• RUB:
    6.58
  • USD:
    517.45
  • EUR:
    598.59
Басты сайтқа өту
Инвестиция Бүгін, 09:10

Инвестиция игілігін көрудің жолы

30 рет
көрсетілді

Әлем картасындағы сауда жолдары қайта сызылып жатыр. Ендігі Жібек жолы тарих парағында ғана емес, геосаяси ойынды өзгертетін жаңа дәлізге айналды. Қазіргі атауы – Орта дәліз.

Орта дәлізде орныға аламыз ба?

Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыт енді жай ғана балама маршрут емес, бүкіл Еуразия құрлығының экономикалық келешегін анықтайтын факторлардың біріне айналып келеді. Орта дәліз – Қытайдан басталып, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия арқылы өтіп, әрі қарай Түркия мен Еуропаға бағыт алатын трансконтиненталды сауда жолы. Бағыт «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» деп те аталады. Ол Ресей мен Иран арқы­лы өтетін дәстүрлі маршруттарға бал­ама ретінде дамып жатыр. Геосаяси тұ­рақ­сыздық пен санкциялық кедергілер жағ­дайында Орта дәліздің рөлі еселеп артты.

Дәліздегі ағыны 3 жыл бұрынғы 800 мың тоннадан қазір 4,5 млн тоннаға дейін өскен. Сонымен қатар Қазақстан Орта дәліз арқылы мұнай тасымалдау мүм­­кіндігін де зерттеп жатыр. Алдағы үш жылда бұл бағыт бойынша жалпы жүк ағынын 10 млн тоннаға дейін жет­кізу көзделіп отыр.

– Орталық Азия елдерінің өзара бай­ла­нысын нығайту Еуропаның стра­те­гиялық мүддесіне сай келеді. Біз тек сауда емес, энергетика, цифр­лан­ды­ру және көлік саласында да әріп­­тес­тік­ті тереңдетуге мүдделіміз. Кас­пий маңын­дағы серіктестік бізге осы инфра­құ­ры­­­лымдарды қолдау арқылы нақты нәти­же­ге жетуге мүмкіндік береді, – деді Еуро­палық инвестициялық банктің вице-президенті Кириакос Какурис Астана халықаралық форумында сөй­ле­ген сөзінде.

 

Инвесторлардың емес, жүйенің кінәсі

Сессияда осы елдердегі көміртегі на­ры­ғын қалыптастырудың әлеуеті мен келешегі кеңінен сөз болды. Орта­­лық Азия университетінің дерек­те­­­­­ріне сәйкес, бүгінде аймақ­тағы энер­гетикаға салынатын инвес­ти­цияның 56-93%-ы қазба отын секторына бағыт­талып отыр. Демек өңірдің энер­ге­тикалық болашағы әлі де көмір, мұнай, газ сияқты ресурсқа тәуелді. Бұл үрдіс өзгермесе, таза энергетикаға көшу жос­пары қағаз жүзінде қалуы мүмкін.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Жаһан­дық байланыстар және ынтымақ­тас­­тық дирекциясының басшысы У­ильям Томпсон сессия барысында үрдістің терең себептерін тар­­қата келе, қазіргі жүйе инвесторлар үшін жасыл экономикаға өтудің нақ­­ты экономикалық мәнін көр­се­те алмай отырғанын айтты. «Біз үнемі «инвес­торлар жасыл энергетикаға қы­зық­­пайды» деп айтамыз. Бірақ шын мә­нін­­де, бұл инвесторлардың емес, жүйе­нің кінәсі. Экономикалық жүйе таза энер­гияны тартымды ете алмай отыр. Өйт­кені көміртек бағасы тым төмен. Нарық­та көміртектің нақты құны жоқ. Ал бұл – инвестор үшін басты сигнал» дейді.

Томпсон көміртегі нарығын дамы­тудың тек климаттық себептерімен шек­­­телмейтінін айтты. Технологиялық прог­реске бастайтын, жаңа өндірістерді және инновациялық шешімдерді өмірге әкелетін платформа керек. Бірақ мұндай платформа өздігінен қалыптаспайды. Ол үшін елдер нақты институционалдық қадамдарға баруға тиіс. «Көміртегі нары­ғы – инновацияны ынталандыратын орта. Егер мемлекет көміртекке лайықты баға қойса, бизнес автоматты түрде тиімді шешім іздей бастайды. Жаңа технологиялар пайда болады, ғылыми-зерттеу қарқындайды, білім беру жүйесі сұранысқа бейімделеді», деді сарапшы.

 

Бюрократияны қысқарту – негізгі фактор

Қазақстан бүгінгі күні энергетикалық секторды жаңғыртуға әрі парниктік газдар шығарындысын азайтуға бағытталған бір­неше стратегиялық бағдарлама қа­был­дады. Бұл бағытта еліміздің басты мақ­саты – 2060 жылға қарай парниктік шы­ға­­рын­дылар бойынша «таза нөлге» жету. Қазір елдегі жаңартылатын энергия кө­з­дерінің үлесі 6%-дан сәл асады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізілуге тиіс.

– Біз жыл сайынғы тарифтерді индекстеу, 20 жылға кепілдендірілген электр энергиясын сатып алу, аукцион арқылы баға белгілеу секілді тұрақты тетік­тер арқылы инвесторлар үшін сенімді орта қалыптастырып жатырмыз. «Total», «Mazda», «China Power» және «Energy China» секілді ірі серіктестермен гигаваттық жобалар іске асырылып жатыр. COP-29 саммитінде 3,7 млн доллар­­­ды құрайтын инвестиция тартылды, – деді Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.

«Power International Holding» ком­па­ния­­сының басқарушы директоры Амер Махасен шетелдік инвестор көзімен Қазақстандағы мүмкіндіктер мен шектеулерге тоқталды.

– Реттеуші орган инвестор үшін тек бақылаушы емес, әріптес болуы керек. Олар бизнесменнің орнына өзін қойып, оның қандай тәуекелге барып жатқанын түсінуі қажет. Осыған байланысты шешім қабылдауды жеделдететін, үдерістерді қысқартатын комитеттер немесе палаталар құрылуға тиіс. Бюрократияны қысқарту – негізгі факторлардың бірі. Қазақстан шетелдік инвесторлармен жұмыс істейтін жергілікті компанияларды салықтан босатса немесе жеңіл­дік­тер жасаса, бұл бүкіл экономика­­ны қозғар еді. Жергілікті жұмыс күшін, өндірушілерді, зауыттарды са­лық­тан босатып немесе субсидиялау арқылы біз эко­номи­каға дем береміз. Ол Қазақ­стан­да халықаралық стандарттарға сай, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім­­дердің шығуына жол ашады. Инвес­тор­лар жергілікті серіктестерімен бірлескен кәсіпорындар құруға ұмтылады, – деді.