Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арнап Жымпиты ауылында халық театрлары арасындағы аймақтық фестиваль өтті.
Фестивальға Батыс Қазақстан облысының аудандарынан бөлек, Маңғыстау мен Атырау облыстарынан да халық театры ұжымдары арнайы келді. Өнер сайысына қатысушы ұжымдарға тарихи топырақта ерекше құрмет көрсетілді. Қонақтар Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін аралап, ел мен жердің тарихымен жақын танысты. Әсіресе Қадыр ақынның бала күнгі мекені, өлеңге алғаш елеңдеген шағы туралы тың деректермен танысып, өмірі мен өнеріне қатысты мәліметке қанықты. Аудан орталығындағы Қадыр ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
– Бүгін Қадыр ағамыздың әні композицияға, сөзі қойылымға айналып, сахна төрінде сөйлейді. Қазақ бар жерде – Қадыр бар. Қадыр бар жерде – қазақтың рухы бар. Сіздердің жасап жатқан еңбектеріңіз – ұлт руханиятына қосқан шынайы үлес, – деді меймандарды қарсы алған Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов.
Өнер сайысына барлығы 11 ұжым – халық театрлары қатысты. Олар Жымпиты сахнасында өнер көрсетіп, халыққа рухани демалыс сыйлады. Өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері Сердеш Қажымұратов бастаған қазылар алқасы бағалап отырды.
Фестиваль нәтижесінде, Тасқала ауданының халық театры бас жүлдеге ие болды. І орынға – Сырым ауданы Бұлан ауылының халық театры, ІІ орынға – Теректі ауданының «Дат» халық театры, ІІІ орынға – Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылының М.Ғұмаров атындағы халық театры лайық деп танылды.
– Халық театры ұжымдары Қадыр ақынның шығармалары бойынша шағын сюжетті өздері құрастырып, композиция түрінде көрерменге ұсынды. Ақын өлеңдері, ақынның сөзіне шығарылған әндер барынша пайдаланылды. 20-25 минуттық қойылымға барынша дайындалып, арнайы декорация құрып, жаңа форматтың мәнін түсініп келген ұжымдар да болды. Қазылар алқасына барлық ұжымның өнерін бір күн ішінде көріп, бағалап беру оңай болмады, – дейді Сердеш Қажымұратов.
Батыс Қазақстан облысы