• RUB:
    6.58
  • USD:
    517.45
  • EUR:
    598.59
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:07

Корея Ұлттық Ассамблеясымен байланыс артады

30 рет
көрсетілді

Сенат депутаттары Сүйіндік Алдашев, Бибигүл Жексенбай, Айнұр Арғынбекова және Закиржан Кузиев Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясы жанындағы Балалар, халық және қоршаған орта мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Ли Ин Ёнмен кездесті. Әңгімелесу барысында тараптар заң шығару органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту келешегін талқылады.

Сүйіндік Алдашев атап өткендей, Қазақстан мен Корея арасындағы саяси байланыстар сындарлы диалог пен тығыз қарым-қатынасқа негізделген. Екіжақты қатынастар өзара сенім мен ашықтық рухында жоғары деңгейде белсенді дамып келеді. Сенатор кейінгі жылдары бұл серіктестіктің аясын кеңейтуге екі ел басшыларының өзара сапарлары да серпін бергенін айтты.

Осы ретте Корея Ұлттық Ассамблея­сы құрған қоршаған орта және даму мәселелері жөніндегі Азия-Тынық мұхиты парламенттік форумының күн тәртібі мен оның Қазақстан мақсаттарымен үндестігі ерекше аталып өтті. Тараптар бірлескен күш-жігерді бала мен отбасы құқықтарын қорғауға, гуманитарлық бағыттағы бастамаларды ілгерілетуге жұмсауға ниетті екенін білдірді. Сондай-ақ кореялық парламентшілерге кәмелет­ке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және оған қарсы күрес бағытында Қазақстанда қолға алынған заңнамалық шаралар таныстырылды.

«Қазақстан балалар мен отбасы денсаулығын қорғауға басымдық береді. 2022 жыл Балалар жылы деп жарияланып, әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау салаларында маңызды реформалар басталды. 2016 жылдан бері Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты жұмыс істейді. Біздің ел Кореяда тұратын азаматтардың, оның ішінде балалардың құқықтарын қорғауға мүдделі. Қазіргі уақытта Кореяда шамамен 45 мыңдай отандасымыз тұрады. Біз оларды сапалы біліммен, медициналық және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Осыған байланысты Қазақстан азаматтарының балаларына инклюзивті білім беру, ерте дамыту және мәдени интеграция бағдарламаларына қолжетімділікті қамтамасыз етуге көмектесу туралы кореялық тарапқа өтініш білдіреміз», деді С.Алдашев.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ білім беру, мәдениет, туризм және өзге де салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде Ли Ин Ён көпжақ­ты қарым-қатынастарды дамытуға қызығушылық білдіріп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін атап өтті.