Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекенді 100% таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
«Ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауызсу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет», деді Президент.
Берілген мерзім аяқталуға жақын. Жолдауда айтылған міндетті орындау мақсатында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен ауызсумен қамту жұмыстарының сапасына шағымданушы ауыл тұрғындары да аз емес. Яғни сан мен сапа сәйкес келмей тұр. Бірқатар нысандардың келесі жылға өтпелі болып отырғанын ескерсек, тапсырманың жыл соңына дейін орындалуы күмән тудырады. Ретімен баяндасақ.
Жауапты басқарманың мәліметіне жүгінсек, жыл басындағы жағдай бойынша өңірдегі 807 елді мекеннің 767-і (7 қала, 760 ауыл) немесе 95,0%-ы ауызсумен қамтамасыз етілді. Биылға 63 нысанның құрылысына бюджеттен 37,7 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде, биыл 36 нысан құрылысы аяқталса, қалған 27-і 2026 жылға өтпелі. Бүгінде 40 ауыл (31,4 мың адам) ауызсумен қамтылмаған. Облыс көлемінде жалпы –129, оның ішінде аудан, қала әкімдіктеріне қарасты – 68, «Қазсушар» РМК-ның «Оңтүстікауызсу» филиалы тарапынан 61 елді мекен тұрғындарына ауызсу кестемен беріледі. Биыл Келес ауданында 13 елді мекен, Сарыағашта – 9, Ордабасыда – 3, Отырар мен Бәйдібек аудандарында 2 елді мекеннен, Қазығұртта 1 ауыл ауызсумен қамтылмақ. Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен мониторинг жұмыстарының нәтижесін зерделеу бойынша кезекті штаб отырысында кемшіліктерге жол берген жауапты басшылар мен мердігерлерге қатаң ескерту жасалды. Ескерту жасауға себептер де жоқ емес. Өйткені облыстың бірқатар қала мен аудандарында ауызсуға қатысты мәселелер жетерлік. Өңір тұрғындарын ауызсумен қамтуға қатысты жауапты басқармада басшы жиі ауысатыны да көп жайтты аңғартады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Т.Усубалиевтің бізге берген мәліметіне қарағанда, қалалардың қамтылуы деңгейі жоғары болғанымен, Арыс, Шардара, Леңгір, Сарыағаш қалаларын ауызсумен қамтуда өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, Арыс қаласында 2 000 абонентке су беріп отырған су айдау стансасында тазарту қондырғысы орнатылмаған. Ауызсу тұндырылып, хлорлау арқылы залалсыздандырылып беріліп келеді. Аталған станса министрлікке қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының теңгерімінде. Сонымен қатар Арыс қаласындағы «Теміржолсу» ЖШС-на қарасты су тазарту стансасында, тозығы жеткен су жүйелерінде (2 200 абонент) де өзекті мәселелер қалыптасқан. Шардара қаласында су тазарту стансасының тозығы жеткен, жаз мезгілінде қоймадағы су деңгейі төмендеп, судың сапасы нашарлайды. Мәселені шешу мақсатында «Тама-Тастанбек» жер асты су көзінен топтық су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Леңгір қаласының ашық су көздері – Көктерек, Қарабастау бұлақтары жауын-шашын кезінде лайланып, судың сапасына қатысты мәселелер туындайды. Сонымен қатар бұл су көздеріндегі тазартқыш қондырғыларының қуаттылығы жеткіліксіз болуына орай, тиісті деңгейде тазартып үлгермейді. Төлеби ауданы аумағындағы Көксәйек ауылдық округінде 300 отбасы ауызсуды арықтан ішіп отырғанын айтып, мұқтаждықтарын ақпарат құралдары арқылы жария еткен соң ғана тиісті шаралар қабылданып, мәселе шешімін тапқандай болды. Тасарық, Қаратөбе ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерге бірнеше жыл бұрын жүргізілген ауызсу жүйесі тиімсіз болып шықты. Жауын-шашынды күндері тұрғындар құбырдан лай су ішеді. Себебі ауызсудың басына тазартқыш қондырғылар орнатылмаған. Оның үстіне жоғарыдан келетін судың қысымы да есепке алынбаған. Осындай кемшіліктер салдарынан кейбір ауылдар, көшелер орталық су құбырынан ажырап, бұрынғы жүйені қолдануға мәжбүр. Тұрғындар жаңа жобаны іске асыруға бюджеттен жұмсалған қыруар қаржының қайыры болмағанын айтады. Сарыағаш қаласында жалпы топтасқан су құбырына қосылған елді мекендерді толық сумен қамтуда жаз мезгілінде су тазарту стансасының қуаты жетпейді. Бүгінде Р-1 каналында магистралды су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жоғарыда айтылғандай, 40 ауыл су құбырымен қамтылмаған. Соның ішінде, 30 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған 10 елді мекен қолданыстағы су көздерімен (ұңғымалар, құдықтар) қамтылған. Ауызсу саласында қайта-құру, кеңейту, күрделі жөндеу жұмыстарына арналған 44 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жалпы құны – 37 млрд теңгені құрайды, аталған жобалар республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылған. Дегенмен қаржыландыру мәселесінде қиындықтар бар.
Жетісай ауданы Ш.Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты Сырабат елді мекені тұрғындарының ауызсу сапасына қатысты арыз-шағымы бар. Ауыл тұрғыны Камалбек Ортаевтың айтуынша, 2012 жылға дейін ауызсуға қатысты проблема болмаған. «Сол жылдары қазынадан 50 млн теңге қаражат бөлініп, ауызсудың ұңғымасы қайта қазылды. Осы кезде ұңғымадан ащы су шықты. Ол ішуге жарамсыз болған соң жабуға тура келді. Ауыл сол кезден бастап көршілес Бірлік ауылының ауызсу жүйесіне қосылған. Бірақ бұл су да таза емес, ащы. Жалпы біз тұратын Ш.Ділдәбеков округіндегі ауылдардың бәрінде осы жағдай. Ішетін судың сапасы нашар. Ауылға қойылған су тазартқыш «Омега» қондырғысынан шыққан судың көлемі мардымсыз. Ол суды тұрғындар литрін 2 теңгеден сатып алады. Қазір көлігі барлар тіршілік нәрін басқа жақтан тасып ішеді. Сырабаттағы 1400-ге жуық тұрғынның көрген күні осы болып тұр. Көлігі жоқтар амалсыздан ащы су ішеді. Жаңа ұңғыма қазуға арнайы жер бөлінген. Бірақ аудандағы атқамінерлер мен мердігер ұңғыманы мүлдем басқа жақтан қазып, жұмыстарын дұрыс жүргізіп жатқан жоқ», дейді К.Ортаев.
Дегенмен Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің әкімі Қанат Тілеуов халыққа беріліп жатқан суға тиісті органдар «ішуге жарамды» деген қорытынды бергенін айтып отыр. «2012 жылы ауылдағы ауызсу ұңғымасын қайта қазу жұмыстары «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүргізілген. Қазылған жерден ащы су шыққан. Осыдан кейін Сырабат көршілес Бірлік ауылының ауызсу жүйесіне қосылған. Яғни дәл қазір ауыл ауызсу жүйесімен қамтылған, есептегіш құралдар орнатылған. Су тәулігіне 24 сағат бойы ағып тұр. Тұрғындардың судың сапасына көңілі толмайтын шығар. Бірақ бізде ащы су, тәтті су деген ұғым жоқ. Судың сапасына СЭС «ішуге жарамды» деген қорытынды берген. Сырабатта жаңа ауызсу ұңғымасын қазу жұмыстары басталып кеткен. Бұған тапсырыс беруші – аудандық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Мердігер мекеме 300 метрдей қазып қойды. Шыққан су сараптамаға жіберілген», дейді ауыл әкімі.
Тіршілік нәрімен қамтылу деңгейі төмен аудандар – Сарыағаш (11 ауыл), Келес (19 ауыл). Келес ауданына қарасты 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауызсумен толық қамтылған. Бұл ауызсумен қамтылу деңгейінің 88,4%-ға жеткенін көрсетеді. 19 елді мекенде ауызсу жүйесі әлі толық жүргізілмеген. Қазірде 14-інде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаз мезгілінде ауызсу тұтыну көлемінің артуына байланысты Абай ауылында су тапшылығы байқалған. Бұл мәселені уақытша шешу мақсатында арнайы көліктер арқылы ауызсу тасымалдау кестесі бекітіліп, тұрғындарға жүйелі түрде жеткізіліп отыр. Сонымен қатар Абай ауылындағы 4 аумақтағы су тазартатын модульді құрылғылар жөндеуден өтіп, толықтай іске қосылыпты. Аудан бойынша ауызсу мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған жоба аясында Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 га жерге 20 000 текше метрлік су қоймасын, Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде 1 га аумаққа 600 текше метрлік су қоймасын салу жоспарланған. Бұл – 25 мыңнан астам адамның тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. «Шардарада – 3, Мақтааралда – 1, Келесте – 4, Сарыағашта 2 ауылдың тұрғындары кешенді блок модульдерін орнатуға қарсы болып отыр, осыған байланысты тұрғындардың келісімі алынып, тиісті хаттама түзілген. Министрлікке хаттамалар толық ұсынылған», делінген басқарманың мәліметінде.
Жоғарыда айтылған Жетісай ауданындағы Сырабат ауылы басқарманың есебі бойынша ауызсумен қамтылған елді мекендердің санатына кіреді. Бірақ құбырмен келген суды көп тұрғындар ащы болғандықтан тұтынбайды. Аудан орталығына сабылып, тұщы су тасиды. Яғни ауызсумен қамтылғандардың есептік санын көбейтіп тұр.
Түркістан облысы