• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ Бүгін, 08:28

Брянск майданындағы баспагер қыз

20 рет
көрсетілді

Сұрапыл соғыс жылдарында алдыңғы шепте жүріп, ерлермен бірге ерлік көрсеткен жауынгер қыздардың ержүрек батырлығы жөнінде Кеңес одағының маршалы А.И.Еременко: «Ұлы Отан соғысында қыздар араласпаған, қыздар меңгермеген әскери мамандық кем де кем», деп жазған еді. Жалпы деректерде соғыста жауынгерлерден 110 түрлі әскери мамандықтың түрін игеруді талап еткені айтылады. Майдан даласында көп ұлтты кеңестік жауынгерлер қатарында қазақ қыздары да аспаз, кір жуушы, хат тасушы, дәрігерлік көмек көрсету, сондай-ақ ұшқыш, танкіші, пулеметші, мерген, барлаушы, байланысшы, тағы басқа әскери мамандық түрлерін еркін меңгерген. Ал өмір мен өлім арасында алдыңғы шепте жүріп майдандық газет шығару, оны ұрыс даласындағы жауынгерлерге жеткізу бәрінен де қиын іс болғаны белгілі.

Отан үшін от кешкен жауынгерлердің қаһармандық ерлігін баспасөз бетінде жариялау, халықтың мақтанышына айналдырып, насихаттау жұмысына оралдық қазақ қызы Нәпия Дәулетқалиева да зор үлес қосты.

Ол Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында «На разгром врага» («Жауды жоюға») атты газеттің бас­паханасында қазақша әріп теруші болып қызмет етті. Орал қалалық әскери комиссариатының анықтамасына сүйенсек, Нәпия Дәулетқалиева 1942 жылы 1 шілде мен 1945 жылдың 15 ақпаны аралығында Брянск майданында «На разгром врага» және «Суворовец» газетінің баспаханасында әріп теруші қызметін атқарған. Осы орайда айтатын жайт, кеңестік талантты ақын майдандық газет қызметкері Яков Хелемскийдің Әлия Молдағұловаға арнап жазған:

«Шаттансаң қыз тудым деп, қазақ, шаттан,

Әлия Ұлы Отанға болған мақтан!

Казачиха қасында тұлғасы тұр

Дегендей ерлікке аттан, жеңіске аттан!

Бұл жермен сонау заман Пушкин өткен

Желдіртіп қоңыраулы атын жеккен.

Сол жерді жаудан сақтап қаламын деп,

Қазақтың Әлия қызы қанын төккен», деген жыр шумақтарынан тұратын «Әлияның жүрегі» атты поэмасы 1944 жылы маусым айында жоғарыда айтылғандай, әріп теруші Нәпия Дәулетқалиева қызмет ететін «Суворовец» газетінде жарияланады. Кейін Я.Хелемский «Әлияның әні» деген атпен әнге сөз де жазған еді. Алайда соңғы уақытқа дейін бас­пагер қазақ қызы туралы мәліметіміз өте аз болды.

Оралдық майдангер қазақ қыздары туралы алғаш 2015 жылы жарияланған кітабымызға әскери баспагер Нәпия Дәулетқалиеваның облыстық мемлекеттік архив қорынан табылған суретін ғана енгізген едік. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, көп ізденістің нәтижесінде майдангер ананың Орал қаласында тұратын баласы Болат Дәулетқалиевты таптық. Болат Рахметуллаұлы бізбен кездесуге Оралға Ресейдің Белгород қаласынан келген ағасы Қуаныш Рахметуллаұлын бірге ертіп келді. Ол ­1970 жылы Пушкин атындағы Орал пединс­ти­­тутының физика-математика факультетін тәмам­­даған соң, Ресейдің Ставрополь өлкесі Геор­гиевськ қаласына жұмысқа орналасып, бүгінде Белгород қаласында тұрады екен. Біз, «баспагерлер әулетіненбіз» деп келген ардагер ұрпақтары, майдангер аналары туралы құжаттар мен әскери құнды суреттерді әкеліп берді. Бізге жеткен деректерге қарағанда Нәпия Дәулетқалиева 1920 жылы Жымпиты ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан жастай айырылған ол екі бауырымен бірге Орал қаласындағы балалар үйін паналайды. Кейін екі бауыры қайтыс болған соң, Нәпия Приуралье ауданындағы балалар үйіне жіберіледі. 16 жастағы жас қыз Оралдағы Клара Цеткин атын­дағы тігін ­фабрикасына жұмысқа орналасып, кейін баспаханаға әріп теруші қызметіне ауысады.

Баспаханада өмірлік жары Рахметулла Дәулет­қалиевпен кездесіп, екеуі 1939 жылы отбасын құрады. Рахметулла Даулетқалиев 1920 жылы 5 мамырда Чапаев ауданы Көнеккеткен ауылында дүниеге келген. Көп кешікпей Рахметулла Қызыл Армия қатарына шақырылады. 1941 жылдың күзін­де елге ораламын деп жүрген ол сол жылы жазда соғыс басталып атқыштар ротасына алынады.

Майданда баспахана қызметкерлерінің тапшы­лығын естіген Нәпия 1942 жылы жазда құрбысы Ғалия Үмбеталиева екеуі өз еркімен майданға аттанады. Сөйтіп соғыс жылдарында Нәпия Брянск майданындағы «На разгром врага», «Суво­ровец» газетінің баспаханасында әріп теруші қыз­метін атқарады. Газет редакциясының негізгі ұжымы Мәскеу әскери округінің «Красный воин» газетінің тілшілерінен, мәскеулік газет-журнал қызметкерлерінен құралды. 1942 жылдан бастап газет қазақ, әзербайжан, өзбек, башқұрт, татар, т.б. тілдерде шығарылған. Бұл баспасөзде белгілі кеңес ақыны Иосиф Павлович Уткин, Илья Эренбург сияқты әйгілі әскери тілшілердің мақалалары жиі жарық көреді. Брянск майданындағы қанқұйлы ұрыстар кезінде баспагерлердің газетті қалың орман арасында жасырынып шығарған кездері де болған. Соғыс жағдайында күн сайын бірнеше тілде газет шығару, әрине, әскери баспагерлердің, әсіресе қолмен әріп терушілердің қажырлы еңбегі еді. Бұл туралы майдангер ана: «Майданда баспагерлер күндіз демалыс, түнде ұйқы дегенді білмей 17 тілде газет шығардық. Жауынгерлер газеттің әрбір санын асыға күтетін. Өйткені олар майдандағы соңғы жаңалықтарды ғана емес, алыстағы тылдан да хабар күтетін», дейді. Алғашында газеттің қазақша бөлімінің әріп терушісі болған Нина (әскерилер Нәпияны осылай атаған) кейін әзербайжан, өзбек бөлімдеріне ауыстырылады. Әріп теруші Нәпия түркі тілдес халықтардың тілдерін тез меңгереді. Еңбекқор Нәпия Дәулеткалиеваға онкүндік еңбек демалысы беріледі. Осы сәтті пайдаланған Нәпия 5 күн жаяулап жүріп, 80 шақырым жер шамасындағы әскери бөлімнің атқыштар ротасында жүрген күйеуі Рахметулла Нәкенұлын іздеп табады. Екі күннен соң санитарлық пойызбен кері оралады. Осыдан соң әскери басшылықтың келісімімен соғысқа дейін кезеңде Оралдағы баспаханада әріп теруші қызметін атқарған Рахметулла Дәулетқалиев «На разгром врага» газетінің қазақ бөліміне әріп теруші қызметіне шақырылады. Өйткені соғыстың қызған тұсында әскери баспаханаларда әріп терушілер жетіспеді. Сөйтіп ерлі-зайыпты баспагерлер баспахананың темір әрпін, қара бояуын, қағазы мен құрылғыларын арқалай жүріп, соғысты Кенигсбергте (Калининград) аяқ­тайды. Ерлі зайыпты баспагерлер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Фашистік Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Қос майдангер Нәпия Дәулетқалиева 1945 жылы, ал Рахметулла Дәулетқалиев 1947 жылы елге ора­лып, бейбіт өмір тіршілігіне араласады. Олар зейнет демалысына шыққанға дейін Орал қала­сындағы №10 Ғабдолла Тоқай атын­да­ғы баспаханада еңбек етті. Отбасында екі ұл тәр­бие­леп өсірді. Рахметулла Нәкенұлы 1987 жылы 2 қарашада, Нәпия Даулетқалиева 2012 жылы 14 қарашада өмірден озды. Ардагерлердің неме­ресі Рахым Болатұлы Дәулетқалиев «Болашақ» бағдарлама­сы­мен Канаданың Оттава қаласында білім алып, қазір Финляндияның Хельсинки қаласында еңбек етеді.

«Адамдар бір-біріне өзара қарыздарлығын әрқашанда ойлай жүру керек. Әсіресе Отан соғысы ардагерлерінің еңбегін ерекше бағалай білуі қажет. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты», деп халық батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен жауынгерлердің есімін жас ұрпақ мәңгілік мақтаныш етуге тиісті.

 

Бақтылы Боранбаева,

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты