• RUB:
    6.61
  • USD:
    518.5
  • EUR:
    601.62
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 13:35

Енді телефон сәйкестігін тексеру қызметі нарыққа ашық болады

20 рет
көрсетілді

Елімізде телефон құрылғыларын верификациялау қызметін бірнеше жеке компания атқаратын болды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Оның айтуынша, құрылғыларды сәйкестендіру жүйесін жылдам енгізудің ең тиімді жолы – жеке секторды тарту.

«Бұл – жүйені іске қосудағы ең жылдам әрі икемді әдіс. Біз нақты талаптар белгілеп, ашық іріктеу жүргіздік. ATS Mediafon KZ компаниясы сол талаптарға бірінші болып сай келіп, қызметті бастап кетті», деді вице-министр Сенатта өткен брифингте.

Министрлік верификация қызметін ұсынатын компанияларды анықтау үшін конкурс немесе тендер өткізбейді. Бұл салаға кез келген ұйым арнайы талаптарға сай келген жағдайда қосыла алады.

«Бұл ретте ешқандай монополия болмайды. Қазірдің өзінде екі компания ниет білдірді. Яғни қызметті бірнеше ұйым атқарады. Сонымен қатар бұл жеке тұлғаларға қосымша салмақ салмайды. Процесс тек бизнес пен верификация операторлары арасында жүреді», деп нақтылады Досжан Мұсалиев.

Айта кетейік, елімізге 2025 жылғы 25 наурыздан кейін әкелінген барлық телефондар IMEI-код арқылы міндетті түрде верификациядан өтуі тиіс. Бұған дейін тіркелген құрылғылар автоматты түрде верификацияланған болып саналады.

Жаңа ережеге сәйкес, алғашқы екі ай ішінде кәсіпкерлер бұл қызметті тегін пайдалана алды. Ал 25 мамырдан бастап әр құрылғы үшін 1 АЕК көлемінде (2025 жылы – 3932 теңге) төлем төлеуге міндетті.