• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:48

Логика бағытындағы байланыс

70 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Сегізінші қазақ-француз логикалық коллоквиумы» атты халықаралық конференция өтті. Коллоквиумның басты мақсаты – логика, математика, лингвистика салаларындағы бірнеше бағыт бойынша қазақ-француз зерттеушілері, сондай-ақ басқа да мемлекеттер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту.

Қазақ-француз коллоквиумының тарихы осыдан 40 жылдай бұрын, 1986 жылы басталған. Новосібірдегі академқалашықта француз логигі әрі лингвисі Брюно Пуаза мен қазақ ғалымы Төленді Мұстафин алғаш рет жүздесіп, өзара құрмет пен ғылыми қызығушылық негізінде ерекше серіктестікке жол ашты. Сол кездесудің нәтижесінде 1990 жылы Алматы мен Қарағандыда алғашқы қазақ-француз коллоквиумы өтті. Содан бері конференция география­сы кеңейіп, жыл сайын түрлі мемле­кет­те ғылыми басқосулар ұйымдастыры­лып келеді.

1994 жылы Төленді Ғарифұлының өмірден өтуіне байланысты коллок­виум жұмысы уақытша үзіліп қалған еді. Алайда профессор Бруно Пуазаның бастамасымен форум 2000 жылы Қара­ға­ндыда қайта жанданды. Биыл да өзі­нің шәкірттері мен ғылыми ізбасар­ла­рын ертіп келген Бруно Пуаза жас­тар арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға зор үлес қосты. Ол қазіргі таң­да Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды уни­верситетінің, Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ-дың құрметті профессоры.

«Ғылымда шекара болмауы керек. Сол себепті бұл коллоквиум оқу ордамыздың механика-математика факультетінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Біз Бейжің университеті, Жоғары экономика мектебі, Мәскеу мемлекеттік технологиялық институты, Новосібір мемлекеттік университеті, сондай-ақ Лион уни­верситетінің көрнекті ғалымдарын қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Конференция барысында тың ғылыми жаңалықтар айтылатынына сенімдімін», деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай.

Айта кетейік, биылғы коллоквиум­ға 70-тен астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында Қазақстан, Франция, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Испания және басқа да мемлекеттердің ғалымдары бар. Конференция бағдарламасын­да классикалық модельдер теориясымен қатар, қазіргі заман талабына сай тақырыптар – криптография­дағы логикалық әдістер, алгоритмдік құрылымдар, логика мен тіл байланысы, жасанды интеллект контексіндегі дәлелдер теориясы сынды өзекті салалар қамтылды.