Құқықтық сауат деңгейін арттыру – уақыт талабы. Заң нормаларын білу – әрбір азаматтың құқығын қорғаудың негізі. Осы орайда елімізде жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан «Халық заңгері» республикалық акциясы ерекше маңызға ие. Бұл алғаш рет 2013 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында өтті. Бұл бастаманың негізін қалаған – заңгер Михаил Кленчин, ал қолдау көрсеткен – «Параграф» ақпараттық жүйесі.
2016 жылдан бастап акция республикалық деңгейге көтеріліп, еліміздің барлық ірі қаласында жыл сайын өткізіліп келеді. Астана қаласында алғаш 2016 жылы өтіп, бүгінге дейін 9 рет ұйымдастырылды. Жақында кезекті акция сәтті өтті.
Іс-шараға 30-ға жуық мемлекеттік орган өкілдері, кәсіби заңгерлер, адвокаттар мен нотариустар, сондай-ақ тәжірибелі құқық қорғаушылар қатысты. Жиынның басты мақсаты – тұрғындарға құқықтық кеңес беру, өз мәселесін шешуге жол көрсету, құжаттарын түсіндіру және заңды тұрғыда дұрыс бағыт көрсету.
Қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлау мақсатында кіреберісте келушілерді «Aliya Bulat» өнер орталығының жарқын костюм киген аниматорлары қарсы алды. Бұл әсіресе балалардың көңілін көтеріп, іс-шараға жылы атмосфера сыйлағандай болды. Келушілер қатарында зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, жұмыссыздар және көпбалалы аналар да аз емес. Кеңес беру аймақтары жер мәселелері, отбасы құқығы, әлеуметтік мәселелер, тұрғын үй заңнамасы, еңбек және кәсіпкерлік құқығы бойынша бірнеше секторға бөлінген.
«Мен бірнеше ай бойы жер телімін заңдастыра алмай жүр едім. Бүгін кеңес алып, нақты қай мекемеге, қандай құжатпен бару керектігін түсіндім. Осындай тегін көмекке қол жеткізгеніме өте қуаныштымын», дейді қала тұрғыны Айдын Манат.
Мемлекеттік орган өкілдері азаматтарды қабылдап, нақты ұсыныстар берді. Заңгерлер кез келген құқықтық сұраққа шынайы әрі кәсіби жауап беруге тырысты. Келушілердің көбі алғаш рет заңгерге жүгінгенін айтып, мұндай іс-шараның жиі өтуін сұрады. Бұл акция – халық пен билік арасындағы сенімді арттыратын, заңды түсіндіруді жеңілдететін, құқықтық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ететін маңызды бастама.
«Халық заңгері» акциясы қоғамдағы құқықтық мәдениеттің қалыптасуына зор ықпал етеді деген сенімдеміз.
«Ең алдымен айтарымыз: заң көмегіне жүгіну – жауапты азаматтың парасатты қадамы. Өкінішке қарай, көпшілік заңгерлерді тек сотта немесе басқа да қиын жағдайда ғана керек деп санайды. Ал шын мәнінде, уақтылы алынған кеңес күрделі мәселелердің алдын алуы мүмкін. Біз «Халық заңгері» сияқты акцияларды дәл осы халық пен құқықтық жүйе арасындағы кедергілерді жою үшін өткіземіз. Егер сізде сұрақ, күмән немесе жай ғана кеңес қажет болса, келіңіз. Біз әрқашан көмектесуге дайынбыз», дейді акцияны ұйымдастырушылар.
Ділдана НҰРДІЛДА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті