Жасанды интеллектке негізделген отандық RE:CREATE AI жобасы қысқа мерзім ішінде қарқынды дамып, Activate VC және Jas Ventures қорларынан 150 000 доллар инвестиция тартуға қол жеткізді. Бұл – Astana Hub бастамасымен өткен AI’preneurs акселератор бағдарламасының нәтижелі түлектерінің бірі, деп жазады Egemen.kz.
Айта кетейік, AI’preneurs — Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы стартаптарға арналған алғашқы акселераторлардың бірі. Astana Hub бұл бағдарламаны еліміздегі ЖИ технологиялары мен инновациялық экожүйені дамыту мақсатында іске қосқан. Бағдарлама арқылы жасанды интеллектке негізделген өнімдер жасап жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, оларды нарыққа шығару және масштабтау жолдары үйретіледі.
RE:CREATE AI — Instagram, TikTok, YouTube секілді танымал платформалар үшін трендтегі контент идеяларын, сценарийлерді және бейімделген нұсқаларды ұсынатын инновациялық сервис. Бұл құрал әсіресе блогерлер, контент-мейкерлер, шағын бизнес иелері үшін пайдалы. Қолданушы жүйеге өз бағыты бойынша сұраныс жібереді, ал сервис оған танымал әрі көп қаралым жинаған идеялардың негізінде ұсыныстар береді. Осылайша, уақыт пен күш үнемделіп, сапалы нәтиже алуға мүмкіндік туады.
Бастапқыда бұл жоба бейнежазба сценарийлерін автоматты түрде бөліп алып, қайта қолдануға бейімдейтін құрал ретінде ойластырылған болатын. Алайда алғашқы пайдаланушылар дайын идеялардың өзектілігін алға тартып, команда бағытты өзгертеді. Нәтижесінде жоба контенттік трендтерге сараптама жасайтын іздеу платформасына айналды.
AI’preneurs бағдарламасына қатысу жоба дамуына үлкен серпін берді. Бағдарлама басталған кезде RE:CREATE AI-дің тек MVP (ең қарапайым жұмыс істейтін үлгісі) нұсқасы ғана бар болатын. Жобаның негізін қалаушы Зәкіржан Айсабаев бұл жүйені алғашында өзінің әлеуметтік желідегі блогын дамыту үшін пайдаланып көрген. Акселерация барысында команда ондаған қолданушымен сұхбат жүргізіп, АҚШ-та заңды тіркеуден өтіп, алғашқы ақылы жазылымдарын сынап, post-MVP кезеңіне өтті. Жобаның қолданушылар саны осы кезеңде 10 000-нан асты.
«Бағдарламаға дейін мен тек код жазуға мән беретінмін. Ал қазір өнімді нақты тұтынушы үшін жасап жатырмын. AI’preneurs маған сату жолын, бизнес-модель жасауды және қиындықтармен күресуді үйретті. Мен осы күні инвестор тарта алатын стартап иесіне айналдым. Әрине, шаршаған, күйзелген сәттер болды. Бірақ сол кездерде өнімнің техникалық жағы емес, құндылығы маңызды екенін түсіндім. Ал алғашқы жылдық жазылым сатылғанда, өз жолымыздың дұрыс екенін ұқтым», дейді Зәкіржан Айсабаев.
Бағдарлама соңында жоба Activate VC ұйымдастырған Clash of Startups сайысында үшінші орынға ие болды. Бұл жеңіс инвесторлардың назарын аударды. Екі ай ішінде 10 000-нан астам қолданушы тіркелгенде, қорлар стартапқа қаржы құю туралы шешім қабылдайды.
Тартылған қаражат енді өнімді әзірлеу командасын кеңейтуге, мобильді қосымша жасауға, AI алгоритмдерін жетілдіруге және маркетингті ауқымды деңгейге шығару үшін жұмсалмақ.