• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.64
  • EUR:
    609.23
Басты сайтқа өту
Экспорт Бүгін, 09:35

Экспорттық әлеуетіміз арта түседі

20 рет
көрсетілді

Алдағы үш жылда еліміз күнбағыс майын экспорттаушылар­дың үздік үштігіне кіреді деген болжам бар.

Мысалы, 2024 жылы отандық агроөнеркәсіп кешені (АӨК) өнімдерінің экспорты 5,1 млрд долларға жетсе, оның 52%-ы – өңделген өнімдер. Өңделген АӨК өнімдерінің құрылымында май өнімдері экспорттың төрт­тен бірін қамтамасыз етіп қана қоймай, бұл сектор кейін­гі жыл­дары ел көлемінде ғана емес, күллі Орталық Азия елдерінің азық-түлік қауіп­сіздігін қамта­масыз етуде стратегия­лық маңыз­ға ие болып отыр. Еуропа­лық комиссияның деректері бойынша, еліміз ЕО-ға күнбағыс шротын жеткізетін ТОП-3 елдің қатарына да кірген.

Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, агроөнеркәсіп кешенінің экономикадағы орны ерекше. Май дақылдарын өңдеу – жоғары сұ­ранысқа ие және келешегі өте үлкен экспортқа бағытталған сала. Мемлекет басшысы да Үкімет­тің алдына экспортты әрта­рап­тан­дыруды тапсырған еді. Бұл бағытта майлы дақылдар­ды қайта өңдеушілердің қауым­дас­тығы үлкен нәтижелерге қол жеткізді.

Қауымдастықтың басқарма төрағасы Ядыгар Ибрагимовтың сөзіне қарағанда, бұл ең алдымен мемлекеттік қолдау мен жүйелі даму тәсілінің арқасында жүзеге асып отыр. Әсіресе кейінгі үш жылда елдегі өңдеу кәсіпорындары айтарлықтай жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, күнбағыс майы өндірісі 2,5 есе, экспорт 4,8 есе ұлғайып, бөтелкедегі май импорты 11 пайызға азайды. Сондай-ақ ішкі нарыққа арналған май бағалары тұрақтандырылды.

Бұл жағдай алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені күн­бағыс майының бағасын тұрақ­тандырып, қауіпсіздікті қамтама­сыз етуде отандық бизнес өзі­нің әлеуметтік жауапкершілігін айқын сезініп отыр. Сондықтан ұлт­тық қауым­дастықтың қазіргі жос­пары – өндірісшілердің алда­ғы үш жыл­дағы қуатын 3,5 есе ұлғайту арқылы экспорт бо­йынша ал­ғашқы үштікке ену. Сол арқылы шетелдік валю­та­­ түсімін 2 млрд дол­ларға жет­кі­зу. Мұндай деректі мамандар Май­лы дақылдарды қайта өң­деу­ші­лердің ұлттық қауым­дас­тығы ұйымдастырған «FOC 2025: Fats and Oils Conference» IV халықаралық май өнімдері ­конференциясында айтты.

«Бұл орындалуы қиын мақ­сат емес. Оған кейінгі 3 жылда биліктің де, бизнестің де көзі айқын жетіп отыр. Сол үшін енді алдағы бас қосуларымызға егіс алқаптарын әртараптандыру, өңдеуді тереңдету, логистиканы жетілдіру, инвестиция тарту, экспорттық арналарды дамыту, сауда-экономикалық ын­тымақтастықты нығайту сынды тақырыптар өзек болады. Өйткені аймақтағы өзге республикалар өзін-өзі май өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Күнбағыс майын экспортау­шылар арасында 2023 жылы әлем бойынша ондыққа кіріп, 2024 жылы 8-орынға көтерілген Қазақстанның алдағы үш жылда үштікке кіруге мүмкіндігі бар. Себебі аймақтағы өзге респуб­ликалар май өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге қауқарсыз. Биыл бізде күнбағыс егістігінің көлемі 1,4 млн гектардан асады. Бұл 2021 жылы 950 мың гектар болатын. Яғни мұндағы өсім 85 пайыздан асты. Ол қазір ауыл шаруашылы­ғы дақылдарының ара­сында абсо­лют­ті көшбасшыға ай­на­лып отыр. Бұған оның ауыл ша­руа­шылық дақылдары ара­сын­дағы жоғары рентабельдігі мен жоғары сұранысы түрткі болуда. Майлы дақылдар өндірісінің өсуі оны терең өңдеуге көшуге жол ашып отыр. Бұл – майлар, маргарин, майонез, спредтер мен кондитерлік өнімдер шығару. Ол импорт­тық пальма өнімдеріне тәуел­ділікті азайтып, құндылығы жоғары өнім экспортын арттыру­ға мүм­кіндік береді», дейді Ядыгар Ибра­гимов.

«Масло-Дел» май зауытының директоры Наталья Солохинаның айтуынша, бұл тек өндірісшілердің жеңісі ғана емес, оған бірлесіп жұмыс істеген ғалымдардың да қосқан үлесі зор.

«Егістік алқабын, экспортты ұлғайтқанымызбен әттеген-ай дейтін тұстарымыз да жеткілікті. Мәселен, 2023 жылы ғана қатты күнжара импортынан бюджет 167 млрд теңгеден қағылды. Біз Еуразиялық одақтың Азық-түлік өнімдерінің техникалық рег­ла­ментін қабылдау арқылы, майлы дақылдарды терең өңдеуді тұралатып тастадық. Ал 6,5 жыл­дың ішінде бюджетке қомақты қаржы түспей қалды. Сол сияқты импорттық пальма майының өзінен отандық өнімдердің бағасы екі еседен астам ұлғайып отыр. Бұл экономика үшін де, тұтынушы үшін де үлкен шығын. Сондықтан бизнестің дамуына кедергі жасап отырған техникалық регламент қайта қаралуы керек. Мемлекеттің де, біздің де басты құндылығы­мыз – адамның денсаулығы. Сондық­тан сапасы күмәнді май өнімдері сырттан әкелінбеу керек», дейді Н.Солохина.

Сауда және интеграция ми­нистрлігінің бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, отандық зығыр мен рапс майы шетелде өте жоғары сұранысқа ие. Әсіресе Жапония мен Кореяда. Жапондықтар рапс майын кішкене шыны ыдыстар­ға құйып, пайдасы мол деп шикі­лей қолданады. Сол себепті, Жа­по­нияда шыны ыдыс­тардағы рапс­тың 70 пайызы – отандық май.

«BIRGE» салалық кластерлерді дамыту қауымдастығының басқарма төрағасы Арман Ев­ниев­тің пайым­дауынша, майлы да­қыл­дардың егістік алқабын ұл­ғайту фермерлердің мүмкіндігі­не қарай жүзеге асуда. Биыл ол 3,3 млн гек­тарды құрамақ. 2030 жыл­ға дейін бұл сан 4 млн гектарға дейін ұл­ғайтылмақ. Бұл бағытта түр­лі жұ­мыстар жүріп жатыр. Атап айт­қанда, мономәдени дақыл­дан арылу мен су үнемдейтін да­қылдарға ауысу. Нақтылай түссек, суды көп тұтынатын мақта, күріш сияқ­ты дақылдардың алқабы азай­тылып, майлы дақылдар ұлғай­тылмақ.

Еліміздің май өнімдерінің экс­порттық нысаналы нарық­та­рының (Қытай, Орталық Азия, ЕО, Иран, Ауғанстан) жиынтық сыйым­ды­лығы 43 млн тонна деп бағаланады. Бұл қазіргі экспорт көлемінен 42 есе артық. Яғни ол тиімді страте­гия жүргізу және бизнестің мемлекетпен күш біріктіруі жағдайында жүзеге асыруға болатын зор экс­порт­тық әлеуетті көрсетеді.

Қазақстан тұқым өсірушілер қауымдастығының төрағасы Фарид Абитаевтың мәліметі бо­йынша, еліміз экспорттық май өнім­дері­нің көлемі бо­йын­ша өз үлесін был­тыр Тәжік­стан­да – 74%, Өзбекстан­да – 65%, Түрік­менстанда – 25%, Қыр­ғыз­станда 23%-ға жеткізді. Бұған дейін май өнім­дерінің ай­мақ­тағы басты экс­портаушысы бо­лып кел­ген Ре­сей­д­ің үлесі 2017–2024 жылдары Өзбекстанда 84%-дан 35%-ға ке­­місе, Қазақстан­ның үлесі 13%-дан­ 65%-ға дейін ұлғайды. Тәжік­­станда Ресейдің үлесі 73%-дан 18%-ға дейін кеміп, елі­міз­­дің үлесі 15%-дан 74%-ға дейін өсті.

Қазақстан Орталық Азия на­ры­­ғынан Ресейді ығыстырып, өңір­дегі өз ықпалын сенімді түрде нығайтып жатыр деуге негіз бар. Дүние­жүзі­лік банктің болжа­­мын­ша, 2030–2050 жылдары Өзбек­стан халқы – 40,2-ден 52,2 млн-ға, ­Тә­жікстан хал­қы – 11,7-ден 15,6 млн-ға, Қырғыз­стан халқы – 7,8-ден 9,6 млн-ға, Түрікменстан хал­қы 8,1-ден 9,6 млн-ға көбейеді. Өңір­дегі бұл 4 елдің тұрғындары 2024–2050 жыл­дары 62,9-дан 87,1 млн-ға арт­пақ. Демек, май өнім­деріне деген сұ­раныс та жыл өткен сайын өспесе кемі­мейді. Сон­­дық­тан Ядыгар Ибра­­­гимов ал­­да­ғы 3 жылда майлы дақыл­­дар ал­­қа­­бы Қазақстанда 2 млн гек­тар­ға дейін өседі деген болжам жасап отыр.

Қазір отандық май өнімдері экспортының 38%-ы – Өзбекстан, 27%-ы – Қытай, 14%-ы – Тәжікстан, 7,6%-ы – Латвия, 6,8%-ы – Иран, 1,9%-ы – Ауғанстан, 1,5%-ы – Қырғызстан, 1,4%-ы – Германия, 0,8%-ы Щвеция елдерінің үлесінде. Егер экспорттық түсімді доллармен есептейтін болсақ 35%-ы – Қытайдан, 34%-ы – Өзбекстан­нан, 15%-ы Тәжікстаннан болып отыр. Бұдан бөлек, бүгінде Қы­тай­дың импорттық май өнім­­дері нарығының жылдық сұранысы 18 млн тоннадан асады. Онда­ғы Қазақстанның Қытайдағы үлесі ­­2 пайыздан аспайды.

Былтыр республика бойынша күнбағыс дақылының жалпы алқабы 1,3 млн гектарды ғана құрады. Егер биыл майлы дақылдарды өңдеуде екі ірі жоба жүзеге асырылғалы отырғанын ескерсек, егіс алқабын ұлғайтудың маңызын бұрынғыдан да арттыра түсетіні анық.