Олжас Бектенов Астанада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысы аясында Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті. Кездесу барысында тараптар көлік инфрақұрылымы, «жасыл» энергетика, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар секілді маңызды салалардағы әріптестік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Олжас Бектенов ЕҚДБ-ның Қазақстан экономикасын дамытуға қосып жатқан үлесіне жоғары баға беріп, 2023 жылы екіжақты ынтымақтастық аясында жалпы құны $935 млн болатын 25 жоба жүзеге асырылғанын атап өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономиканы дамытуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға белсенді қатысатын Еуропалық қайта құру және даму банкінің рөліне ерекше назар аударуда. Біз сіздермен көптеген бағыт бойынша тығыз ынтымақтастықтамыз және өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатын жоғары бағалаймыз. Біздің назарымыз сапалы өсуді арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін экономикалық дамуды трансформациялауға бағытталған. Өткен жылдың өзінде біз Сіздермен келешегі зор салаларда рекордтық сомасы $935 млн болатын 25 жаңа жобаға қол қойдық. Қазақстан Үкіметі Еуропалық қайта құру және даму банкімен өзара мүдделі мәселелердің кең ауқымы бойынша әріптестікті тереңдетуге дайын екенін білдіреді», деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, өткен жылы ЕҚДБ Қазақстан экономикасына жылдық инвестиция көлемін 3 еседен астамға ұлғайтқан. Сонымен қатар тараптар 25 жобаға, оның ішінде Ақтөбеде жаңа тазарту құрылыстары мен ілеспе инфрақұрылым салу, Көкшетауда 630 төсек-орындық көпсалалы аурухана салу жөніндегі алғашқы ірі МЖӘ жобасы және басқа жобаларға қол қойған.
«Отандық қаржы институттары арқылы несие желілеріне кеңес беру және ұсыну арқылы шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аударылды. Жалпы алғанда, ағымдағы портфелде құны $3,2 млрд-тан асатын 129 белсенді жоба бар, оның 75%-ы орнықты инфрақұрылым секторына тиесілі. Бірлескен жұмыс кезеңінде пул $11,6 млрд сомасына 340 жобаны құрады», делінген хабарламада.
Сонымен қатар кездесуде электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру және елорданың электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз ету үшін Астана қаласында қосалқы станса салу жобасы қаралды. Сондай-ақ, әділ энергетикалық ауысу (Just Energy Transition Partnership) бойынша Қазақстанда елдік платформасын бірлесіп әзірлеуге назар аударылды. JETP платформасы энергетика саласына «жасыл» инвестицияларды тартудың маңызды құралы болады.
ЕҚДБ Президенті Одиль Рено-Бассо өткен жылы инвестиция көлемінің рекордтық өскенін атап өтіп, Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және орнықты экономика саласындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі екенін атап өтті. ЕҚДБ 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары шеңберінде жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеді.
Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен ЕҚДБ арасында ұзындығы 136 км «Ақтөбе – Ұлғайсын» жолын реконструкциялау бойынша қаржыландыру келісіміне қол қойылды. Бұл жол бөлігі алдағы уақытта 4 жолақты қозғалысы бар 1-санатты трассаға айналады, жалпы ұзындығы – 234 км. Жоба транзиттік әлеуетті арттыру мен көлік логистикасын дамытуға бағытталған.