Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Мемлекет басшысының құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев пен Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сот отырысында алқа төрағалары Нұрсерік Шәріпов, Назгүл Рахметуллина, Аслан Түкиев және Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров шолу баяндамалар жасады. Кейін А.Мерғалиев жаңадан құрылған кассациялық соттардың бұрынғы кезеңдерде жіберілуі мүмкін сот қателерінің тиімді сүзгісіне айналу міндетін белгіледі.
Азаматтық сот өндірісінде істер саны арта түскенімен, сот төрелігінің сапасы сақталған. Биылғы бес айда татуластыру рәсімдерінің үлесі 46,9%-ға жетіп, өткен жылғы 41,6%-бен салыстырғанда елеулі өсім көрсеткен. Медиация мен баламалы тәсілдер арқылы 220 мыңға жуық талап-арыздың жартысы шешілген.
«Бірінші сатыдағы соттардың жұмысы оң нәтиже көрсетті: апелляциялық тәртіпте қаралған шешімдердің саны 2,5%-ға (14 791-ден 14 421-ге дейін) азайды. Кассациялық тәртіпте күші жойылған және өзгертілген сот актілерінің саны шамамен үштен біріне, яғни 263-тен 185-ке қысқарды. Жалпы алғанда, азаматтық істер бойынша түзетілген сот актілерінің үлесі 1,7%-дан 1,4%-ға төмендеді. Бұл республика бойынша біркелкі практиканы сақтаудың жақсы белгісі.Қылмыстық сот ісін жүргізуде ақталғандардың саны 49%-ға (90-нан 134-ке), ал жеке айыптау істерін есепке алмағанда – 128%-ға, яғни екі еседен астамға (26-дан 58-ге) өсті. Ақтау үкімдерінің бұлайша көбеюі соттар жұмысындағы айыптау жағының азайғанын көрсетеді. Тергеу органдарының қамауда ұстауға санкция беру туралы өтінішхаттарын қанағаттандыру көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Егер 2024 жылы соттар өтінішхаттардың 76,6%-ын қолдаса, биыл – 63,5%-ы ғана», делінген хабарламада.
Төрағаның айтуынша, бұл 2018 жылдан бері судьялардың тәуелсіздігіне қол жеткізудегі ең жоғары көрсеткіш.
Соттар сотқа дейінгі сатыда электронды білезіктерді белсенді қолданады: 2025 жылы – 1740 күдіктіге қолданылған. Бұл бүкіл 2024 жылмен салыстырғанда екі есе дерлік көп (954).
«Ол қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне шағымдарды қараудағы соттардың оң практикасы туралы баяндап, соттар қанағаттандырған шағымдардың үлесі 31,8 пайыздан 36 пайызға дейін өскенін атап өтті. Бұл сот бақылауының жақсарғанының көрсеткіші болып саналады. Сонымен қатар, соттар қамауға алудың баламалы шараларын таңдауда оң нәтиже көрсетуде. Мәселен, есепті кезеңде соттар тергеу органдарына қарағанда 6 есе көп (соттар – 1842, органдар – 304) үйқамаққа алуды таңдады», делінген Жоғарғы Соттың хабарламасында.
Жоғарғы Сот Төрағасы сотталғандар үшін жазаны алмастыру институттарын қолдану практикасы бөлігіндегі оң динамикаға тоқталды: есепті кезеңде шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШМБ) туралы өтінішхаттардың қанағаттандырылуы 32,4%-дан 37%-ға дейін ұлғайған, жалпы алғанда жазаны ауыстыру (ЖА) және ШМБ қолданылу көрсеткіштері тұрақтылығы соттар жұмысының тұрақты монторингісіне ықпалын тигізеді.
«Біз сотталғанның цифрлық файлының сақталуын қамтамасыз ететін цифрлық платформаның жұмыс істеу алгоритмін ұсындық, ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату және ЖА туралы өтінішхатты электронды түрде беруді, роботтың көмегімен сот практикасын талдауды, оны сотта онлайн қарауды қамтамасыз етеді. Бастама қолдау тапты, өйткені оны іске асыру қарау мерзімін қысқартады және ең бастысы, сот шешімдерінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді», деп А.Мерғалиев Жоғарғы Соттың ШМБ және ЖА туралы өтінішхаттарды қарауға арналған цифрлық өнімдерді енгізу туралы бастамасын жариялады.
Сонымен қатар әкімшілік әділет саласында талап қоюлардың 7,3%-ға өскені байқалады. Ммүліктік даулар, мемлекеттік сатып алулар, сәулет және қала құрылысы бойынша даулар көбірек. Талап қою қайтаруларының 3%-ға артуы татуласу және талап қоюды қайтарып алумен байланысты, соңғысы көп жағдайда даудың іс жүзінде аяқталуын білдіреді.
«Талап қоюлар бойынша (жеке сот орындаушыларының талап қоюларын қоспағанда), азаматтар мен бизнестің пайдасына қабылданған шешімдердің 57,8%-ы, орталық мемлекеттік органдарға қойылған талап қоюлардың 49%-ы қанағаттандырылды, жергілікті атқарушы органдарға қатысты бұл көрсеткіш 66%-ды құрады. Ең көп қанағаттандырылған талап қоюлар жер (73%), тұрғын үй (72%), салық (57%) даулары және қоршаған ортаны қорғау (57%) бойынша болды. Жазбаша іс жүргізудегі істер бойынша 16%-ға, биылғы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша аумақтан тыс соттылықты қолдану бойынша 64%-ға (202 іске дейін) және шығарылған ақшалай айыппұлдар 1%-ға өсті», делінген хабарламада.
Апелляцияда сот актілеріне түзетулер 3%-ға, кассацияда - 2%-ға азайды. Кәсіпкерлерден түскен 4 мың талап қоюдың жартысы сот арқылы бизнестің пайдасына шешілді. Кассациялық саты жергілікті соттар қабылдамаған шешімдердің 33%-ын (185-тің 61-і) түзетті.
Жоғары сот органының басшысы атап өткендей, Жоғарғы Сот биылғы жылы көптеген жүйелі жұмыстар атқарды, соның арқасында мемлекеттік органдардың назары инвестициялық дауларды соттан тыс реттеуге ауысты.
Нәтижесінде, астананың МАӘС-на түскен инвесторлық талап қоюлардың саны екі есеге жуық қысқарды (92-ден 54-ке дейін); кассациялық сатыда сот 4 іс бойынша тараптарды татуластырды.
Жоғарғы Сот Төрағасы 2025 жылдың басынан бері жаңадан құрылған кассациялық соттардың материалдық-ұйымдастырушылық жұмыс істеуін қамтамасыз ету, республика бойынша сот ғимараттарын салу және жөндеу, цифрландыруды дамыту бойынша қабылданған шараларды атап өтті.
Сөзінің соңында А.Мерғалиев сот жүйесіндегі жүйелі реформалардың оң үрдісіне, құқықтарды қорғаудағы сот билігінің шешуші рөліне тоқталды. Алдағы міндеттер ретінде Президенттің соттарға деген сенімді арттыру, істерді ашық, объективті және әділ қарау жөніндегі тапсырмаларын орындау атап өтілді. Адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету, процеске қатысушылардың дауларды шешу сапасына қанағаттану деңгейін үнемі зерделеу басым бағыттар болып табылады.