Медицина • Бүгін, 15:45

Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы 20%-ға төмендеген

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде медицина қызметкерлерін, әсіресе ауылдық елді мекендерге тарту және тұрақтандыру мақсатында кешенді мемлекеттік қолдау шаралары белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы 20%-ға төмендеген

Фото: Қырмызы Жұмағалиқызы

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Мемлекет басшысы медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа заңға қол қойды. Бұл заң дәрігер мамандығының беделін арттырып, салаға деген сенімділікті нығайтудың маңызды қадамы.

Мемлекеттік қолдау шаралары қатарында әлеуметтік кепілдіктер, тұрғын үй жағдайын жақсарту және материалдық ынталандыру қарастырылған.

Нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша:

  • Дәрігерлер тапшылығы 20%-ға қысқарып, 3 986 бірлікті құрады; 
  • Орта медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі 7%-ға азайып, 4 230-дан асқан.

Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтарға қарай еліміздегі барлық ведомстволық мекемелерді қоса алғанда, денсаулық сақтау жүйесінде 275 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде:

  • 83 мыңнан астамы – дәрігерлер;
  • 191 мыңға жуығы – орта медициналық мамандар.

Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, соңғы үш жылда кадр санының тұрақты өсуі байқалған. 

«Соңғы үш жылда біз медицина кадрлары санының өсуі бойынша тұрақты оң динамиканы байқап отырмыз: дәрігерлер саны 2%-ға, ал орта медицина қызметкерлері 0,5%-ға өсті. Бүгінгі таңда Қазақстанда медициналық кадрлармен қамтамасыз ету ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіштерінен асып түседі, бұл іске асырылып жатқан кадр саясатының тиімділігін растайды», деді ол.

Айта кетейік, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесі 2024 жылдың қазанынан бастап іске қосылды. Ол 186 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтыған.

Сонымен қатар ауылға 5 жылға және одан да ұзақ мерзімге барған тапшылық мамандық иесі дәрігерлерге 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде (8,5 млн теңге) біржолғы жәрдемақы төленеді. Қазіргі таңда 254 дәрігер осындай қолдауға ие болды, жалпы сомасы – 2,1 млрд теңгеден асады.