• RUB:
    6.65
  • USD:
    521.57
  • EUR:
    601.01
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 09:20

100 жүк вагоны шығарылды

80 рет
көрсетілді

«Атырау вагон құрастыру зауыты» жақында конвейерден 100-інші жүк вагонын шығарды. 2027 жылы толық қуатқа жеткен кезде өндірістік аумақ 62 мың шаршы метрге ұлғайып, жылына 7–8 мың жүк вагонын дайындайды.

Бастапқы инвестиция – 170 млн доллар

«Зауыт іске қосылғалы бері облыстың экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Мұнайлы өңірде шетелдіктермен бірлескен мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Машина жасау саласында 150 ірі, орта және шағын бизнес нысаны бар. Жаңа жобалар біріншіден, «Теңіз» кен орнындағы келешек кеңею жобасының аяқталуына байланысты босаған жұмысшыларды жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Екіншіден, экспортқа бағытталған өнімдер өсіміне септігін тигізеді. Үшіншіден, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді», дейді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.

Жүк вагондарын құрастыру зауытын іске қосқан «Texol» компаниялар тобының басшысы Шота Авхазаваның айтуынша, жобаға бастапқыда 170 млн доллар көлемінде қаржы салынған. Игі бастама толық жүзеге асырылған кезде инвестиция көлемі 160 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

 

300 адам жұмыспен қамтылған

«Зауыт бастапқыда жылына 6 мың вагон құрастырады. Жүктеме көбейген сайын ұста, дәнекерлеуші, бұрғылаушы, тойтарушы секілді сан түрлі бейіндегі мамандарға сұра­ныс көбейеді. Мұнда вагон мен цистерна шығару, жөн­деу, техникалық қызмет көр­се­туге арналған барлық инфра­құ­рылымды қамтитын клас­тер құру көзделіп отыр. Вагон құ­растыруға неміс станоктары мен елімізде өндірілген материалдар қолданылады. Вагондар­ды Еуропа және Балтық теңізі жа­ға­лауындағы елдерге экспорт­тау мүмкіндігі бар», дейді Ш.Авхазава.

Қазір жаңа үлгілер өндіріске енгізіліп жатыр. Соның қата­рында 25 мың арба мен 136741 үлгі­сіндегі артикуляцияланған фитинг платформасының моде­лі де бар. Сондай-ақ мұнда сұйы­­тылған көмірсутекті газды тасы­­малдайтын цистерналар шыға­рылады. Зауытқа вагон құрас­тыру үшін металл конструк­циялары Қарағанды облысынан, мойынтіректер Степногордан, доңғалақты жұптарға арналған дискілер мен осьтер Екібастұздан алынады. Қазір зауытта 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін олардың қа­тары 600 маманмен толығады.

 

Болаттан құйылатын бөлшектер

Жақында қытайлық «Hubei Provincial Mechanical and Electrical Institute GROUP Co., LTD.» инжирингілік холдингімен келісім жасаған. Тараптар темір­жол вагонына арналған ұсақ және орташа құйма болат бөлшекте­рін шығаратын зауыт құрылы­сын жобалауды бастағалы отыр. Қытайлық компания жыл соңына дейін жаңа зауыттың жобасын ұсынады. Қазір өндіріс орны үшін бөлінген жер телімінде қосал­қы және кеңсе ғимараттары­ның құрылысы басталды. Кірме жол салынып жатыр. Бірнеше өндірістік цехтан құралатын за­уыт құрылысы жыл соңында қолға алынбақ.

«Жаңа өндіріс орны 2027 жылдың I тоқсанында іске қо­сылады. Зауыт жылына 30 мың тоннаға дейін құйма бөлшек, вагон құрастыруға қажетті тірек, өкшелік, тартқыш, букса корпусы сынды негізгі бөлшектер шығарады. Өндіріске негізгі шикізат ретінде жергілікті материалдар қолданылады. Бұл – металл сынықтары мен ферроқосымшалар», деді Ш.Авхазава.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, құйма бөлшектер шығаратын зауыт – мұнайлы өңір экономикасын әртараптандыруға жол ашатын маңызды жобаның бірі. Өйткені Атырау тек мұнай-газ өнеркәсібі емес, логистика орта­лығына да айнала бастады.

 

Атырау облысы