• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:07

Сингапурдағы халықаралық конференцияға қатысты­

30 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төр­аға­сы, Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшылары съезі Хатшы­лы­ғының басшысы Мәулен Әшімбаев Сингапурда өткен Ұйымшыл қоғамдар жөніндегі халықара­лық конференцияға қатыс­­ты. Аталған іс-шара әралуан­дық­тағы көпмәдениеттілік пен үйлесім мәселелері бойынша пікірталастың жаңа кезеңі саналады.

Іргелі жиында белгілі аналитиктер, сая­саткерлер, қоғам және дін қайраткерлері мен жас көшбасшылар «Біртұтас қоғамдар, тұрақты болашақ» ұранымен бүкіл әлемде біртұтас әрі тұрақты көпмәдениетті қоғам құруды көздейтін инновациялық шешімдер әзірлеу барысына мән берді. Сондай-ақ олар бұл бағыттағы идеялармен бөлісіп, озық тәжірибелерді талқылады.

Конференция аясында өткен дөңгелек үстелде М.Әшімбаев «Әралуандықтағы бірлік: көпмәдениетті қоғамда дінаралық және этносаралық диалогті дәріптеу» тақырыбында сөз сөйледі. Кездесуге Пар­ламент депутаттары, Сингапурдың Дінаралық ұйымдарының Президенті, дін қайраткерлері, сарапшылар мен жастар қоғамдастықтарының өкілдері қатысты. Өз сөзінде палата спикері әлемде геосая­си тұрақсыздық белең алған қазіргі кезде осындай кездесудің маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Сингапурды екі мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының іргетасын қалып­тастырған көпмәдениеттілік пен ашық диалогке ұмтылыс сияқты ортақ құнды­лықтар біріктіретініне назар аударды.

«Кейінгі жылдарда Қазақстан мен Син­гапур арасындағы екіжақты ынтымақтас­тық жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Өзара іс-қимылдың қарқыны мен ауқымы да айтарлықтай артты. Бұл ретте екі елдің серіктестігін одан әрі нығайтуды және бар әлеуетті тиімді іске асыруды көздеген жоғары мемлекеттік деңгейдегі байланыстың жандана түсуі маңызды рөл атқарғаны анық. 2023 жылы Сингапур Президенті Халима Якоб Астанаға келді. Бұл Сингапур Президентінің Орталық Азияға жасаған алғашқы сапары болды. Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сингапурға кейінгі 20 жылда алғаш рет мемлекеттік сапармен келді», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар М.Әшімбаев рухани дипломатияны ілгерілету үшін ортақ күш-жігерді біріктірудің маңызды екенін тілге тиек етіп, Сингапур бастамашы болған Ұйымшыл қоғамдар жөніндегі халықара­лық конференцияның көптеген аспектісі Қазақстан өткізіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің миссиясымен үндес екенін айтты.

«Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап конфессияаралық келісім мен қоғам бірлігін нығайтуға ықпал етіп келеді. Сингапурдың 2003 жылы қабылданған Діни келісім туралы дек­ларациясы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің декла­рациясындағы маңызды принциптермен сәйкес. Екі декларацияда да келісім тыңдауға, құрметтеуге және жасампаздыққа дайын болуды көздейтін белсенді әрі тұрақты жұмыс екені айтылады. Сондай-ақ бұл бастамалар аталған салаға жастарды жұмылдыруға үлкен мән береді. 2023 жылы біз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында Жас дін көшбасшыларының форумын өткізуді қолға алдық. Биылғы қыркүйекте Астанада VIII Съезд аясында екінші форум өтеді. Біз сол іс-шараға қатысу үшін Сингапурдан келетін діни конфессиялардың жас өкілдерін, ғалымдар мен зерттеушілерді қуана қарсы аламыз», деді М.Әшімбаев.

Кездесуде рухани дипломатияның ішкі және сыртқы диалогті жолға қою, теңгерімді өңірлік саясат жүргізу кезіндегі ұйыстырушы рөліне жоғары баға берілді. Іс-шара барысында Қазақстан мен Сингапур негізгі ішкі құндылықтар – диалог, толеранттылық және инклюзивтілікті өздерінің сыртқы саясатының негізіне айналдырғаны да атап өтілді.

Айта кетейік, Ұйымшыл қоғамдар жөніндегі халықаралық конференция (ICCS) үш жылда бір рет Сингапурдың Мәдениет, қауымдастықтар және жастар министрлігінің қолдауымен өткізіледі. Бастама қолға алынғалы бері оған 50-ден аса елден 2 мыңнан аса қатысушы келген.

Биылғы конференцияға түрлі діни конфессиялардың, сарапшылар қауымдастығының көшбасшылары, ғалымдар, саяси қайраткерлер мен белсенді жастар қатысты. Форум аясында білім мен тәжірибе алмасуға басымдық берілген секциялық отырыстар, семинарлар, көшпелі іс-шаралар, экспозициялар және нетворкинг-сессиялар ұйымдастырылды.