Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 64-концерттік маусымын сәтті аяқтады. Шығармашылық ұйым «grand fest» музыкалық фестивалі аясында Астанадағы Амфитеатрда көрермендеріне гала-концерт ұсынды.
64-концерттік маусым аясында ұжым 82 концерт, 3 ірі шығармашылық жоба және мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар жүзеге асты. Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурсы, «Серпер» ұлттық өнер конкурсы, «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі ұйымдастырылды.
Концерттік бағдарламада танымал композициялар, заманауи аранжировкалар, оркестрлік сүйемелдеу және ашық аспан астындағы мерекелік атмосфера ұсынылды. Іс-шараға «Қазақконцерттің» танымал солистері мен шығармашылық ұжымдары қатысты. Атап айтсақ, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдері, «Turan» этно-фольклорлық ансамблі, «Saz&Soul» тобы және «Astana Musical» мемлекеттік театры өнер көрсетті.
Маусым аясында ұйым әртістері қазақ өнерін әлемге таныстыру мақсатында Франция, Ұлыбритания, Италия, Канада, Түркия, Испания, Чехия, Болгария, Беларусь, Мажарстан, БАӘ, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Түрікменстан, Грузия, Армения, Латвия және Әзербайжан секілді 22 шет мемлекетке гастрольдік сапармен барды.
«Қазақконцерт» 17 республикалық гастрольдік сапары барысында еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ұлттық мәдениетті кеңінен дәріптеуге ықпал етті.
Аққу ДӨНЕШ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті