• RUB:
    6.61
  • USD:
    518.5
  • EUR:
    601.62
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 16:13

Тәуелді азаматтарды оңалтатын ұлттық бағдарлама қажет - Тұрлыханов

20 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің атына елімізде алкогольге, нашақорлыққа және ойын тәуелділігіне ұшыраған азаматтарды емдеу және оңалтудың жүйелі жолға қойылмауына байланысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бүгінде диспансерлік есепте «алкогольдік тәуелділік» диагнозымен, есірткіге тәуелді, сондай-ақ ойынға тәуелділік белгілері бар азаматтар аз емес. Аталған тәуелділіктерден емдеу және оңалту бойынша жұмыстар негізінен жеке меншік медициналық және психологиялық орталықтарда жүзеге асырылады. Алайда олардың қызмет құны көпшілікке қолжетімсіз. Бұл өз кезегінде халықтың ауқымды бөлігіне көмек алу мүмкіндігін шектейді», деді депутат.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік мекемелер көбіне тек медикаментозды емдеумен шектеліп, әлеуметтік оңалтудың толыққанды жүйесін ұсынбайды. Сонымен қатар, тәуелді азаматтарға тегін немесе субсидияланған көмек көрсету, қаржыландыру механизмі мен емдеу стандарттары әлі күнге дейін жүйеленбеген.

«Синтетикалық есірткілерді тұтынуға байланысты кей өңірлерде қылмыс деңгейінің күрт артуы да – профилактиканың, ерте диагностикалау мен оңалтудың болмауының салдары. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, тәуелділікпен күрес – тек мемлекеттік қатысу, ведомствоаралық үйлестіру және қызметтердің қолжетімділігі негізінде ғана тиімді болады», деді депутат.

Мысал ретінде Тұрлыханов Қытайдағы әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеуді қамтитын көпдеңгейлі оңалту орталықтарын, Үндістандағы арнайы мемлекеттік бағдарламаларды, Беларусьте тегін қызмет көрсететін наркодиспансерлер желісін және Ресейдегі 2030 жылға дейінгі антинаркотикалық мемлекеттік саясатты атап өтті. Сонымен қатар, Португалия мен Нидерланды секілді Еуропа елдерінде тәуелділік медициналық мәселе ретінде қарастырылып, ресоциализацияға басымдық берілетінін мысал етті.

«Өзбекстан 2024–2028 жылдарға арналған ұлттық стратегия қабылдады, Қырғызстанда тәуелділікті емдеу алғашқы медициналық көмектің құрамдас бөлігіне енгізілсе, Тәжікстан 2021–2030 жылдарға арналған ұлттық стратегия аясында ведомствоаралық үйлестіруді қолға алды», деді депутат Орталық Азия елдеріндегі ахуалға тоқталып.

Осыған байланысты Дәулет Тұрлыханов Үкімет басшысына келесі ұсыныстарын жеткізді:

Тәуелді азаматтарды оңалтудың ұлттық бағдарламасын әзірлеу және бекіту, оның аясында тегін немесе субсидияланған мемлекеттік оңалту орталықтары желісін құру; Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Туризм және спорт министрліктері мен басқа да мүдделі ұйымдардың қатысуымен ведомствоаралық үйлестіру механизмін енгізу; ДДҰ және дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, тәуелділіктерге шалдыққан адамдарды диагностикалау, емдеу және әлеуметтік оңалту бойынша бірыңғай ұлттық стандарттарды әзірлеу; Республикалық бюджетте тәуелділіктің алдын алу мен оңалтуға, ақпараттық-ағарту науқандарына және мамандар даярлауға бағытталған мақсатты қаржыландыруды көздеу.

«Бұл ұсыныстар Үкімет деңгейінде кешенді түрде қабылданатын болса, тәуелділікке шалдыққан адамдарды емдеу мен оңалту бойынша тұрақты мемлекеттік жүйе қалыптасады және еліміздің азаматтарының денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсерін тигізеді», деді депутат өз сауалында.