Елімізде халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің стратегиялық басым бағыттарының бірі болып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Күн тәртібінде сумен жабдықтау мен су тарту жүйелерін дамыту, цифрландыру, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері қаралды.
Үкімет 230 жобаға 160 млрд теңге бөлді
Қазір елдегі 10 өңір 100% таза су қолданады, қалған аймақтарда жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін 150 ауылда су тарту инфрақұрылымы жаңартылып, мыңдаған тұрғын таза суға қол жеткізбек.
– Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Бұл мәселе – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті қаражат республикалық бюджетте көзделген. Сонымен қатар заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы аясында сумен жабдықтауға қатысты 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 160 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Тұрғындардың өмір сапасы таза ауызсуға тікелей тәуелді, – деді Премьер-министр.
Сондай-ақ топтық су құбырларын дамыту жұмыстарын елді мекендерді дамытудың орта және ұзақмерзімді жоспарларымен тығыз байланыстыра отырып жүргізу қажеттігін баса айтты. Оның айтуынша, бүгінде желілер дайын болса да, су көзіне жетпеген ауылдар немесе керісінше су көзі тартылып қойғанмен, ішкі желілері жоқ елді мекендер кездеседі.
– Топтық су құбырларын дамытуға айрықша назар аудару керек. Бұл жұмысты елді мекендерді дамыту жоспарларымен үйлестіре отырып жүргізу қажет. Кей жағдайларда ауыл ішіндегі желілер дайын болғанмен, су көзіне қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігіне жыл соңына дейін топтық су құбырларын салу және жаңғырту жобаларын толық аяқтауды тапсырамыз. Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2026 жылы бұл құбырларды біртұтас кешен ретінде жергілікті әкімдіктердің балансына беру тетігін әзірлеу қажет. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі органдармен бірге тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу де жүктелді, – деді О.Бектенов.
30 мыңнан астам шағымға да шешім табылады
Отырыста Премьер-министр сумен жабдықтау жобаларының кестеден кешігіп жатқанына назар аударды. Биылғы бірінші жартыжылдықта бұл сала бойынша мемлекеттік органдарға 30 мыңға жуық азаматтық шағым келіп түскен. О.Бектеновтің айтуынша, бұл жағдай түбегейлі шаралар қабылдауды қажет етеді.
Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігіне елорда маңындағы ауылдарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша жедел әрекет ету тапсырылды. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры мен Маңғыстау облысы әкімдігіне 15 шілдеге дейін Кендірлі тұщыту зауытын іске қосып, Жаңаөзенге су жеткізуді қамтамасыз ету жүктелді.
Жезқазған қаласындағы су тазарту құрылысын қайта жаңғырту жобасын қосымша қаржыландыру мәселесін Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері мен Ұлытау облысы әкімдігі 1 тамызға дейін шешуге тиіс.
– Сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамытумен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізу және су ресурстарын басқаруды цифрландыру жұмыстарын жандандыру қажет. Сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендету керек. Ескірген коммуналдық инфрақұрылымды барынша жаңғыртып, жаңаларын салуға маңыз берілуге тиіс. Бұл мәселе қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында шешімін табады, – деді О.Бектенов.
Отырыс барысында Премьер-министр Мемлекет басшысының халықты сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалу барысына жеке тоқталды. Ол өңір әкімдеріне жыл соңына дейін барлық қолданыстағы жобаны аяқтап, іске қосуды жүктеді.
– Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін ауызсумен қамту бойынша қолданыстағы барлық жобаны іске қосуды қамтамасыз етсін. Бұған өңірлердің бірінші басшылары тікелей жауап береді. Қаржы министрлігі бекітілген қаражатты жергілікті атқарушы органдарға жедел тәртіппен аударуы қажет, – деді Үкімет басшысы.
Биылғы бюджеттен ірі қалаларға не бұйырды?
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында еліміздің 10 өңірінде ауызсу тарту жұмыстары толық аяқталғанын мәлімдеді. Бұл тізімге Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстары кіреді. Әсіресе, Маңғыстау облысының ауылдарында су тапшылығы жойылып, қажетті инфрақұрылым іске қосылған.
– Қала тұрғындарына арналған ауызсу желілері бүгінде 99,3% деңгейінде қамтылған. Елдегі 90 қаланың 73-інде таза су жүйесі толығымен тартылып, қалыпты жұмыс істеп тұр. Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Семей қалаларын қосқанда қалған 17 қалада жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Ауылдық жерлерде тұратын халықтың 97,5%-ы орталықтандырылған немесе арнайы модульдер арқылы ауызсуға қол жеткізген. Республикада 6 148 ауылдың ішінде 4 420 елді мекен орталық желілерге қосылған. Тағы 999 ауылда кешенді блок-модульдер жұмыс істеп тұр. Ал 469 ауылда (шамамен 164,7 мың адам) су тарту жұмыстары жергілікті және республикалық бюджет есебінен жалғасып жатыр, – дейді Е.Нағаспаев.
Қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау жүйесін салуға әрі жаңғыртуға биыл республикалық бюджет пен Арнаулы қордан 188 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 445 жобаға бағытталған. Бағдарлама шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, су құбыры желілерін реконструкциялау және кеңейту қолға алынды.
Ірі қалаларда су тазарту құрылыстары жөнделіп жатыр, кейбірінде бұл жұмыс толық аяқталған. Жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырымнан асатын қолданыстағы су желілері жаңартылып, кеңейтілді. Сонымен қатар бірқатар ірі қалада су тазарту нысандарының құрылысы мен жаңғыртуы арқылы ауызсудың сапасы мен жетіспеушілігі мәселелері шешімін тапты. Мәселен, Астана қаласында құны 118 млрд теңге болатын су сорғы-фильтр стансасы салынды, магистралдық су құбыры қайта жаңартылды. Атырауда 17 млрд теңге көлемінде сүзгі стансасы қайта жаңартылды. Қостанай мен Көкшетау қалаларында су тазарту құрылыстарын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын.
Жалпы, «Коммуналдық және энергетика секторларын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 45 қалада кәріз тазарту құрылғылары жаңартылып, 2,8 шақырым су бұру және 5 мың шақырым су құбыры желісін жаңарту көзделіп отыр.
Инфрақұрылым жаңғырса, ауызсу арман болмайды
2029 жылға дейін су құбыры мен су бұру желілерінің тозуын төмендетуді Үкімет стратегиялық міндет қылды. Ұлттық жоба аясында бұл бағытта ауқымды жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Атап айтқанда, су құбыры желілерінің тозу деңгейі қазіргі 39%-дан 33%-ға дейін, су бұру жүйелерінің тозуы 41%-ға дейін төмендеуге тиіс. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, биыл 10 өңірде топтық сумен жабдықтау нысандарын салу мен реконструкциялауда 31 жоба қолға алынған. Жұмыстар Ақмола, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жүргізіліп жатыр.
– Бұл жобалар аясында 2,6 мың шақырымнан астам су құбыры желісін салу көзделіп отыр. Бұл шамамен 1,3 миллион адам тұратын 468 елді мекенде сумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 53 ауыл, шамамен 38 мың тұрғын алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі биыл 100,9 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде 38,2 млрд теңге – Ұлттық қордан, 59,3 млрд теңге – Арнаулы мемлекеттік қордан, 3,4 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінген, – деді министр.
Айтпақшы, жыл басынан бері 250 шақырымға жуық су құбыры желісі тартылды. Жыл соңына дейін 6 облыста тағы 10 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 500 мың тұрғыны бар 150 ауылдық елді мекеннің сумен қамту жағдайы жақсарады. Оның ішінде 1 542 тұрғыны бар төрт ауылға алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесі қосылады.
Суды қалай үнемдеп, қалай есептейміз?
Су ресурстарын ұтымды пайдалану – Үкімет үшін тек экологиялық мәселе емес, экономикалық және технологиялық реформалардың өзегіне айналып келеді. Бұл бағытта нақты жұмыс атқарылып жатыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша су үнемдеу – ең басты саясат.
– Ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыруға бағытталған нормативтік-құқықтық база қалыптасты. Сонымен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындарда суды тиімді пайдалану бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы басты қадамдардың бірі – Мемлекет басшысы 2024 жылғы 9 сәуірде қол қойған жаңа Су кодексі. Құжатта айналымды және қайталама су пайдалануға кезең-кезеңімен көшу қарастырылған. Жоспар 7 жылға есептелген: алғашқы 2 жыл өтпелі кезең, қалған 5 жыл нақты іске асыру уақыты, – деді Н.Нұржігітов.
Су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру үшін министрлік ақпараттық-ағарту шараларын да қолға алған. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 2 миллионға жуық оқушыны қамтыған «Суды үнемде – болашақты сақта» тақырыбындағы ашық сабақтар өткізілді. Бұл жұмыс колледждер мен жоғары оқу орындарын қамти отырып, жаңа оқу жылында жалғасады. Сонымен қатар халықты су үнемдеуге шақыратын ақпараттық материалдар әуежайларда, вокзалдарда, қоғамдық көлікте және әкімшілік ғимараттарда орналастырылған.
Су ресурстарын басқару саласында цифрлық шешімдерді енгізу де басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Министр Н.Нұржігітовтың айтуынша, 2025 жылдың басынан бастап Еуразия даму банкінің Цифрлық бастамалар қорының гранты аясында Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін әзірлеу жұмыстары басталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ұзындығы 3,5 мың шақырымнан астам суару инфрақұрылымын жаңғырту мен цифрландыру жұмыстары басталды. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы ұзындығы 5 мың шақырым болатын суару желілерін цифрландыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 2027 жылға дейін су есептеу жүйелерін толық цифрландыру және автоматтандырылған гидрожапқыштарды енгізу жоспарланған, – деп түсіндірді Н.Нұржігітов.