Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары басталды. Жыл сайын каникулға кетер алдында облыстарды аралауды дәстүрге айналдырған халық қалаулылары бірқатар нысанға барып, сайлаушылармен кездесіп, түрлі жиынға қатысады. Осылайша, жұртпен тілдесіп, өңірдегі проблемаларды өз көзімен көріп, тиісті органдарға жеткізуге бастамашы болады.
Мәселен, кеше «Amanat» партиясы фракциясының депутаттары «Қазақстан авиация индустриясы» зауытының жағдайын бақылап қайтты. Стратегиялық маңызы бар нысан – былтыр ақпаннан бері дағдарыста. Бүгінде елдегі жалғыз авиациялық-техникалық орталықтың жұмысы шатқаяқтап, 164 қызметкер жұмыстан кеткен, олардың 76-сы – жоғары білікті өндірістік мамандар. Ангарда тұрған алты ұшақ та бес жылдан бері әуеге көтерілмеген. Тіпті есепшоттары мен мүлкі бұғатталған.
– Зауыт жылына онға дейін күрделі жөндеу жүргізуге қауқарлы. Біз жеңілдік сұрап отырған жоқпыз. Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе жеткілікті. Бұл зауытта еліміз ұзақ жылдар бойы даярлаған мамандар шоғырланған. Барлық қажетті құрал-жабдық, білім, өндірістік тізбек бар. Алайда біз қазірдің өзінде жүзден аса маманнан айырылдық. Егер жағдай өзгермесе, зауыттан да айырылып қаламыз. Ал онымен бірге отандық авиаөнеркәсіптің негізін құрайтын барлық әлеует те жоғалады, – дейді «Қазақстан авиация индустриясы» ЖШС бас директоры Қайрат Жауханов.
Зауытта мамандар да, сертификатталған құрал-жабдықтар мен инфрақұрылым да бар. Бірақ мемлекет тарапынан жүйелі қолдау мен зауыттың болашағына қатысты нақты шешім жетіспейді. Депутаттар бұл мәселені жауапты мемлекеттік органдардың деңгейіне дейін көтеруді көздеп отыр.
– Мемлекет басшысы нақты айтты: өндірістік қуаттарды арттырып, шағын авиацияны дамыту қажет. Отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету керек. Бұл зауыт осы міндеттерді орындауға толық қауқарлы. Бірақ қазір зауыт жұмыс істемей тұр. Себебі ол дәрменсіз емес, оны тығырыққа тіреген. Тапсырыстың жоқтығы, жерге қатысты даулар мен дер кезінде өтелмеген қарыздар – мұның бәрі ұйымдастырушылықтың жоқтығын көрсетеді. Еліміздің техникалық авиациясын қайта көкке көтеруге, қорғаныс әлеуетін күшейтуге қауқарлы зауыттың салғырттықтың кесірінен жабылып қалуына жол бермейміз. Бұл мәселені Парламентте де көтердік. Енді нақты мерзімі мен міндеттемелері бар шешімдерді талап етеміз, – деді Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Павел Казанцев.
Ал Шығыс Қазақстанға аяқ басқан мәжілісмен Ерлан Саиров өңірдегі жаңа мектептің құрылыс барысын тексерді. Өскемен қаласы І.Есенберлин көшесіндегі 600 орындық білім ордасы «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Мұнда заман талабына сай химия және роботтехника кабинеттері, кітапхана, лифт, асхана, инклюзивті орта, пандустар мен тактильді жолақтар қарастырылған.
– Дегенмен осындай білім ордасында ынталы, білікті мұғалімдер жұмыс істемесе, бұл істің мәні шамалы. «Педагог мәртебесі туралы» заң арқылы кейінгі жылдары тек жалақыны көтеріп қана қойған жоқпыз, мектепке үздіктерді тартуға, оларды дамытуға мүмкіндік беретін жағдай жасадық. Бұл – сапалы білім берудің берік іргетасы, – деді депутат Е.Саиров.
Қыс мезгілінде тараздықтар жылусыз қалмауы үшін Мәжіліс депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрымова Тараз қаласындағы М-1 жылу магистралін жаңарту жобасының жүзеге асырылу барысын бақылады. 1990 жылы салынған бұл магистральдің негізі пайдалану мерзімі өткен. 2023 жылдың басында тозу деңгейі 80 пайызға жеткен еді.
Қазір Таразда жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүйелі жалғасып жатыр. Өткен жылы 4 602 метр құбыр ауыстырылса, биыл жыл аяғына дейін тағы 1 536 метрі жаңартылады.
– Адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін ең алдымен үйлерде жылу, ыстық су және кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі қажет. Таразда жылу желілері мәселесі ондаған жыл бойы шешілмей келген. Енді бұған көз жұма қарауға болмайды. Тұрғындар қыс мезгілінде жылудан тарықпай өмір сүруі керек, – деді депутат М.Ескендіров.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова Алматы облысындағы Талғар және Қонаев қаласында болып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Жүздесуде ішкі туризмдегі күрмеулі мәселелерді талқылады. Бұған дейін «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Премьер-министрге сауал жолдап, ішкі туризмді реттеу, нарықты заңсыз бәсекеден қорғау және заңнаманы жаңғырту қажеттілігі жөнінде өткір мәселелерді көтерген еді.
– Туризм – жай ғана демалыс емес, бұл елдің келбеті, жұмыс орындары, инвестиция тарту және өңірлердің өсу нүктесі. Егер біз оның шынымен де экономиканың қозғаушы күші болғанын қаласақ, онда бизнеске дамуға мүмкіндік беруіміз қажет, – деді Е.Смолякова.
Халық аманатын арқалаған депутаттар әр аймақтың проблемасымен жақын танысудан бөлек, сайлаушыларға қабылданған заңдардың мəн-жайын жете түсіндіріп жүр. Олардың өңірлерге сапары шілде айының 10-ына дейін жалғасады.