• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Сұхбат 02 Шілде, 2025

Ерлан Айтмұхамбет: Ұлттық зерттеу қатерден сақтандыруға көмектеседі

100 рет
көрсетілді

Елімізде жасөспірімдер арасындағы суицид ең өткір әрі күрделі әлеу­меттік мәселе болып тұр. Жұрт мұның басты себебі – мектептегі бул­линг, тұрмыс тауқыметі мен зорлық-зомбылық деңгейі жоғары бей­не­ойындар деп есептейді. Алайда «Bilim foundation» қорының басшысы Ерлан Айтмұхамбет бұл мәселенің өзегі тереңде екенін айтады. Тоғыз жылдан бері осы бағытта зерт­теу жүргізіп келе жатқан білікті маман­мен сұхбаттасудың сәті түсті. Үкіметтік емес ұйым өкілі суицид­тік мінез-құлыққа әсер ететін нақты фа­к­тор­лар мен қайғылы жағ­дай­лар­дың алдын алуда атқарылып жатқан жұмысымен бөлісті.

­– 2000 жылдары еліміз балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид деректері шектен тыс көбейіп, әлемдік антирейтингтерде алғашқы орындарға шықты. Бұл алаңдатарлық жайт қандай әрекеттерге жетеледі?

– Иә, расында 2008–2009 жылдары елдегі балалар суициді ең жоғары деңгейге жетті. Жыл сайын шамамен 350 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады. Яғни бір мектептің түгел оқушысынан айырылып отырдық. Оның үстіне цифрлар – тек ресми тіркелген жағдайлар. Білім беру, құқық қорғау органдары және ішкі саясат басқармалары өзінше әрекет еткенімен, көрсеткіш өзгермеді. Тіпті нақты қандай іс-шаралар қабылдау керегі де түсініксіз еді.

Сол кезде Білім және ғылым министр­лігі мен Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірлесе отырып, отандық және шетелдік сарапшыларды тартып, ұлттық зерттеу жүргізуге кірісті. Жобада суицид деңгейі 3-5 жыл қатарынан ең жоғары болған бес өңір назарға алынды. Олар – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан облысы.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, суи­цидтің 33%-ы жасырын күйде қалады. Өйткені ата-аналар өз-өзіне қол жұмсау фактісін ұят деп оны тұрмыстық жарақат, жазатайым оқиға немесе жол апаты ретінде көрсетіп отырған. Осыдан-ақ сарапшылар суицидтің нақты көрсеткіші ресми статистикадан әлдеқайда жоғары екенін түсіне бастады.

Сарапшылар анықтаған тағы бір маңызды жайт – суи­цид жағ­дайларының 90%-ында пси­хикалық ауытқу белгілері байқалған. Әр баланың өмірін ретро­спек­тивті зерттеу нәтижесінде олардың деп­рессия, шизофрения немесе аурулардың халықаралық классификациясына кіретін басқа да психикалық бұзылыстардан зардап шеккені анықталған. Сондықтан қорытынды айқын болды: балаларды суицидке итермелеген басты себеп – психикалық ауытқу.

Ал мемлекеттік органдар көбіне ҰБТ, компьютерлік ойындар, ата-ана немесе қатарластарымен ұрысып қалу деген нұсқаларды алға тартып келді. Бірақ бұлар – себеп емес, триггерлер. Психикасы бұзылған бала оқуға, қарым-қатынас құруға деген қабілетін жоғалтады, стреске қарсы иммунитеті әлсірейді. Бұған мектеп пен ата-ананың қысымы қосылса, жағдай ушыға түседі: бала агрессия танытады немесе керісінше, тұйықталып, көп уақытын виртуал әлемде өткізуге бейім болады.

Мұндай жағдайда бала ауыр эмо­циялық күй кешеді әрі тығырықтан шыға­тын жолды көрмейді. Жасөс­пірім өзін қараңғы қапаста қал­ғандай сезінеді. Дәрігерлер мұндайды суи­цидтік ойлау деп атайды. Бала «Өлге­нім дұрыс шығар – бұл жақсы идея. Неге солай жасамасқа?» деген ой­лардың шырмауында жүреді. Ақыр аяғында ол «менің өлімім бәрі үшін жақсы болады» деп өз-өзін сен­діреді.

Келесі кезеңде бала суицид жасау тәсілдерін іздейді, интернетте жарияланған қолжетімді ақпаратқа иек артады. Өзіндік іс-қимыл жос­парын құрады. Тәсілін таңдаған соң, бала амбивалентті күй кешеді. Осы тұста адам айналасына түрлі белгі береді. Бұл әрекеттер әртүрлі болуы мүмкін: мысалы, Қызылорда облысындағы бір бала қайтыс болар алдын, диванда жатып, теледидар көріп отырған ата-анасынан «Егер мен осылай өліп жатсам, сіздер не істер едіңіздер?» деп сұраған. Өкініштісі, әкесі бұған мән бермей, оған тәпішке лақтырып: «Не сандырақтап отырсың? Кедергі жасамай, кет!» деп айқайлап жібер­ген. Әрине, ата-аналар, жалпы қоғам мұндай белгілерді байқамауы мүмкін, ал мамандар біледі.

– Нақты сіздің жоба қандай нәтиже берді?

– Бұған дейін зерттеу барысында жинаған барлық білім мен деректі суи­цид­тің алдын алу жобасына бірік­тірдік. ЮНИСЕФ жоба операторы ретінде қатысып, қаржыландыру және жұмысты ұйымдастыру жағын қамтамасыз етті. Осылайша, 2015 жылы Қызылорда облысындағы барлық білім беру ошағында сауалнама жүргізілді. Қауіп тобындағы балалар саны 1 200-ге жетті, жас­өспірімдермен жалпы практика дәрігерлері, психикалық саулық қызметі жұмыс істеді. Нәтижесінде, екі жылда өз-өзіне қол жұмсау дерегі 50%-ға, ал суицид әрекеттері 78%-ға төмендеді. Бұл жетістік біздің республика деңгейінде мәселені шеше алатынымызды дәлелдеді.

Одан кейін Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктері өңірлерде суицидтің алдын алу жобасын кезең-кезеңмен ен­г­ізу туралы бірлескен бұйрық қабыл­дады. Осылайша, бес-алты жылда жоба Ақмола, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе облысында және Астана, Шымкент, Алматы қаласында сәтті жүзеге асты. «Bilim foundation» филиалы ашылып, мектеп психолог­тері, жалпы практика дәрігерлері және педагогтерді оқыту, сонымен қатар психологиялық қолдау көрсету жұмысы жүргізілді.

Тіпті балалар өздері көмек сұрап келе бастады. Мәселен, Атырау облысында шамамен 1 500 бала көмекке жүгінді. Жалпы, жоба іске қосылған жылдары 160-180 мың балаға скрининг жүргіздік, олардың шамамен 3 000-3 500-і тәуекел тобына кірді. Олармен үлкен команда жұмыс істеді. Еңбек ақталды. Мысалы, Ақмола облысында жобаны енгізгенге дейін жыл сайын 12-13 бала қайтыс болса, кейін бұл көрсеткіш 3-ке дейін түсті. Ақтөбе облысында 15-17-ден 6-ға дейін азайды, Қызылорда облысында 15 жағдайдан 5-6-ға дейін төмендеді.

Қажырлы еңбек нәтижесінде 2021 жылы ел көлемінде суицид дең­гейі 55%-ға түсті. Бұған дейін жыл сайын мектеп жасындағы 350 бала қайтыс болса, жоба енгізілген соң бұл көрсеткіш 140 жағдайға дейін төмендеді. Сәйкесінше, Қазақстан балалар арасындағы суицид деңгейі ең жоғары мемлекеттердің ондығы­нан біртіндеп шығып, 20-орынға жайғасты.

БҰҰ мен Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы белгілеген көрсеткіштерді бағдарласақ, суи­цид деңгейі әр бес жыл са­йын­­ 10%-ға төмендеп отыруы керек. Сонымен қатар көрсеткішті 10%-ға төмендеткеннен кейін оны бір қалыпта ұстап тұру маңызды. Яғни келесі жылы ол қайтадан 50%-ға немесе 25%-ға өсіп кетпеуге тиіс. Тек осындай тұрақтылық арқылы елдегі суицидтің алдын алу жұмысының қаншалықты дұрыс жүргізіліп жат­­қанын бағалауға болады.

– Соның өзінде қазір суицид отбасы шеңберінен шығып, бүкіл қоғамды алаңдататын мәселеге айналды. Мұн­дай жағдайда мемлекет қандай шаралар қабылдауға тиіс?

– Көп елде өз-өзіне қол жұмсау ұзақ жыл бойы тек бір отбасының трагедиясы ретінде қарастырылып келді. Алайда бұл – ел экономикасының да көрсеткіші. Егер халықтың 60-80%-ы депрессиялық күйде жүрсе, өнімділік пен инновация туралы қандай әңгіме болуы мүмкін?

Сондықтан мемлекетте біртұтас жүйе жұмыс істеуі керек: менталды сау­лыққа қатысты барлық қызмет халыққа қолжетімді болуға тиіс. Кез келген адам депрессиялық күйге түссе, емханаға немесе арнайы орталыққа барып, көмек алуға мүмкіндігі болуы қажет. Шараларды да «есеп үшін» өткізуге болмайды. Қазір елімізде балалар үнсіз ғана өмірімен қоштасып жатса, Батыс елдерінде суицид мүлде басқа сипатқа ие болып жатыр: жасөспірім алдымен мектептер мен колледждерде жаппай қырғын жасайды, содан кейін өз-өзіне қол жұмсайды. Мұның бәрі – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жақсы таныс. Егер нақты әрі жүйелі шаралар қолға алынбаса, уақыт өте келе бұл үрдіс біздің еліміз үшін де шынайы қауіпке айналуы ықтимал.

Айта кетерлігі, жобада жұмыс істейтін команданы жасақтау барысында бұдан өзге біраз мәселе байқалды. Бастапқыда біз скринингті сауалнама парақтары арқылы жүр­гізген едік. Психологтер әр балаға ұпай қойып, жеке-жеке қарайтын. Бұл уақыт жағынан тиімсіздігін көрсетті. Тіпті мектеп психологтері оқушылардың орнына сауалнаманы өздері толтырған жағдай да кездесті. Сол себепті бұл мәселе­нің жалғыз шешімі цифрландыру екенін түсіндік. Сөйтіп, «zhastar.org» скринингтік құралын пайдаландық. Сол платформа жұмыс істей бастаған алғашқы жылы психологтердің шамамен 80%-ы кеңес беру машығын меңгермегенін аңғардық. Баламен дұрыс қарым-қатынас құрып, кеңес берудің орнына көп жағдайда ақыл айтатындарын көрдік.

Мұны байқаған соң, өңірлерде 2 500 педагог-психологті оқыту бағдарламасын іске қостық: олар бір ай ішінде платформадағы 30 үздік маманнан видео сабақ алды. Осылайша, біз мамандардың біліктілігін арттыруға тырыстық. Алайда көптеген мектеп психологі біліктілігін арттырған соң, жеке секторға жұмысқа кетіп қалды. Бізге қайтадан жаңа мамандарды даярлауға тура келді.

Ата-аналармен қоса балаларды да оқытамыз. Оларға психикалық саулықты қалай сақтап, нығайту керек екенін, уайым немесе қорқыныш сезімі туындаған кезде не істеу қажет екенін, депрессия мен басқа да бұзылыстардың қандай болатынын, сонымен қатар достары немесе туыс­тары арасында осындай жағдайды байқаса, қалай көмектескен дұрыс – бәрін жіті түсіндіреміз. Бұл білім жасөспірім шақта ғана емес, ересек өмірде де, отбасын құрғанда да қажетіне жарайды.

Жалпы, бәрі жаман, құрдымға кетіп жатырмыз деуге болмайды. Бұл ба­ғыт­та оң өзгерістер де байқалады. Мәсе­лен, елде балалар арасындағы буллинг пен суицидтің алдын алу үшін пси­хо­ло­гиялық қолдау орта­лық­­тары ашыла бастады. Енді маңыз­дысы – осы орталықтардың жұмысын біртұтас стратегия негізінде дұрыс ұйым­­дастырып, жүйелі түрде ілгері­ле­ту.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»