• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 15:43

Трансплантация жасату үшін шетелге шығу азайды

30 рет
көрсетілді

Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде отандық трансплантация, яғни маңызды операциялар мен донорлықты дамыту мәселесі қозғалды. «А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ ғылыми-клиникалық және инновациялар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Шоқан Қаниев отандық трансплантологияның болашағы туралы төмендегідей жәйттермен бөлісті,деп хабарлайды Egemen.kz.

2024–2025 жылдары Қазақстандағы трансплантология саласында ілгерілеу бар деуге болады. Қазақстан азаматтарының трансплантация жасату үшін шетелге шығуына қажеттілік азайған. Қазір барлық күрделі оталардың көпшілігі елімізде жасалады. 2024–2025 жылдары ішкі сұранысты толық өтеу көзделіп отыр. Мамандардың біліктілігі артып, технология дамыған сайын Алматының трансплантология бойынша өңірлік орталыққа айналу мүмкіндігі де артып келеді.

Мысалы, 2024 жылы Қазақстанда ішкі органдарды ауыстыру бойынша 250 операция жасалды. Бұл – бұрнағы жылмен салыстырғанда едәуір көп. Мәселен, 2023 жылы мұндай 200 операция жүргізілген. Олардың басым бөлігі тірі донордан алынған: 227 отада науқастарға туыстары донор болса, 23 жағдайда қайтыс болғандардың органдары пайдаланылған.

2024 жылы еліміз бойынша 4 мыңнан астам адам трансплантация кезегінде тұрса, олардың көбі – бүйрекке мұқтаж (шамамен 3723 адам), оның ішінде 80-і – балалар. Бұдан бөлек, 100-ге жуық бала бүйрекке, бауырға немесе жүрекке мұқтаж, олар үмітпен кезегін күтіп жатыр.

Қазақстандық емханалар да кәсіби біліктілігін арттыруға ұмтылып отырғанын атап өткен жөн. Нақтылай түссек, трансплантологияның маңызды орталығы саналатын Алматыда соңғы екі жылда екі ірі операция сәтті өтті. Мысалы, 23 жастағы науқасқа 53 жастағы әйелдің жүрегі салынды. Ал 2025 жылдың сәуір айында А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының мамандары алғаш рет үш бүйректі қатар ауыстыру отасын жасады. Бұл жетістікті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жоғары бағалады.

Алматылық емханалар күрделі оталармен қатар, ағарту жұмыстарына да белсенді атсалысады. Жергілікті телеарналар донорлық мәселесін тұрақты түрде көтеріп, дәрігерлер эфирге шығып, көмек күтіп отырған науқастардың үнін қоғамға жеткізуге тырысады. Бұдан бөлек, республикалық акциялар, соның ішінде барлық ауруханалар қатысатын Донор күні де өткізіліп тұрады.

Дегенмен халықтың көбі хабардар болғанымен, донор болудан бас тартатындар әлі де көп. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі бұл іске дін өкілдері мен қоғам қайраткерлерін тартуда. Сонымен қатар eGov порталы арқылы тіркеу процесі барынша жеңілдетілген.

«2021 жылдан бері бұл жүйе елімізде келісім арқылы жүзеге асып жатқанына қарамастан, небәрі 6,5 мың адам ғана қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берген. Ал 90 мыңнан астам адам бас тартқан. Қоғамда қорқыныш, күмән көп. Кейбір наным-сенімнің де әсері бар. Адамның миы өліп, жүрегі тоқтағанда ғана донор бола алады және ол арнайы комиссияның бақылауымен жүзеге асады – мұны әлі де түсінбейтіндер бар»,  дейді Шоқан Қаниев.

Қазір жүйе бейімделу сатысынан өтіп жатқандықтан, Қазақстан балама жолдарды да дамытып жатыр. Соның бірі – туыстардың донор болуы. Елімізде жасалатын бүйрек трансплантациясының шамамен 85%-ы тірі донорлар – туыстары немесе жұбайлары тарапынан жүзеге асырылады. Бұл әдіс – уақытты үнемдеп, тез арада емделуге мүмкіндік береді. Ал доноры жоқ науқастарға трансплантация мүмкін болғанша гемодиализ немесе перитонеальды диализ жасалады.

Бүгінде Қазақстанда жеті трансплантация орталығы жұмыс істейді. Оның үшеуі Астанада, біреуі Алматыда, қалғандары Шымкентте, Ақтөбеде және Түркістанда орналасқан. Пациенттер кез келген орталықты таңдап, жергілікті емханасы арқылы рәсімдей алады. Егер науқастың жағдайы күрделенсе немесе байланыс нөмірі өзгерсе, ол тіркеуден шығып қалмауы үшін үйлестірушілерге дер кезінде хабар беруі қажет.

«Мыңдаған адамның өміріне араша түсу үшін донорлар базасын ұлғайтуымыз керек. Ол үшін әр азамат бұл іске жауапкершілікпен қарап, қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім беруі тиіс. Осы арқылы сіз біреудің өмірін құтқарып, оның өмірін ұзарта аласыз»,  деді Шоқан Қаниев.

Алматы