• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Байқау Бүгін, 08:48

Қарасазда Мұқағали жырлары қалықтады

20 рет
көрсетілді

«Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын», деп жырлаған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев оқулары туған өлкесі Қарасазда өтті. Ақынның жауһар жырларын жаңылмай жатқа айтуда жарысқа түскен жас өрендердің өнері таңдай қақтырды. Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан бәсекелі байқауға республикамыздың әр өңірінен іріктелген 70-ке жуық оқушы қатысып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығуға талпынды.

Ауылдың қақ төрінен орын алған ақын Еркін Ібітанов атындағы мәдениет үйінде өткен дәстүрлі іс-шараға мұзбалақ ақын Мұқа­ғалидың ұлы Жұлдыз бен қызы Шолпан, келіні Бақытгүл бастаған ұрпақтары мен шәкірттерін шыңдаған ұстаздар, тіл жана­шырлары, облыстық білім бас­қармасының, аудандық әкімдіктің жауапты мамандары қатысты.

«Бүгінгі іс-шараға себеп – әке­міздің поэзиясы. Соны жақсы көргеннің арқасында әр шалғай­дан жиылып отырсыңдар. Ұлы ақынның кіндік қаны тамып, табаны тиген қасиетті Қарасаз ауылы осы. Биік таулары, мың бұралып аққан Қарасаз деген өзені бар. Бала күнімізде өңкей қара тамдар болды. Ауыл іші көшенің жоғары жағы, төменгі жағы деп бөлінетін. Сол төменгі жағында екі бөлмелі қазақтың қара тамында тұрдық. Оны көптеген естелікте жазып та келемін. Әкеміздің ­бо­йын­­да Алланың берген тума таланты мен дарыны болса, екінші жағынан өлең жазуға өздерің көр­гендей табиғаттың да әсері болды. Мұнартқан күн, еңселі таулар, қара суына дейін талантын қамшы­ла­ды. Оған ақын аталарыңның жан­кешті еңбекқорлығы қосыл­ды, – деген ақын ұлы естен кетпес естелігін сабақтай түсті. – Әлгі екі бөлмелі қара тамның бірі толған кітап пен газет болатын. Ол құнды дүниелерді Алматыдан, Мәскеуден, Ленинградтан жаздырып алатын. Өз білімін өзі көтерген жап-жас жігіт болды. Оған ешкім «мынаны оқы» деп үйретпеген. Өзінің бойындағы тума дарынымен, құлшынысымен қазақ поэзиясына келген адам. Білесіңдер, әкесімен Қарасаздың қара топырағында қоштасты. Әкесі Сүлеймен атамыз майданға кетті. Одан соң, өзі өлеңінде жырлағандай, балалық шақ бол­ған жоқ, соқаға ерте жегілді. Бала­лық, жастық шағы осы ауылда өтті. Қарасаздың орта мектебінде сабақ берді ол кісі. Сендер де сол Қар­асаздың ауасымен тыныстап отырған бақытты баласыңдар дегім келеді. Ақынды оқу бір басқа, оның өскен ортасын көру – ол да өз­ге­ше әсер қалдырады. Сол арқылы Мұқағали поэзиясына тереңірек бойлайсыңдар. «Қоршаған ортасы қандай болды екен?» деген әуестік сезімге жауап алып отырсыңдар. Мен Мұқағалидың үлкен ұлы боламын. Өміріме әкем тікелей әсер етті. Ол үлкен жүректі адам болатын. Сендер сияқты жастарды өте жақсы көрді. Олардан үміт күтті, болашағы боларына сенді, балалар», – деген Жұлдыз Мұқағалиұлы әкесіне арнап жазған өлеңін оқып берді.

Тебіреніске толы жырдан қуат алған жас өрендер бүркеншік атпен таныстырылып, жалынды жыр сайысын бастап кетті. Олардың өнерлерін таразылауға КИМЭП университеті «Білім беру және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің ассистент-профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұрайша Бекеева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Айтуған Жетебаев, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Шаридиар Уәлиханов, М.Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Әбдуалиева, ақын, журналист Айтбек Тұрсынбаев қазылық етті.

Республиканың 16 облыс, 3 қа­ла­­сынан келген 63 қатысушы үш топқа бөлініп, өлең оқу, жазу­дағы өнерлерін ортаға салды. Жыр сайысының «Айтып өткен ақында арман бар ма?» атты алғашқы бағытында үміткерлер ақын жырын жатқа әрі мәнерлеп оқудан сынға түсті. Онда қазылар жаттаған өлеңдерінің санын есепке алды. Сахна төрінде ақын жырын оқуда көсіле шапқан жүйрікті кез келген тұста кілт тоқтатып, келесі өлең жолын бастап берген қазылардың талабынан жаңылмай жалғасты­рып әкетудегі шеберліктері тың­дар­манды тәнті етті.

Ал «Жыр эстафетасы» бағы­ты бойынша жарысқа қатыс­қан үміт­керлер «Аққулар ұйық­та­ғанда», «Райым­бек! Райым­бек!», «Алтай-Атырау» поэмаларын жат­қа әрі нақы­­шына келтіре оқудан бәсекеге түсті.

Ең соңғы «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» атты үшінші бөлімде жас өрендер өздерінің төл туындыларын және еркін тақырыпта өлең оқудағы қарым-қабілетін көрсетті.

Бабы мен бағы келіскен өлең­сүйер өрендердің өнерін қазылар алқасы әділ бағалап, шын талантты тануға, олардың білім-білігі мен өлеңге деген ынта-ықы­ласын, талабы мен талға­мын қалт жібермей қадағалап, үш бағыт бо­йынша рес­­публика­лық байқаудың қоры­тындысын шығарды.

Алғашқы «Айтып өткен ақында арман бар ма?» бағыты бойынша бас жүлдені Атырау қаласын­дағы №16 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Нұрмерел Нұралы иеленді. Ал бірінші орынды Алматы қаласындағы №108 мек­теп-гимназияның 9-сынып оқушысы Батырхан Құдайберген қанжығалады.

«Жыр эстафетасында» ортасынан оза шауып, топ жарған Қарағанды қаласындағы №61 ор­та мектептің оқушысы Алина Нау­рызбаева бас жүлдені еншілесе, бірінші орынды Маңғыстау облысы Шетпе лицейінің 10-сынып оқушысы Барахат Оразалы жеңіп алды.

Жыр сайысының соңғы бөлімі «Жүрегімде жыр сәулесі маздайды» атты жас таланттардың талаптары таразыланған сайыс­та Мұқағали аталарының ізін жалғастырып, өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасын түзіп келе жатқан Алматы облысы Райымбек ауданы А.Барманбекұлы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақниет Мұқаметкәрім бас жүлдені жеңіп алып, мерейін үстем етті. Бірінші орын Абай атындағы РММИ-дің 10-сынып оқушысы Болат Ахметке бұйырды.

Жыр сайысындағы жүлде­герлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар байқауда ерекше белсенділік танытқан жас таланттар да назардан тыс қалмай, «М.Мақатаев атындағы халықаралық қордың» және об­лыс­тық білім басқармасының Мақтау қағаздарымен марапатталды.

 

Алматы облысы