Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мён биыл Нидерландта өтетін НАТО саммитіне қатысудан бас тартты. Бұл шешім ел ішіндегі өзекті мәселелер мен Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты қабылданған, деп хабарлайды Egemen.kz Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Президент әкімшілігінің мәліметінше, Мемлекет басшысы саммитке бару мүмкіндігін қарастырғанымен, АҚШ-тың Ирандағы үш ядролық нысанаға жасаған соққысынан кейін жағдайды қайта бағамдауға мәжбүр болған.
«Президент Ли инаугурациядан кейін туындаған ел ішіндегі маңызды міндеттерге қарамастан, саммитке қатысу мәселесін белсенді түрде қарастырды. Алайда ішкі ахуал мен халықаралық тұрақсыздықты жан-жақты саралай келе, ол бұл жолы саммитке бармау туралы шешім қабылдады», деді Президенттің баспасөз хатшысы Кан Ю Чжон.
Сонымен қатар Kyodo News агенттігінің хабарлауынша, Жапонияның Премьер-министрі Сигэру Исиба да НАТО саммитіне қатысу жоспарын қайта қарастырып отыр.