Бүгін, 23 тамыз Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар адамдарды небір қауіп-қатерден де құтқарып келеді. Сондай полицейдің бірі – Қарағанды облысының Бұқар жырау аудандық полиция бөліміндегі учаскелік полиция инспекторы Медет Асқаров. Бірнеше жыл ішінде үш ерлік жасап, тоғыз адамға екінші өмір тарту еткендіктен ел ішінде оны «супермэн, қаһарман полицей, суперполицей» деп ерекше құрметпен атайды екен. Ол – суға кеткендерді құтқарып, жол-көлік оқиғасы кезінде адамдарды аман алып қалған және лаулаған оттың ішіне именбей енген батыр.
Суға батуға шақ қалған 2 әйелді құтқарған
Оқиға 2022 жылы Ботақара кентіне таяу маңдағы өзен маңында болған. Ростовка ауылының учаскелік полиция инспекторы Батырхан Сейдіғалиев адамдардың суға батып бара жатқанын айтып Медет Асқаровтан көмек сұрайды.
Келіншектің бірі тереңге қарай жүзіп кетіп, суға бата бастаған. Оны көріп, құтқару үшін соңынан жүзген құрбысын да иірім тереңіне тарта берген. Сол уақытта Батырхан келіншекке көмекке ұмтылған, бірақ су жұтып қойып, тұншығып, абдырап тұрып қалған. Сөйтіп өзеннің дәл ортасында, иірімінің қатты тұсында тұрған үшеуіне де қауіп төнеді.
Оларды дәл уақытында келген Медет Асқаров құтқарады. Алдымен әріптесінің қолынан тартып, оған ана кісінің қолынан ұстауды түсіндіріп, жиекке алып шығады. Содан кейін суға батып кеткен екінші келіншекті құтқару үшін сүңгіп, оны жағаға алып шыққан екен.
«Медет Ақылбекұлы келіп, үшеумізді де құтқарып қалды. Ерлігіне бас иеміз. Сөйтсек, біз батқан жерге шомылуға болмайды екен. Жүзу білгенімізбен дәп сол тұста иірім бар болғандықтан суға баттық. Бізге оны Құдай жіберді, аман қалдық, оған алғысымыз шексіз!», деп еске алады екі келіншектің бірі Инга Көшербекова.
Жол-көлік оқиғасынан 2 адамды аман алып қалған
Сол жылы қараша айында Ботақара кентінің тұрғыны Тілеген Сәкенов қас қарайған шақта жұмысынан үйіне бара жатып, жуырда ғана алған жаңа көлігімен аударылып қалады. Шошынып қалса керек, есік ашуға қауқары болмаған. Мұны жол үстінде келе жатқан Медет Ақылбекұлы байқап қалған.
«Аздаған боран әрі көктайғақ еді, рөлге ие бола алмай, екі рет аударылып түстік. Есімнен танып қалыппын. Көк түтіннің иісі шыға бастады. Көлігімнің ішінде қауіпсіздік белдігін босата алмай жатқан кезде Медет Асқаров келіп, әуелі қасымдағы жолаушыны, содан соң мені сыртқа шығарды. Ол болмағанда көлігіміз өртеніп, соның ішінде қалып қояр ма едік. Тәртіп сақшысына мың алғыс!», деп еске алған екен көлік жүргізушісі.
5 баланы көк түтіннің ішінен алып шыққан
2018 жылы желтоқсан айында Ботақара кентінде көпқабатты үйдің бірінен өрт шығады. Сол жолы қаһарман полицей 5 баланы отқа оранған үйден сыртқа аман алып шығады.
Далада бұрқасын боран болатын. Түннің бір уағында үйдегілер ұйқыға кеткенде пештің даладағы мұржасы құлап, түтін кері үйге кірген. Әйел адам көзін ашып, оянған мезетте үйдің іші көк түтін екен, жолдасы вахталық жұмысқа кеткен болатын. Төрт баласы ұйықтап жатқан еді. Минут сайын дем алу қиындай түскен көк түтін басқан үйінен 5 айлық баласын қолына алып жүгіре шығып, түтіннен қарлығып қалған бар даусымен көмек сұраған.
Медет Ақылбекұлы үйіне келіп, көлігінен түсіп жатқан кезде, көршілес үйден жүгіре шыққан бір әйелдің омыраудағы баласымен сүрініп құлағанын көреді және көмек сұрап, жанұшыра айғайлаған дауысын естиді. Үйінде өрт болып жатқанын, төрт баласы үйдің ішінде қалып қойғанын естіп, үрейге бой алдырған әйел адамды әуелі сабырға шақырып, содан соң, дым көрінбейтін көк түтін басқан үйдің ішіне бірден кірген.
«Үйіне жүгіріп кіріп, еңбектеп алып іздедім. Қолыма аяғы іліккен балаларды сыртқа шығарып отырдым. Әйеліме айтып, жедел жәрдем шақырттық», дейді тәртіп сақшысы.
Ана үшін балаларының амандығынан артық қандай бақыт бар?! Жансұлу Асанқызы сол оқиға туралы әлі күнге дейін толқып еске алады.
«Бір мезетте көрші үйде тұратын полицей жігіттің көлігінен түсіп маған қарай жүгіріп келе жатқанын байқадым. Полиция қызметкері ең алдымен мені сабырға шақырып, мән-жайды түсінген соң, көк түтін жайлаған үйге кіріп кетіп, ұйықтап жатқан төрт баламды кезекпен алып шығып өз үйіне апарды. Соның арқасында балаларым аман қалды. Егер сол күні ол болмағанда, қандай қайғы боларын елестету де қорқынышты. Қазір алты баланың анасымын. Медет Ақылбекұлына алғысым шексіз», дейді Жансұлу Седенова.
Ерлік – ел есінде
Қарағандыда оттан, судан және жол-көлік оқиғасынан тоғыз адамды құтқарып қалған полицей ерліктерін жұмыстан тыс уақытта жасаған.
Аталған ерліктері ескеріліп полиция қызметкері министрліктің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен наградталды. Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін II дәрежелі «Айбын» ордені кеудесіне тағылды.
Медет Ақылбекұлы Қарқаралы ауданының Тәттімбет ауылында 1987 жылы дүниеге келген. 1997 жылы Бұқар Жырау ауданындағы Ботақара кентіне көшіп келіп, сол кентте мектепті тәмамдаған соң, бір жыл жұмыс істейді. Одан кейін әскери борышын өтеу үшін Петропавл қаласына аттанады. Әскерден келген соң екі айдан кейін күзет полициясына жұмысқа орналасып, онда 2007-2009 жылдары жұмыс істеп, ал 2009-2013 жылдары патрульдік полиция бөлімінде еңбек етті. 2013-2014 жылдары Бұқар жырау ауданында кезекшінің көмекшісі, 2014-2021 жылдары уақытша ұстау изоляторында жүргізушісі, 2021-2023 жылдары патрульдік полицияда жұмыс істеді. 2023 жылдан осы уақытқа дейін учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарып келеді. Ол үйдегі 7 ұлдың ортаншысы. Әкесінен жастай айырылып қалған. Ешкімнің ала жібін аттамау, қажет кезде қол ұшын созуды ана тәрбиесінен дарытқан. Ағасы Оралбек (кезекші бөлімінде) пен бауыры Жарас та (жедел уәкіл) қызметтерін осы салада атқарып жүр. Сол ағасына қарап, бала кезінен полицей болуды армандаған Медет Ақылбекұлы 15 жыл сержант болды, 2021 жылы офицер шенін алды. Оның елге адал қызмет етуге ант қабылдағанына 19 жылға жуықтапты. Келіншегі Айгүл екеуі төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
Мереке қарсаңында Қарағанды облыстық Полиция департаментінің мұражайында ерлікті ұмыт қалдырмай, жас қызметкерлерге үлгі ету мақсатында «Ерлік – ел есінде» атты тағылымды іс-шара өтіп, оған қауіп-қатер мезеттерінде азаматтарға қол ұшын созып, батыл әрекетке барған полиция қызметкерлері мен олардың құтқарған тұрғындары шақырылды. Батырлық – бір күндік емес, өмірлік қасиет. Ендеше Медет Асқаров секілді қаһармандардың ерліктері жас полицейлерге қашанда үлгі болып қала бермек.