Қаржы және бюджет комитеті Парламент Мәжілісі комитеттерінің қорытындыларын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарап шығып, құжаттарды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысына талқылауға енгізуге болады деп есептейді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Хабарланғандай, 2024 жылы Қазақстан экономикасы мұнай емес секторды дамыту есебінен 4,8%-ға өскен. Бұл көрсеткіш мақұлданған болжамнан 0,5 пайыздық тармаққа төмен болған. Экономикалық өсудің негізгі драйверлері – базалық салалардағы өндірістің ұлғаюы: өнеркәсіп – 2,8%-ға, ауыл шаруашылығы – 13,7%-ға, құрылыс – 13,1%-ға, сауда – 9,1%-ға артқан.
Инфляция деңгейі жыл соңында 8,6%-ды құрап, мақсатты дәліздің (6-8%) жоғарғы шегінен 0,6 пайыздық тармаққа асқан. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 7,5%-ға ұлғайған. Бұл көрсеткіш теміржол инфрақұрылымы, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандар құрылысы, жабдықтар сатып алу есебінен қамтамасыз етілген. Барлығы 2,7 трлн теңгеге 248 инвестициялық жоба іске асырылған.
Сонымен қатар елдің халықаралық резервтері 2025 жылғы 1 қаңтарға 104,7 млрд АҚШ долларына жетіп, 9,1%-ға өскен. Оның ішінде Ұлттық Банктің алтын-валюта активтері – 45,8 млрд доллар, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері – 58,8 млрд доллар. Орташа айлық жалақы нақты мәнінде 1,8%-ға өсіп, 435 мың теңгені құраған. Ал, жұмыссыздық деңгейі IV тоқсанда 4,6% болған.
Республикалық бюджет кірістері мен шығыстары
2024 жылы республикалық бюджетке 19,9 трлн теңге көлемінде кіріс түсіп, бұл жылдық жоспардың 97,5%-ын құраған. Оның ішінде салық түсімдері 12,3 трлн теңге (97,1%), салықтық емес түсімдер – 1,2 трлн теңге (83,2%), негізгі капиталды сатудан түскен кірістер – 6,2 млрд теңге (100,7%), трансферттер – 6,1 трлн теңге (100,6%).
Сонымен қатар 2024 жылдың соңында республикалық бюджет кірістерінің өсу қарқыны 103,1%-ды құраған. Дегенмен, трансферттерді есептемегенде, кірістер 13,5 трлн теңге болған, бұл жоспардың 95,7%-ына сәйкес келеді. Өткен жылмен салыстырғанда кірістер 1 трлн теңгеге азайып, 7%-ға төмендеген.
2025 жылғы 1 қаңтарға республикалық бюджетке бересі 282,3 млрд теңгені құраған. Бұл 2024 жылдың басындағы көрсеткіштен 62,2 млрд теңгеге аз. Бюджеттік кредиттерді өтеу жоспары 254,3 млрд теңге болғанымен, нақты өтеу 321,1 млрд теңге немесе 126,2%-ды құрады.
Бюджет шығыстары 24,1 трлн теңге көлемінде көзделіп, нақты орындалуы 23,6 трлн теңге немесе жоспардың 97,8%-ы болды. Атқарылмаған сома – 526 млрд теңге. Оның ішінде Үкімет резервінен бөлінбеген қаражат – 9,5 млрд теңге, үнемделген сома – 2,7 млрд теңге, игерілмеген қаржы – 92 млрд теңге.
Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2,7%-ды құрап, 3,6 трлн теңге көлемінде қалыптасты. Бұл тапшылықтың 98,4%-ы қарыз алу есебінен жабылды. 2025 жылдың басында бюджет қаражатының қалдықтары – 1,1 млрд теңгені құрағаны хабарланды.
Аудит нәтижелері мен бұзушылықтар
2024 жылы Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 360 аудиторлық іс-шара өткізген. Қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы – 81 млрд теңге. Бұл бұзушылықтардың басым бөлігі республикалық бағыныстағы квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі (46 млрд теңге немесе 56,8%).
Ғылым және жоғары білім министрлігі – 12,6 млрд теңге (54,5%), Ішкі істер министрлігі – 6,0 млрд теңге (26,1%), Экология және табиғи ресурстар министрлігі – 2,3 млрд теңге (9,9%) көлемінде бұзушылыққа жол берген.
Жоғары аудиторлық палата 11 трлн теңгені қамтитын 27 тексеру жүргізіп, 154 млрд теңге сомаға бұзушылық, 708 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау мен пайдалануды анықтаған.Сондай-ақ 10 мыңнан астам рәсімдік бұзушылық тіркелген.
135 млрд теңге қалпына келтіріліп, 175 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, 198 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 1 674 материал әкімшілік іс қозғау үшін, 16 материал құқық қорғау органдарына жіберілген.
Парламент Мәжілісінің комитеттері Үкіметке 2023 жылғы есептер бойынша 17 түйінді ұсыныс берген болатын. Оның 2-і орындалған, 7-і ішінара орындалған немесе іске асыру сатысында, ал 8-і мүлде орындалмаған.
Орындалмаған ұсыныстар:
БЖЗҚ, ӘМСҚ, МӘСҚ инвестициялық стратегияларын қайта қарау; Денсаулық сақтау саласына дағдарысқа қарсы қаржылық сауықтыру жоспарын қабылдау; Мемлекеттік борыштың өсу қарқынын төмендету; Қарыздар есебінен іске асырылатын жобаларда құрылыс мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу; Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай жүйесін құру; Макроиндикаторлар деректерін дайындау мерзімдерін қайта қарау; Көлеңкелі экономикамен күресу және салық түсімдерін арттыру арқылы Ұлттық қорға тәуелділікті азайту; Бюджеттің өз кірістеріне негізделуін күшейтіп, борышқа қызмет көрсету шекті мөлшерлерін белгілеу.Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау нәтижелері бойынша Мәжілістің барлық комитеттері оң қорытындыларын берген. Сонымен қатар, бірқатар комитеттер бюджеттік процесті одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізген.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті:
2024-2028 жылдарға арналған шекаралық қауіпсіздік жоспарын орындау; Қорғаныс шығыстарын секвестрлемеу; Күштік құрылымдарда еңбекақы жүйесін қайта қарау; Айдауылданатын адамдардың теміржол тасымалын субсидиялауға жеке бағдарлама құру.Әлеуметтік-мәдени даму комитеті:
Жыл соңында есепшоттарда қалатын қаражатқа лимиттер белгілеу; Бюджеттен тыс қаржыландыруды бақылау; Әлеуметтік шығыстарды жоспарлау сапасын арттыру; Цифрлық ашықтық панелін құру; Спорт шығыстарының тиімділігін арттыру; Туризмді өңірлік теңгерімді дамыту; Бюджеттік тәртіп пен дербес жауапкершілікті күшейту.Қаржы және бюджет комитеті:
Макроэкономикалық көрсеткіштерге нақты сараптама жүргізу; Экономикалық өсу сапасын талдау; 3,3 трлн теңге көлеміндегі облигациялық ресурстардың қайтару графигін ұсыну; ҚҚС қайтаруларын кешенді тексеру; Құжаттамасыз инвестициялық жобаларды енгізуді болдырмау; Ұлттық қорға түсімдердің толықтығын қамтамасыз ету; Парламент келісімінсіз бюджеттік жобаларды алып тастауды болдырмау.Осы айтылғандарды ескере отырып, Қаржы және бюджет комитеті Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысына талқылауға енгізуге болады деп санайды.