• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:07

Еуропалық одақпен диалог нығайып келеді

20 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси конфигурациядағы ынтымақтастық комитетінің 22-отырысы өтті. Тараптар негізінен Қазақстан мен Еуроодақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді талқылады.

Сондай-ақ кездесуде осы жыл­ғы 4 сәуірде Самарқанд қала­сында өткен «Орталық Азия – ЕО» саммитінің қоры­тындылары бойынша қол жеткізілген уағда­ластықтарды іске асыруға ерек­ше назар аудара отырып, екіжақ­ты қатынас­тардың жай-күйі мен келешегі егжей-тегжей қаралды.

Іс-шара гибридті форматта өтті. Оған еліміздің негізгі ми­нистрліктері мен ведомство­ларының, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің және Аста­на­дағы ЕО делегациясының өкіл­дері қатысты. Қазақ делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, еуропалық тарапты – Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Еуропа және Орталық Азия мәселе­лері жөніндегі бас дирек­торының міндетін атқарушы Люк Девинь басқарды.

Р.Василенко отырысты аша отырып, Қазақстан мен ЕО ара­сындағы серіктестіктің дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті.

– Былтыр Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңей­тілген әріптестік пен ынты­мақтастық туралы келі­сім өзінің практикалық маңызды­лығын толық дәлелдеді. Біз ынты­мақ­тастықтың кеңеюін және бар­лық деңгейде диалогтің ны­ғаюын байқаймыз. ЕО – біздің басты сауда және инвестициялық серіктесіміз. Биыл өзара сауда көлемі рекордтық көрсеткішке – 50 млрд долларға жуық сомаға жетті, – деді вице-министр.

Отырыс барысында сауда, инвестициялар, көлік байла­нысы, энер­гетика, климат, заң­ның үс­темдігі және визалық жеңіл­дік­тер мәселелеріне баса назар аударылды.

Қазақ тарапы ел азамат­тары­ның еркін қозғалысына қойы­латын кедергілерді азайту­ға бағыт­талған шаралар қабылда­наты­нына сенім білдірді, визалық режімді жеңілдету және реадмис­сия туралы келіссөздерді мүм­кін­дігінше тез бастау маңыздылығын ерекше айтты. Астана мұндай келіссөздер үшін қажетті құқық­тық және техникалық базаны қамтамасыз етуге дайын екенін растады.

Сондай-ақ тараптар Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңес және Комиссия басшылары арасында Самарқандтағы «ОА-ЕО» сам­миті аясында қол жеткізілген тұрақ­ты сауда, цифрландыру және білім беру алмасуларын кеңей­ту мәселелері бойынша уағда­ластықтарды жүзеге асыруды талқылады.

Көлік байланысын кеңейту­дің маңызы, атап айтқанда, Транскас­пий халықаралық көлік дәлізі­нің (ТХКД, Орта дәліз) одан әрі да­муы аталып өтті. ТХКД бойын­дағы инфрақұрылым­ды жаңғырту бойынша әрі қарай белсенді практикалық әрекеттерге көшу­дің қажеттілігі айтылып, бұл бағыт­та ЕО тарапынан 10 млрд еуро көлемінде қаржы бөлу ниеті құпталды.

Осы тұрғыда тараптар «Global Gateway» (Жаһандық қақпа) бастамасы аясындағы өзара іс-қимылды оң бағалады. Атап айтқанда, сәуірдегі өткен саммитте Еурокомиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен­нің Еуропа мен Орталық Азия ара­сын­дағы инфрақұрылымдық, энергетикалық және цифрлық байланыстарды жақсартуға бағытталған 12 млрд еуро сомасында инвестициялық пакет бөлу туралы мәлімдемесі қолдау тапты. Қазақстан бұл өңірлік жобаларға белсенді қатысуға да­йын екенін растады.

Сонымен қатар тараптар Қазақстан Үкіметі мен Еуроодақ арасын­дағы әуе тасымалдарының кей­бір аспектілері туралы келісім­ге тезірек қол қоюдың маңыз­дылығын атап өтті. Бұл құжат нормативтік базаны үйлестіруге, құқықтық анықтығын арттыруға, отандық және еуропалық әуе тасымалдаушылары арасындағы байланысты нығайтуға бағыт­талған.

Тараптар сондай-ақ цифр­лық сауатты арттыру, инклюзив­ті бі­лім беруді дамыту және академиялық ұтқырлықты кеңей­ту мәселелерін тұрақты ынтымақтастықтың іргетасы ретінде қарастырды.

Климат және «жасыл» күн тәр­тібі аясында тараптар Қазақ­станның Париж келісімі бо­йынша міндеттемелерін орындауын, оның Жаһандық метан бастамасына белсенді қатысуын, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен маңызды шикізат жеткізу тізбектерін дамыту бо­йынша бірлескен жобаларды ілгерілетуін құптады.

Еуропалық делегация басшысы Л.Девинь ЕО мен Қазақстан арасындағы серіктестікті ұзақ сапарға балады.

– Кейінгі отыз жылда Еуро­па­лық одақ пен Қазақстан өзара сенімге, құрметке және ынтымақтастыққа негізделген берік және жетілген серіктестік орнатып, өзара жақындай түсті. ЕО мен Қазақстан арасындағы серіктестік – бұл меже емес, ұзақ сапар. Бұл көпжылдық достықтың әлі ашылар жаңа тараулары көп, – деді Л.Девинь.

Отырыс қорытындысы бо­йынша тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды өзара құрмет рухында жүзеге асыруға бейілділігін растады.

Жалпы, саяси конфи­гура­ция­дағы ынтымақтастық комитеті – Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі инсти­туционалдық тетіктерінің бірі. Комитет отырыстары уәкілетті мемлекеттік органдар деңгейінде өткізіледі және заңның үстемдігі, сот және сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар, өңірлік және халық­аралық қауіпсіздік, ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтастық, визалық саясат, білім беру, БАҚ және азаматтық қоғам салала­рындағы өзара іс-қимыл сияқты кең ауқымды саяси және өңірлік мәселелерді қамтиды.

Ал Еуропалық одақ – Қазақ­станның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. Былтыр тауар айналымы 48,7 млрд долларды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 16,9%-ға өсті. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына тартылған еуропалық инвестициялар көлемі 200 млрд доллар­дан асты. Елімізде еуропалық қатысумен 3 мыңнан аса компания жұмыс істейді.