«Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйымдастыруымен Конгресс-орталықта AFM Online 2025 «XXI ғасырдың цифрлық триггерлері» форумы өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – қаржылық және цифрлық қауіпсіздік саласындағы заманауи сын-қатерлерді талқылау. Форумға 2 мыңнан аса адам қатысты, олардың қатарында мемлекеттік органдардың басшылары, сарапшылар, миллиондаған жазылушысы бар блогерлер және қоғам қайраткерлері бар.
Азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және оларды қаржылық алаяқтықтан қорғауға бағытталған форумның күн тәртібінде қаржы пирамидаларына қатысудың тәуекелдері, «дроптар» қызметі, интернеттегі алаяқтыққа жауапкершілік және алдын алу шаралары талқыланды.
Жалпы, тақырып аясындағы білім, ақпараттандыру бағытындағы баяндамалар интерактивті форматпен қатар жүрді. Яғни блогерлер өз басынан өткен, әлі де болып жатқан алаяқтық оқиғаларды әңгімелеп берсе, «Патруль» және «Коптар 667» телехикаяларының актерлері қаржылық алаяқтық туралы скетчтер көрсетті. Олар нақты оқиғаларды бөлісіп, цифрлық тұзақтарды қалай тануға және болдырмауға болатыны жөнінде құнды кеңес айтты.
Форум мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалог алаңына айналды. Қаржылық мониторинг агенттігі басшылығы басты ұйымдастырушы ретінде осындай іс-шараларды түрлі форматта өткізіп, алдын алу жұмысына халықты кеңірек тартуды жалғастыра беретінін жеткізді.
«Агенттік «Заң мен тәртіп» бастамасы аясында үлкен форумды қолға алып отыр. Бұл іс-шараны осымен дәстүрлі түрде екінші жыл қатарынан ұйымдастырдық. Басты мақсатымыз – халықтың қаржылық сауатын арттыру. Бүгінгі таңда қаржылық пирамидалар мен алаяқтық жобалардың өзектілігі жойылмай тұр. Сол себепті осындай жобаны қолға алдық. Жоба аясында қаржылық қаскөйлердің қақпанына қалай түсіп қалмау керек, алаяқтық схемалардан өзіңді қалай қорғау қажет деген сұрақтарға сарапшылар тиісті жауабын бермек. Сондай-ақ елдің алдында жүрген танымал блогерлер мен актерлер де жастарға өз басынан өткен жағдайларды баяндай отырып, сақтандыру жолдарын ұсынды», дейді Қаржылық мониторинг агенттігі департамент директорының орынбасары Андрей Давыдов.
Ал Астана қаласындағы Барлыбек Сырттанұлы атындағы №34 орта мектептің директоры Амангелді Боданов қаржылық сауаттылықты балалардың бойына ерте жастан сіңіру қажеттігін алға тартты.
«Бұл форумда бүгінгінің ең өзекті мәселесі болып отырған қаржылық сауаттылық мәселесі басты тақырып болды. Адам бойындағы қаржылық сауаттылықты ерте жастан қалыптастыру керек. Бүгінде мектептегі қаржылық сауат ашу курсы жоғары сыныптарда басталады, ал төменгі сыныптарда оқытылмайды. Қазір қоғамда қылмыстың түрі ушығып тұр. Соның ішінде алаяқтардың құрбаны болып жатқандар қаншама. Бұл ретте қоғам мүшелерінің қаржылық сауатсыздығы көп жағдайға себеп. Сондықтан осы бағыттағы білім көкжиегімізді кеңейтсек қана осындай қауіп-қатерлердің алдын ала аламыз. Осындай форумдардың алдағы уақытта да жалғасын таба беруіне мүдделіміз», дейді мектеп директоры.
Форумда Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай еліміздегі алаяқтықпен, киберқылмыспен күрес шараларының барысын баяндады.
«Бүгінде елімізде ең кең тараған интернеттегі алаяқтықтың бір түрі – инвестициялық алаяқтық. Бұл қазіргі таңда қатты дамып жатқан нейро желінің көмегімен жүзеге асырылады. Әсіресе танымал азаматтардың жасанды бейнероликтері өте көп. Қазір жұрт көбіне осындай алаяқтарға ұрынып жатыр. Бұл елімізде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде проблема болып тұр», деді Ж.Сүйінбай.
Ол өз сөзінде екі жылдан бері бірқатар мүдделі мемлекеттік органдармен, салалық министрліктермен, ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, алаяқтықтыққа тұсау салу мақсатында көптеген шектеу қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, екі жылдан бері өзгертілген нөмірмен 67 млн жалған қоңырау шалынған екен.