарын көбейтуге ниетті.
Алматы облысы