• RUB:
    6.63
  • USD:
    520.39
  • EUR:
    609.58
Басты сайтқа өту
Мектеп Бүгін, 09:50

«Келешек мектептері» – болашаққа салынған инвестиция

40 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары отандық білім саласында сапалы және қолжетімді білім алуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы тұрғыда жиі айтылатын екі ұғым бар: біріншісі – «Келешек мектептері», екіншісі – элиталық мектеп. Сырт көзге ұқсас көрінгенмен бұл екі форматтың миссиясы мен жүзеге асу жолдары әртүрлі.

«Келешек мектептері» – тек жаңа мектептердің құрылысы емес, ел бола­шағына бағытталған жүйелі әрі ұзақ­мерзімді стратегия. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған ұлттық жоба еліміздің білім жүйесіне түбегейлі серпіліс әкеліп отыр. Мемлекет басшысы 2022 жылғы Жолдауында білім сапасын арттыру мен жаңа мектептер салудың маңыздылығын атап өткен еді. Осы тапсырма аясында кейінгі 6 жыл ішінде елімізде 1 миллионнан астам оқушыны қамтитын 1000-нан аса жаңа мектеп бой көтерді. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің кез келген өңіріндегі, кез келген әлеуметтік топтағы балаға сапалы білімді тең қолжетімді ету. Үшауысымды оқытуды жою, апатты мектептерді алмастыру, оқушы орын тапшылығын болдырмау.

Жаңа мектептер бірыңғай стандарт негізінде салынып жатыр. Бұл дегеніміз – тек ғимараттың жаңа болуы емес, білім ордасының тұтастай жаңаруы. Мектептер қазіргі заманға сай IT-сыныптармен, зертханалармен, шығармашылық және спорт кеңістіктерімен, инклюзивті білім беруге арналған инфрақұрылыммен жабдықталған. Сонымен қатар мұнда білім мазмұны да жаңарып, оқыту әдістемелері жаңғыртылып, мұғалімдердің біліктілігі арттырылып жатыр. Бұл мектептерде әр бала өз әлеуетін толық аша алады. Яғни тек қалада емес, ауылда да бала заманауи технологиямен, сапалы біліммен қамтылып, тең дәрежеде дамуға мүмкіндік алады. Осылайша, жоба білім саласындағы өңірлік теңсіздікті жоюға, әлеуметтік әділеттілік орнатуға, еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталып отыр.

Осы жыл соңына дейін жоба аясында 217 жаңа форматтағы мектеп салу жоспарланған. Бұл өз кезегінде 460 000-нан астам оқушы орнының ашылуын қамтамасыз етеді. Былтыр алғашқы жаңа форматтағы мектептер пайдалануға берілді. Ал биыл тағы бірнеше жүздеген мектептің құрылысы аяқталуға тиіс.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынатын жаңа білім ордалары өзінің мазмұны мен құрылымы жағынан дәстүрлі мектептерден түбегейлі ерекшеленеді. Ең басты ерекшелігі – бірыңғай заманауи стандарттың енгізілуі. Жоғарыда айтқанымдай тұрғылықты жері немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алу әр балаға қолжетімді. «Келешек мектептердің» жартысына жуығы ауылдық елді мекендерде салынып жатыр. Бұл – 200 мыңнан астам ауыл баласы заманауи, эргономикалық, қауіпсіз білім кеңістігімен қамтылады деген сөз. Жаңа мектептердің жобасы дәстүрлі мектептермен салыстырғанда 15–20 пайызға кеңірек, ал техникалық жабдықталуы төрт есе артық. Бұл балалардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастырып, мұғалімдердің сапалы жұмыс істеуіне жол ашады. Екінші маңызды ерекшелік – заманауи технологиялармен жабдықталуы. Әр мектепте роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, заманауи пәндік кабинеттер, хореография залдары, коворкинг аймақтары, алғашқы әскери дайындық­қа арналған ашық алаңдар, сондай-ақ төрт бірдей спорт зал қарастырылған. Барлық мектеп жаңа үлгідегі жиһазбен, оқу құрал-жабдықтарымен толық қам­тылған. Мұғалімдерге арналған жұмыс бөлмелері де қазіргі заман талаптарына сай жабдықталып, оқу үдерісін тиімді жүргізуге мүмкіндік берілген. Үшінші ерекшелік – қауіпсіздік шараларының күшейтілуі. Жаңа мектептер заманауи бейнебақылау жүйелерімен, кіріп-шыққан тұлғаларды тіркейтін электронды бақылау жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бастауыш және жоғары сынып оқушыларының бөлек блоктарда оқуы баланың жас ерекшеліктеріне қарай қауіпсіз әрі тыныш ортада білім алуына жағдай жасайды. Бұған қоса, жоба аясында мектептердің құрылысына қажетті құрылыс материалдары мен жиһаздар тек отандық өндірушілерден алынып жатыр. Бұл – бір жағынан ішкі нарықты қолдау, екінші жағынан мектептердің техникалық жабдықталу сапасына жауапкершілікпен қарау деген сөз.

«Келешек мектептері» жоба­сы­ның табысты жүзеге асуы, ең алдымен, сол мектептерде жұмыс істейтін мұға­лімдердің кәсіби дайындығы мен білік­тілігіне байланысты. Сондықтан жобаның басты міндеттерінің бірі – жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді тиімді қолдана алатын білікті педагогтермен қамтамасыз ету. Бұл мектептерде мұғалімдердің кәсіби дамуы үздіксіз жүріп отыруға тиіс. Осы мақсатта арнайы бағдарлама әзірленіп, оған заманауи педагогикалық тәсілдер, цифрлық құралдарды меңгеру және оқыту әдістемелерін жетілдіру бағыты енгізілген. Қазіргі таңда 3000-нан астам мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтті, ал алдағы уақытта барлық педагог осы бағытта оқытумен қамтылатын болады. Бұл елімізде мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамытудың бірыңғай стандартын қалыптастыруға жол ашады.

Сонымен бірге жаңа форматтағы мектептерге заман талабына сай ойлайтын, кәсіби білім мен қабілетке ие жас мамандарды тарту үшін жетекші педа­гогикалық жоғары оқу орындарымен мектеп әкімшіліктері арасында тікелей ынтымақтастық орнатылып жатыр. Яғни бұл мектептерге арнайы дайындалған, жаңа буын мұғалімдері келеді.

Жаңа мектептер тек кадрлық құраммен ғана емес, сонымен қатар тиімді басқару жүйесімен де ерекшеленеді. Мектеп директорларын тағайындау кезінде басымдық «Білім беру саласындағы 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге беріледі. Осы арқылы білім саласындағы нағыз жаңашыл, жауап­кершілігі жоғары басшылардың жаңа мектептерді басқаруына мүмкіндік туа­ды. Ұлттық жобаның тағы бір стра­тегиялық мақсаты – осы «Келешек мек­тептері» моделін бүкіл елдегі жалпы білім беретін мектептерге үлгі ету. Жоба аясында пысықталған стандарттар, оқыту әдістемелері мен басқару тәжірибелері рес­публика бойынша кезең-кезеңмен таратылады. Бұл білім жүйесін біріздендіруге, аймақтар арасындағы сапа алшақтығын жоюға және еліміздің әрбір мектебінің заманауи талаптарға сай дамуына негіз болады. Мұндай ауқымды жұмысты тиімді үйлестіру үшін ұлттық жоба аясында салынған мектептерді басқарудың арнайы жүйесі құрылып жатыр.

Ал элиталық мектеп – ақылы негізде жұмыс істейтін, жеке меншік білім мекемесі. Мұндай мектептерде оқушылар саны аз болады. Оқу бағдарламалары халықаралық стандарттарға негізделеді, мысалы, «IB», «A-Level», «GCSE» жүйелері бойынша оқытылады. Әр оқушыға жекелей көңіл бөлінеді, мұғалімдердің жүктемесі аз. Алайда бұндай мектептер қоғамның тек бір бөлігіне ғана қызмет етеді.

«Келешек мектептері» жобасы ауылдық өңірлерді де қамтиды. Жос­парланған 217 мектептің жартысына жуығы ауылдық жерлерде салынып, қала мен ауыл арасындағы білім беру сапа­сындағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның жүзеге асуын жеке бақылауда ұстап отыр: мектептерге барып, Үкімет отырыстары мен Ұлттық құрылтайда бұл мәселені үнемі көтеріп, сапа мен ашықтықты талап етеді.

Элиталық мектептер бұрыннан бар және жеке сектор шеңберінде әрі қарай дами береді. Ал «Келешек мектептері» ел болашағына салынған инвестиция, бұл – бүкіл ұрпақтың дамуына мүмкіндік беретін нақты қадам. Олар әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін, өңірлер арасындағы алшақтықты жоятын, барлық бала үшін сапалы орта қалыптастыратын мемлекеттік деңгейдегі шешім.

Президент бастамасымен қолға алын­ған ұлттық жоба тек мектеп ғима­ратын тұрғызу емес, ол – білім жүйесін түбегейлі жаңғырту, қауіпсіз әрі зама­науи оқу ортасын қалыптастыру, жаңа буын үшін берік негіз құру. Бұл – миллиондаған баланың арманына апаратын жол, олардың дарыны мен қабілетін толық іске асыруға мүмкіндік беретін платформа.

 

Жақсығали ЖҰМАБАЙ,

Орал қаласындағы №51 мектептің директоры

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар