• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Еңбек Кеше

Еңбек мобильділігіне арналған республикалық форум басталды

30 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысында «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру» тақырыбында тұңғыш рет республикалық деңгейдегі кең ауқымды форум өтіп жатыр. Бұл бастама жайында Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Долдашев мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Форум аясында ерікті түрде қоныс аудару арқылы еңбек нарығындағы теңгерімсіздікті шешуге бағытталған іс-шаралар легі ұйымдастырылып отыр. Бұл мақсатта арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, оған жұмыс берушілер мен жұмыс іздеуші азаматтар қатысты.

Нұрбол Долдашевтің айтуынша, форумға қатысуға балалар үйлері мен ауылдарының тәрбиеленушілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 16–23 жас аралығындағы мектеп-интернат түлектері өтініш бере алады. Сонымен қатар, басымдық экономикалық себептермен, штаттың қысқаруына байланысты немесе өндірістік көлемнің азаюына орай жұмыстан босатылған азаматтарға беріледі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Лаура Махмутова атап өткендей, форум барысында солтүстік өңірлердің өкілдері қатысатын арнайы «Қоныс аудару» жәрмеңкелері де ұйымдастырылып жатыр. Бұл жәрмеңкелер облыстың барлық аудандары мен қалаларын қамтиды.

Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда:

отбасының әрбір мүшесіне 275,2 мың теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек қарастырылған;

тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге арналған шығындарды өтеу үшін 12 ай бойы 15–30 АЕК көлемінде (яғни, 58 980–117 960 теңге аралығында) төлем ұсынылады.

Ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша мансап орталықтарына жүгіну қажет. Биылғы өңірлік квота аясында қоныс аударушыларды қабылдайтын облыстар – Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан.

Маңғыстаудағы бұл форум тек еңбек ресурстарының теңгерімді бөлінуіне ықпал етіп қоймай, әлеуметтік жағынан осал топтағы жастардың өз болашағын жоспарлап, жаңа аймақтардан орын табуына да мүмкіндік бермек. Осылайша, жұмыс күші тапшылығы байқалатын өңірлерге кәсіби мамандарды тарту мен ел ішіндегі демографиялық және экономикалық теңгерімді сақтау мәселелері шешімін табуға бір қадам жақындай түседі.