Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы жасөспірім қыздардың ерте жүктілігіне алаңдаушылық білдіріп, ерте босану бала өлімінің негізгі себептерінің бірі болып отырғанын мәлімдеген еді. Әлемді алаңдататқан мәселе елімізді де айналып өткен жоқ. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысында мамандар қыз балалар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу шараларымен бөлісіп, репродуктивті денсаулық апталығының қорытындыларын жариялады.
Отырыста Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық комиссия төрайымы Аида Балаева ана мен баланы қорғау, жарқын болашақтың іргетасы ретінде ұлт денсаулығын сақтау және нығайту, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қамтамасыз етудің инновациялық тәсілдерін енгізу еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі қағидаттары екенін атап өтті.
– Ұлт денсаулығының көрсеткіші – қоғамның айнасы. Бұл мәселе – күн тәртібіндегі басым бағыт. Мемлекет басшысы ана мен бала денсаулығын сақтауға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы мәселелер Ұлттық комиссияның отырыстарында үнемі көтеріледі. Ана мен баланы қорғау саласындағы оң нәтижелерге қарамастан, бұл бағыттағы жұмысты тоқтатуға әлі ерте. Нәресте, бала және ана өлімін азайту, ерте жүктілік пен түсіктердің алдын алу, дені сау балалардың туылуына жағдай жасау барлық денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндетіне айналуға тиіс, – деді А.Балаева.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, ерте босану – бала өлімінің негізгі себептерінің бірі. Өйткені медициналық көрсеткіштерге сәйкес 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Ал қазір елімізде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жыл сайын 15–17 жас аралығындағы шамамен 2 755 жасөспірім жүктілігі тіркеледі, бұл үрдіс 2016 жылдан сақталып отыр. Сонымен қатар 2024 жылы 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 22 бала туу, 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 1 455 жағдай тіркелген.
– 15–17 жас тобындағы туу көрсеткіші сәйкес жастағы 1 000 қыз балаға шаққанда 2,8-ді құрады. 2016–2024 жылдар аралығында 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы туу саны екі есеге дерлік – 2016 жылғы 2 745 жағдайдан 2024 жылы 1 445-ке дейін қысқарды. 14 жасқа дейінгі қыздар арасында түсік жасатудың орташа саны жылына 16 жағдайды құрайды. Сонымен қатар 2016 жылдан 2024 жылға дейін 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында түсік жасату санының тұрақты төмендеуі байқалды, 700-ден 355 жағдайға дейін бұл да екі есеге жуық азайғанын көрсетеді, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің ең көп саны Маңғыстау, Қостанай, Алматы және Түркістан облыстарында тіркелген. Бұл өңірлерде 15–19 жас аралығындағы қыздардың туу көрсеткіші – республикалық көрсеткіштен жоғары. Маңғыстау бірнеше жылдан бері жасөспірімдердің жүктілігінің өсуі бойынша көш бастап тұр. Мәселен, облыс бойынша ерте жүктілік көрсеткіші 15–17 жас аралығындағы 1 000 қыз балаға шаққанда 5,45-ті құрады, 110 жасөспірім қыз босанған, түсік жасату көрсеткіші 1,19, ал республика бойынша 0,71-ді құрайды.
– Облыс бойынша ерте жүктілік Мұнайлы ауданында байқалады. Жаңаөзен қаласында да өсім бар, 2025 жылы – 36, 2024 жылы – 28, яғни 8 жағдайға көп. Ақтау қаласында – 28. Десе де, 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында тіркелген жүктілік жағдайы бойынша 2024 жылы 65-ті құраса, 2025 жылы 57 жағдай тіркеліп, 8 дерекке төмендегені байқалады. Сонымен қатар 2025 жылдың алғашқы үш айында жасөспірімдер арасында түсік тіркелмеген. Бұл көрсеткіш жасөспірімдермен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстың оң нәтижесін көрсетеді, – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Маңғыстау облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмаған балалардың ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Аббат Өрісбаев.
Мамандар еліміздегі жасөспірім қыздардың ерте жүктілігі азайғанын ақпараттық жұмыстардың нәтижесі екенін айтады.
– Салааралық өзара іс-қимылды күшейту және жасөспірімдер арасында хабардарлықты арттыру аясында биыл 12–16 мамыр аралығында өткізілген Репродуктивті денсаулық апталығы тиімді бастама болды. Жастарға денсаулық орталықтарында және алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында ашық есік күндері өткізілді, әлеуметтік желілерде ауқымды іс-шаралар өткізілді. 358 498 адамды қамтыған арнайы дәрістер мен кеңестер ұйымдастырылды. Гинеколог, уролог, инфекционист секілді мамандардың қатысуымен өңірлерде 3 636 танымдық кездесу мен дәріс өткізілді, БАҚ-та 238 сараптамалық сұхбат, түсініктеме, баяндамалар жарияланды. Медициналық-ақпараттық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ жасөспірімдер мен жастарда өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді, – деді А.Әлназарова.
Оқу ағарту министрлігі де ақпараттық, түсіндіру жұмыстарын өткізгенін мәлімдеді. Мектептерде мамандардың қатысуымен дәрістер ұйымдастырылған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып келеді.
– Репродуктивті денсаулық апталығы Жастар денсаулық орталықтарының қызметі сұранысқа ие екенін көрсетті. Алайда өңірлердегі орталықтардың жұмысында елеулі айырмашылық анықталды. Оның ішінде олардың дұрыс жұмыс істемеуі, жабылып қалған, штат болмаған немесе келушілер өте аз болған. Осы орайда көптеген ауылдық елді мекеннің шалғайлығын және медициналық қызметтерге, оның ішінде репродуктивті денсаулық саласында тұрақты қолжетімділікті ескере отырып, денсаулық сақтау саласындағы цифрлық шешімдерді (HealthTech) дамыту үшін тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңын құру ұсынамыз, – деді Сенат төрағасының кеңесшісі, саясаттанушы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова.