• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Саясат Кеше

Сенаторлар жұртшылықпен кездесті

20 рет
көрсетілді

Сенат депутаттарының өңірлерге сапары басталды. Олар ауыл-аймақ халқымен кездесіп, әлеуметтік нысандарды араламақ.

Сенат депутаты Талғат Жүнісов Ақмола облысының Ақкөл ауданында болды. Ол әлеуметтік мекемелердің қызметімен, білім беру және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысымен танысты. Сондай-ақ сенатор Ақкөл қаласында өмірі қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына барды. Ондағы жүздесулерде инклюзивті және қауіпсіз орта құру, балалардың барлық санатына білім беру және әлеуметтік қызметке тең қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызы аталып өтті. Сапар барысында агроөнеркәсіп кешеніне маман даярлау мәселесі де назардан тыс қалмады. Ақкөл қаласындағы агротехникалық колледж­­дегі түлектердің сұранысы, дуалды оқыту­ды дамыту және оқу бағдарламаларын жаңғырту жайы талқыланды.

Ал Сенат депутаты Сергей Ершов Қарағанды облысына барды. Ол Осакаров ауданындағы бірқатар әлеуметтік маңызды нысанды аралады. Орталықта балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына ықпал ететін түрлі үйірмелер мен секциялар бар.

«Жастар» сияқты орталықтар жас ұрпақтың бойында дұрыс бағдар қалыптас­тырады. Мұнда дарындар дүниеге келеді, болашақ көшбасшылар тәрбиеленеді. Мемлекет қосымша білім беруді қолдауға ерек­ше назар аударуы керек, әсіресе ауыл­дық жерлердегі осындай мекемелер бала­лар мен жасөспірімдер көп баратын даму орталығына айналуға тиіс», деді С.Ершов.

Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысының халқымен кездесті. Атап айтқанда, сенаторлар Мұнайлы ауданында аудан тұрғындарымен және мәслихат депутаттарымен жүздесті. Олар бюджетті тиімді жоспарлау, жекеменшік мектептер­дің мәртебесі, автокөлікті заңдастыру рәсімі және мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы жетілдірудің өзекті мәселелерін талқыланды.

Депутаттар жаңа нысандармен де танысты. Ауданда 1 200 орындық заманауи мектеп, мәдени орталық және 150 төсектік аурухана бой көтерді. Дәрігерлердің еңбек жағдайы мен медициналық қызметтердің сапасын талқылауға ерекше мән берілді.

Сенаторлар Ақтауға сапар барысында көлік-логистикалық инфрақұрылым нысандары – халықаралық әуежай мен теңіз портында болды. Онда Президенттің тапсырмасы аясында ауқымды жобалар іске асырылып жатыр.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев Түркістан облысына сапары аясында Кентау қаласында болды. Сенатор тұрғындармен кездесуде сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы барысында қабылданған негізгі заңнамалық бастамалар туралы айтты. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларын іске асыру аясында Салық, Бюджет және Су кодекстерінің жаңа мәтіндерімен қоса бірқатар жүйе құрайтын құжаттар қабылданғанын атап өтті. Кездесуде Кентау мен оған жақын орналасқан елді мекендердің көптеген жылдар бойы шешілмеген экологиялық мәртебесі мәселесі көтерілді.

Тұрғындар кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымдық бастамаларға қатыс­ты мәселелерді көтерді. Сенатор кездесуге қатысушыларға белсенділігі үшін алғысын білдіріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мұндай диалог кеңінен қанат жаятынына сенім білдірді.