• RUB:
    6.44
  • USD:
    511.92
  • EUR:
    588.91
Басты сайтқа өту
Пікір 12 Маусым, 2025

Дәрілік заттар қауіпсіз әрі қолжетімді болуға тиіс

10 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшер­баев­тың төрағалығымен дәрілік қамтамасыз ету жүйесін реформалау мә­селелері бойынша жұмыс кеңесі өтті. Күн тәрті­біндегі басты мәселе – Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытындысы.

Кеңеске Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Жоғары аудиторлық палата, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері қатысты.

Аудит қорытындысы бойын­ша дәрілік заттармен қамта­масыз ету тізбегінің барлық кезеңінде – тіркеуден бастап өндіріске және пациенттерге дейін жеткізуде бірқатар заң­бұзу­шылық анықталған. Ең өзекті мәселелердің қатарында баға қалыптастырудағы олқы­лық­тар, сапаны бақылаудың жет­кі­­лік­сіздігі, клиникалық хат­та­­­ма­лардың уақтылы жа­ңар­­­тыл­­мауы бар. Сонымен қатар фар­макологиялық қада­ға­лау­дың әлсіздігі және сала­лық ғылыми әзірлемелердің тиімділігі төмен екендігіне назар аударылды.

Вице-премьер Ермек Көшербаев анықталған жүйелі мәселелерге жедел және нақты әрекет ету қажеттігін атап өтті.

«Бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына, жеткізудегі үзілістерге және сапасыз препараттарды қолдану қаупіне жол беруге болмайды. Бар­лық бұзушылықтар тек бағалау­ды емес, сонымен қатар құқық­тық және басқарушылық шешімдер қабылдауды қажет етеді. Азаматтарды қауіпсіз әрі қолжетімді дәрілермен қам­та­­масыз ету – бірінші кезек­тегі міндет. Бұл бағытта кідіріс бол­мауға тиіс», деді Е.Көшербаев.

Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрі анықталған заңбұзушылықтарды жоюға бағытталған алғашқы кезектегі шаралар кешенін таныстырды. Оның айтуынша, ЖАП ұсынымдарына сәйкес дәрілік қамтамасыз ету саласында жүйелі өзгерістер басталды. Жаңа кешенді шаралар халық­қа дәрілердің қолжетімді болуын арттыруға бағытталған. Министр баға реттеу тетіктеріне жеке тоқталып өтті.

«Шекті бағаларды реттеудің жаңа тәртібі мемлекеттік тегін бағдарламалар — ТМККК және МӘМС аясындағы дәрілерге де, көтерме-бөлшек желі арқылы сатылатын препараттарға да қолданылады. Амбулатор­лық және стационарлық емге арналған тегін дәрілер тізімінде бағаны 19%-ға дейін, ал бөлшек дәріхана сегментінде 30%-ға дейін төмендету көзделген», деп мәлімдеді А.Әлназарова.

Баға қалыптастыру тәсіл­дерін қайта қарау дәрі-дәр­мектердің тегін тізім бойын­ша да, жалпы нарықта да қол­жетім­ділігін арттырады.

Сонымен қатар дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді. Бүгінде 366 млн-нан астам орама таңба­ланып, 80 млн-нан астамы айналым­нан шығарылды. Жүйе фар­ма­цевтикалық нарықтың барлық негізгі қатысушыларын қам­тып, әрбір дәрінің қозғалыс жолын қадағалауға және тұтыну­шыларды жалған өнімнен қорғауға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды бас­тама – Денсаулық сақтау министр­лігінің Цифрландыру ми­нистрлігімен бірлесіп іске асы­рып жатқан дәрілік заттарды жедел тіркеу бойынша қанатқақты жоба. Жаңа тәртіп тір­кеу мерзімін 100 күнге де­йін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сараптама, баға белгілеу және ұлттық дәрі­лік формулярға енгізу талаптары­ның толық сақ­талуын қамтамасыз етеді.

Кеңес соңында Ермек Көшербаев Президент тапсырмасын іске асыруда барлық мем­ле­кеттік органдардың үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, дәрілік қауіпсіздік пен препа­рат­тардың қолжетімділігі – халық денсаулығын нығайту­ға бағытталған мемлекет­тік саясаттың негізгі басым­дықтарының бірі. 

Соңғы жаңалықтар