Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында «Егінжай күні» өтті. Жиын барысында көміртекті егіншілікті дамыту, көміртекті секвестрлеу және топырақ құнарын қалпына келтіру жөніндегі инновациялық шешімдерді көрсету, органикалық секторды қолдаудың институционалдық тетіктері талқыланды.
«Климаттық өзгерістер аясында біздің алдымызда табиғи капиталды үнемдеуге негізделген тұрақты және инновациялық егіншілікке көшу міндеті тұр. Өкінішке қарай, кейінгі онжылдықтарда топырақ құнары қатты нашарлады. Мамандардың бағалауынша, ел аумағының шамамен 33%-ы (90 млн га) деградацияға ұшыраған – эрозия, шөлейттену, тұздану мен ластану белең алған. Оның 29 млн гектары құнарын мүлде жоғалтты. Егістік алқаптардың 75%-ы әртүрлі деградацияға ұшыраған, алқаптардың 62–63%-ында қарашірік (гумус) мөлшері өте төмен. Бұл топырақтың ылғалды сақтау және қоректік заттарды сіңіру қабілетін нашарлатады», деді семинар жұмысын тізгіндеген Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Айтуынша, еліміз топырақ пен биомассада көміртекті секвестрлеуге кең мүмкіндікке ие.
«Жайылымдар мен пайдаланылмай жатқан егістік алқаптардың едәуір бөлігі қалпына келтіріліп, тиімді көміртек резервуары ретінде пайдаланылуы мүмкін. «Көміртекті полигондар» құру бастамасы деградацияланған жерлерге орман белдеулері мен көпжылдық дақылдар отырғызу – елдің «жасыл өкпесін» қалыптастыруға бағытталған. Климаттық саясатқа сәйкес, 2030 жылға дейін CO₂ шығарындыларын 325 млн тоннаға дейін қысқарту керек. Осы тұрғыдан алғанда, органикалық және көміртекті егіншілік бірін-бірі толықтыратын тәсілдер ретінде қарастырылады», деді А.Күрішбаев.
Ұлттық ғылым академиясы «Көміртекті егіншілік аясында топырақтағы көміртек пен парниктік газдарды басқаруға арналған кешенді және интеграцияланған тәсілдер: топырақ құнарлылығын арттыру мен аграрлық сектордың климаттық орнықтылығын қамтамасыз ету стратегиясы» атты жоба әзірлеп, оны жүзеге асыру бастамасын көтерді. Бағдарлама көміртек үнемдеуші агротехнологияларды енгізуді, геоақпараттық жүйелер мен жасанды интеллект негізінде көміртек балансының мониторинг жүйесін құруды, топырақтағы органикалық көміртекті секвестрлеудің нормативтерін ғылыми тұрғыда негіздеуді, сондай-ақ ел аумағында көміртекті полигондар желісін дамытуды көздейді.
«Алматы облысы – еліміздің аграрлық әлеуеті зор өңірлерінің бірі. Мемлекеттік қолдау мен заманауи ғылыми жетістіктердің нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешен серпінді дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 675 млрд теңгені құрап, республикалық деңгейде облыс 8,2% үлеспен 5-орынға шықты. Осы жылы аталған көрсеткішті 750,1 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр», деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысы ауыл шаруашылығы өндірісінде басты ұстаным – көп жер егіп, аз өнім алу емес, аз аумақтан мол өнім жинауға бағытталуға тиіс екендігін атады. Бұл орайда элиталық тұқымдарды, тамшылатып суару мен агротехникалық әдістерді қолдану арқылы өнім көлемін 3 есе арттырып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады.
«Ауыл шаруашылығын жеке тұрғыдан емес, инженерлік инфрақұрылыммен, жол желісімен және логистикамен де өзара байланыста қарау керек. Мысалы, су үнемдеу технологиясын енгізу электр қуатына тәуелді. Сол секілді жол сапасы төмен аймақтарда өнім нарыққа уақытында жетпей, шығынға ұшырайды. Ал ғылыми сүйемелдеу жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді», деді өңір басшысы.
Алматы облысы