2024 жылдың 16 маусымы – Қазақстанның әлеуметтік саясатындағы маңызды қадам. Бұл күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 сәуірде қабылдаған «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңға қол қойды, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет басшысы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудың маңызын үнемі атап өтіп, оны мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады. «Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты әйелдер мен балалардың құқығын қорғау жүйесінде кешенді жұмыс жүргізіп, негізгі рөл атқаратын құрылымдар бар. Атап айтсақ, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Бір жылдың ішінде мемлекет тек отбасылық саясатқа өзгеріс енгізіп қана қоймай, сонымен қатар Орталық Азиядағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресте ең тиімді жүйе қалыптастырды.
Жаңа заңның негізгі өзерістері:
- Ұрып-соғу мен жеңіл дене жарақаты қылмыс деп танылды. Бұл әрекеттер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстен Қылмыстық кодекске қайта енгізіліп, жаза күшейтілді.
- Бұзақыны жауапкершілікке тарту үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Бұл тұрмыстық саладағы құқықбұзушылар санының едәуір артуына мүмкіндік берді.
- Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік көрсеткен жағдайда тараптарға татуласуға мүмкіндік берілмейді.
- Сот агрессорды мәжбүрлі түрде психологиялық көмек алуға жіберіп, жәбірленушімен байланысуына немесе бірге тұруына тыйым сала алады, тіпті тұрғын үй агрессордың меншігі болған жайғдайда да.
Заң тек жазалаумен шектелмей, алдын алужәне қолдау жүйесін де енгізді.
Мәселен, 52 «бұзақы» сот шешімімен міндетті психологиялық оңалтуға жіберілді. 20 жаңа психологиялық қолдау орталығы ашылды. Ел бойынша 112 отбасын қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр. 2025 жылдың бірінші тоқсанында 34 мың отбасы әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек алды. 2 мың отбасыға тұрақты көмек көрсетіліп жатыр.
2025 жылдың басынан бастап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда:
•тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері 20,5%-ға азайды;
•отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны 29%-ға төмендеді;
•кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс 21,3%-ға азайды;
•педофилия фактілері 40,7%-ға қысқарды.
19 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі ресми арыз жазылмай-ақ анықталды. Бұл оқиғалар өңірлердегі жедел топтардың, әлеуметтік желілер, куәгерлердің және сараптама топ мүшелерінің мәліметтері нәтижесінде тіркелді.
Мектептерде «111» мемлекеттік байланыс орталығының QR-коды орнатылғаннан кейін балалар арасындағы зорлық-зомбылық, буллинг және күрделі психикалық-эмоциялық жағдайлар туралы фактілер жиі анықтала бастады.
Жыл басынан бері балалардан 86 мыңнан астам смс-хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 2 мыңнан астамы — зорлық-зомбылық, буллинг, сыныптастармен немесе ата-аналарымен қарым-қатынастан күйзеліске түскеніне байланысты көмек сұраған. Өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген 28 жағдай анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
«111» қызметіне ересектер де жүгінуде. 5 ай ішінде әлеуметтік, балалар қауіпсіздігі, психологиялық көмек пен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша 62 мың қоңырау келіп түскен.
Бір жылдың ішінде мемлекет отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресте нақты әрекет қажет екенін дәлелдеді. Жаңа заң құқықтық құрал ғана емес, өз азаматтарын қорғауға бағытталған мемлекеттік жауапкершіліктің айқын көрінісі болды.