Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын, атап айтсақ, нотариаттық қызмет мәселелері, «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын қарады.
Сондай-ақ жалпы отырыста «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды. Толықтырулар мен өзгерістер жобасын Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
2023 жылдың 25 желтоқсанында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа электронды сауда бойынша өзгерістер енгізу туралы хаттаманы бекіткен. Жалпы отырыста Мәжіліс осы хаттаманы ратификациялау туралы шешім қабылдап, Сенатқа жолдады.
Бұл құжат арқылы халықаралық пошта арқылы үшінші елдердің интернет-платформаларынан жеке тұлғалардың атына жіберілетін тауарларды «электрондық сауда тауарлары» ретінде бөлек санатқа бөлу – электрондық сауда тауарларына бөлу қарастырылған.
– Сондай-ақ хаттамада «электрондық сауда операторы» ұғымын, электрондық сауда декларациясы деген жаңа түрдегі кеден декларациясын енгізу ұсынылып отыр. Қазіргі таңда шетелдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлардың құны 200 еуродан, салмағы 31 килограмнан аспаса, жеке пайдалануға арналған тауарлар санатына жатады. Осыған байланысты аталған тауарлар ресми статистикаға енгізілмейді. Себебі сауда айналымына жатпайды. Электрондық сауда тауарларының барлық көлемін декларациялау шетелдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлар туралы толық статистиканы құруға мүмкіндік береді, – деді С.Жұманғарин.
Сондай-ақ ол бұл құжат шетелдік интернет сауда платформаларына ғана міндеттеме жүктейтінін, ал еліміздің қарапайым тұтынушылары шекарадан бұрынғыдай тәртіппен кіріп-шығатынын айтты.
Сонымен қатар осы отырыста Парламент жаңа Салық кодексін бекітті. Яғни Мәжіліс жаңа Салық кодексі мен ілеспе құжатқа Сенаттың жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен келісті.
Кодекстің басты мақсаты – экономиканың әртүрлі секторларындағы сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу, арнаулы салық режімдерін реформалау, мемлекеттік кірістер органдары мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету.
– Қаралып отырған заң жобаларын Үкімет Мәжіліске былтырғы 28 тамызда енгізген. Биылғы 30 сәуірде Мәжіліс Салық кодексін және оған ілеспе заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді. Осы жылы 23 маусымда олар Мәжіліске қайтарылды. Сенат Салық кодексіне 131 түзету енгізді. Оның ішінде 41 позиция бойынша Кодекстің тұжырымдамалық тұстарын өзгертпейтін жаңа нормалар ұсынылды. 70 позиция бойынша мәтін, сондай-ақ өтпелі ережелер мен жекелеген нормативтік құқықтық актілерді енгізу мерзімдері нақтыланған және жетілдірілген. Ал 20 позицияда салық саласында әкімшілендіру бойынша нормалар нақтыланады, – деді заң жобасы туралы баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.
Ілеспе заң бойынша Сенат 35 позиция енгізген. Олар редакциялық және нақтылау сипатына ие, сондай-ақ жекелеген заңнамалық актілерге, оның ішінде Сенат енгізген түзетулерге сәйкес келтіруді көздейді.
– Жалпы, Сенат енгізген түзетулер заңдардың тұжырымдамалық нормаларын өзгертпейді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Сенаттың Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына енгізетін өзгерістермен және толықтырулармен келісуді ұсынады, – деді Б.Бейсенғалиев.
Жалпы, Мәжіліс Салық кодексінен басқа, Сенаттың кейбір заңнамалық актілерге құқық қорғау саласына қатысты енгізген түзетулерімен, Салық кодексін қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келісті.
Жалпы отырыс соңында депутаттар қоғамдық әрі мемлекеттік маңызды мәселелер қаузалған сауалдарын жолдады. Таңсәуле Серіков Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың назарына қарапайым еңбек адамдарының мәселесін жеткізді.
– Біз қызметкердің мәртебесін көтеру керек дегенде нені айтамыз? Осы орайда мекеменің емес, сол мекемеде еңбек ететін қызметкердің мәртебесін көтеру керек екенін айтқым келеді. Қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған, елеусіз көрінгенімен, аса маңызды қызмет атқаратын маман иелерінің, яғни кез келген мекемедегі еден жуушы, техникалық қызметкер, гардеробшы, қарауыл, вахтер, аула сыпырушы сынды жұмысшылардың мәртебесі мен жағдайы қазіргі таңда өзекті, – деді депутат Т.Серіков.
Қысқасы, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Т.Серіков Жұмысшы мамандықтары жылы – бос ұранға айналмай, нақты істермен көрініс табуға тиіс екенін атап өтті. Ал бұл бағыттағы алғашқы қадам – ең төменгі буында еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандарға деген қамқорлықтан басталуы қажеттігін алға тартты.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаты Нұрлан Әуесбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің импортын алмастыру тақырыбындағы депутаттық сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады. Оның айтуынша, бүгінде еліміз – азық-түлік тауарлары бойынша бірнеше негізгі бағытта импортқа тәуелді елдердің қатарында. Ал бұл бағыттардағы өндірісті дамыту үшін қазынадан миллиардтаған қаржы бөлініп отырғанына қарамастан, кейінгі жылдары кейбір өнімдер бойынша еліміздің баға көрсеткіштері айтарлықтай жағдайда төмендегені байқалады.
– Мысалы, отандық қант өндірісінің ішкі нарықтағы үлесі біршама төмендеп кеткен. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде халық тұтынып отырған қанттың тең жарымынан астамы шетелден импортталып отыр екен. Материалдық-техникалық ресурстарды субсидиялауға 168 млрд теңге қарастырылды, оның ішінде қант зауыттарының негізгі және айналым қаражаттарын толықтыруға 39,3 млрд теңге бөлінген. Бірақ осыншама мол қаржының қаншалықты тиімді жағдайда жұмыс істегені беймәлім, – деді Н.Әуесбаев.
Депутат Үкімет басшысына жағдайды реттеу үшін ЖСДП фракциясы атынан бірқатар ұсыныс жолдады. Оның негізгісі субсидиялар мен мемлекеттік қолдау тетіктерін толық цифрландыру қажет.
«Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Ерболат Саурықов Үкімет басшысы Олжас Бектеновке кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселелері тақырыбында сауал жолдады. Ерболат Байұзақұлы мектеп оқушыларының мектеп аумағынан өзге жерлерде, сабақтан тыс уақытта, демалыс, каникул кезінде жасаған құқықбұзушылықтары үшін мектеп директорлары мен оқу бөлімінің меңгерушілерін тәртіптік жазаға тарту немесе жұмыстан шығару жағдайлары көбейіп бара жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай жағдай көбіне ауылдық жерлерде ушығып тұр екен. Соның салдарынан ауыл мектептерінде директор және оқу бөлімінің меңгерушісі лауазымдарына үміткерлер табу қиындап барады.
Жалпы отырыста палата спикері Ерлан Қошанов VIII сайланған Парламенттің үшінші сессиясындағы Мәжіліс қызметін қорытындылады.
Осы уақыт ішінде төменгі палатада 39 жалпы отырыс өтіп, онда 248 мәселе қаралған, 90 заң қабылданып, 39 халықаралық шарт пен келісім ратификацияланды. Мәжіліс депутаттары заң шығару қызметі аясында жаңа Салық кодексі бойынша ауқымды жұмыс атқарған. Бұл заң осы сессияда ең көп талқыланған құжат болды. Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленіп, қабылданған Су кодексінде су ресурстарын сақтау мен дамытуға басымдық берілген.
Сондай-ақ депутаттар мемлекеттік органдарға 461 депутаттық сауал жолдап, азаматтарды толғандырып жүрген ең өзекті мәселелерді қамтыды.
– Келесі сессияда да біздің алдымызда бірқатар маңызды заң қабылдау міндеті тұр. Атап айтқанда, Құрылыс кодексі, сондай-ақ құқық бұзудың алдын алу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банктер және банк қызметі туралы, басқа да көптеген маңызды заңдар бар, – деді Е.Қошанов.
Сондай-ақ депутаттар Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата аясында азаматтық қоғаммен және сарапшы қоғамдастық өкілдерімен тығыз жұмысты жалғастыра береді. Қоғамдық қабылдау жұртшылықпен байланыс жасаудың тиімді арналарының біріне айналған. Осы сессия барысында депутаттар 2 мыңнан аса азаматты қабылдапты.