Облыс орталығында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған жиһаз жасайтын орталық жұмысы дөңгелеп тұр. Елімізде 230 мыңға жуық ерекше бала бар. Шығыс Қазақстан мұндай бала саны кейінгі бес жылда 9 мыңнан 11 мыңға көбейді. Ерекше балаларға сапалы білім беру мақсатында үш жыл бұрын С.Аманжолов атындағы ШҚУ жанынан инклюзивті білім беру орталығы ашылып, ерекше балаларға арналған жиһаздар жасала басталды.
– Өндірістің бұл түрі бізде дамымаған. Көбіне техникалық құралдар және балаларды дамытуға арналған әртүрлі тренажер заттары шетелде шығарылады. Соны неге өзімізде өндірмеске деген ой келді. Қазір біз 15-тен артық өнім шығарып жатырмыз, – дейді жоба жетекшісі Досым Ерболатұлы. Жиһаздарды дефектолог, ІТ мамандары, техниктер бірлесіп жасайды. Отандық өнімнің ең басты артықшылығы, экономикалық жағынан арзан. Мәселен, шетелдік вертикализатор орындығы 2,5 млн теңге тұрса, бұл орталықта оның құны – бар болғаны 450 мың теңгенің айналасында.
– Орталықта кресло вертикализатор, оқу партасы, реттелетін орындық, төсек вертикализаторы жасалды. Маңыздысы, біз тұтынушыға сервистік қызмет көрсетеміз. Мысалы, шетелден әкелінген құрал бала үшін ыңғайсыз болса, оны ешкім реттей алмауы мүмкін. Бізден сатып алса, өзіміз реттеп береміз. Өзгерту керек болса, модернизация қажет болса пайдаланушының қалауымен өзгертеміз, – дейді Досым Ерболатұлы.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған техникалық құрылғылар бойынша 5 патент, интерактивті тренажерлер мен әдістемелік әзірлемелер бойынша 14 авторлық куәлік алынған. Орталықта 6 тұрақты қызметкер жұмыс істейді. Қосымша студенттер мен магистранттар да тартылған. Жас мамандардың бірі – Асхат Мақсұтұлы. Ол жиһаздың ең алғашқы нұсқасын компьютерде сызып, әр бөлшектің дәлдігін қадағалайды. Үш жасқа дейінгі балаға бір схема, үш жастан жоғары балаларға басқа сызба қолданылады екен. Дайын сызба лазерлік аппаратта бөлшектерге кесіліп, өңдеу бөліміне, содан соң құрастыруға жіберіледі.
– Біздің цех мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыс істейді. Қазір өндірісте 25 жұмысшы бар. 3 жасқа дейінгі, 3–6 жастағы сәбилерге арналған жиһаздар құрастырылып жатыр, – дейді «Саңыраулардың қазақ қоғамы» ҚБ филиалы «Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы» директорының орынбасары Төлеуғазы Бекқожин.
Жобадағы сұранысқа ие өнімдердің бірі – вертикализатор орындығы. Бұл – тірек-қимыл аппараты бұзылған, оның ішінде сал ауруына шалдыққан балаларды отырғызуға, жатқызуға және тігінен тұрғызуға арналған құрылғы. Елімізде баламасы жоқ логопедиялық үстелге сенсорлы моноблок, интерактивті панель, логопедиялық айна, әдістемелік материалдар мен карточкалар кіреді. Жинақта дыбыстарды автоматтандыру, фонематикалық қабылдауды, есте сақтау, ойлау және математикалық дағдыларды дамытуға бағытталған 500-ден астам тапсырма бар. Шетелдік аналогтерінің құны 3 млн теңгеден асса, бұл кешеннің толық жинағы – Өскеменде 1,8 млн теңге. Құрылғы облыстың бірнеше мектебінде сынақтан өткен. Жуықта Ұлан ауданындағы білім ордаларының біріне берілді. Қазір бұл орталықта 75 бала дәріс алып жатыр.
Байқағанымыздай, өнімдер бәсекеге қабілетті. Әдепкіде ортопедиялық орындықтар жасалды. Кейін ғалымдар барлық баланың омыртқасы түзу болмайтынын ескеріп, 90 градус бұрышпен отыра алмайтынын түсінген. Осыдан кейін тігінен ұстайтын арнайы кресло вертикализатор жасап шығаруға көшті. Содан соң вертикализатор-кереует жасалды. Осылайша, орталықта өнім түрі көбейді.
Айтқандай, ағаштан жасалған ойын құралдары да осы жерде әзірленеді. Бұл ең алдымен экологиялық таза өнім, екіншіден – табиғи, үшіншіден – балаларға өте қызық. Мысалы, балансир сынды сенсорлық ойындар баланың ақыл-ойын, қозғалыс үйлесімділігін дамытады. Ағаштан жасалған «сандар құрамы» атты оқу құралы сандарды үйретудің ерекше әдісін негізге алған. Көру қабілеті әлсіз балалар бұл заттарды саусақпен сипап, олардың формасы мен бейнесін сезіне алады. Міне, осындай барлық құрал-жабдық ерекше балаларға көмек ретінде арнайы әзірленіп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы