Ұлыбританияда «Уимблдон» турнирі басталды. Іріктеу сайыстарына еліміздің төрт теннисшісі қатысқан еді. Өкінішке қарай, Дмитрий Попко, Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов сынды танымал ойыншылар бұл сынақтан өте алмады. Жерлестеріміздің арасынан тек Бейбіт Жұқаевтың жолы болды.
ATP рейтингінде 251-орында тұрған Бейбіт Жұқаев алғашқы айналымдардағы қос қарсыласын қапа қалдырып, финалдық сайысқа шыққанда біраз қобалжығанымыз рас. Өйткені Бейбіт былтыр дәл осы межеде франциялық Алис Кантенге есе жіберген еді. Бұл жолы жерлесіміз өте жинақы әрі сауатты ойнады. Финалда Франция өкілі Лука Павловичті 3:6, 6:3, 6:2, 7:6 есебімен ұтты. Сөйтіп, 24 жастағы қазақ ұлы спорттық мансабында тұңғыш рет «Үлкен дулыға» санатындағы турнирде күш сынасу құрметіне ие болды. Ол негізгі жарыстың бірінші кезеңінде италиялық Флавио Коболлимен күш сынасады.
Әлемдік рейтингте ТОП-100 теннисшінің қатарына еніп отырған Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик, Александр Шевченконың қарсыластары анықталды. Тұманды Альбион еліндегі турнирдің тұсаукесер кездесуінде Бублик испаниялық Хайме Мунармен, Рыбакина армениялық Элина Аванесянмен, Шевченко АҚШ өкілі Райли Опелкамен ойнайды. Өкінішке қарай, Ю.Путинцева бірінші айналымда америкалық Аманда Анисимовадан ойсырай ұтылып қалды, есеп – 0:6, 0:6.
Жоғарыда есімдері аталған жерлестерімізден бөлек, жұптық сайыста Анна Данилина өнер көрсетеді. Жастар арасындағы жарыста Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай бақ сынайды.