• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Мереке Бүгін, 09:40

«Домбырам – екі ішекті, бетің қақпақ»

20 рет
көрсетілді

2018 жылы 13 мау­сымда «Ұлттық домбыра күні» мемлекеттік деңгейде бекігені ел мерейін өсірді. Ғасырлар бойы халықпен бір жасап келген қастерлі аспапқа құрмет ешқашан бәсеңдеген емес. Бүгінде ұлттық мереке халықтық сипат алғанын байқау қиын емес. Жер-жерде домбыра күні өз мәнінде аталып өтіп жат­­­қанын көреміз. Халықтың махаббаты мен ықыласы ерекше. Көпшілікті ортақ ниетке, ауызбірлікке бас­­­тайтын атаулы күн өркениеттіліктің белесі деуге негіз бар.

Бір мезетте бір орында бес мың, он мың домбырашы күй тартқаны ел өміріндегі айтулы оқиға демеске қоймайды. Оның сыртында одан көп көрермен тұрып бір-біріне тілегін қосып, қошемет қылады. Бұдан домбыра күні шын мәніндегі ұлттық мереке ретінде қалыптасып қалғанын аңғарамыз.

Халқымыздың әдеби нұсқаларында және ақын-жыраулар шығармаларында домбыра арқау болмаған туынды аз. Мысалы, атақты ақын Қашаған Күржіман­ұлының Есқали сопыға айтқан өлеңінде:

«Қолымыздағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш,

Асылы емен, қарағай,

Шыққан жері су ағаш,

Домбыраны күнә десеңіз,

Жиын менен тойдікі,

Ішегін күнә десеңіз,

Жұмақтан келген қойдікі,

Пернесін күнә десеңіз,

Есебі ол пәннің – он екі,

Құлағын күнә десеңіз,

Хазіреті Біләлдің,

Құлағы екен деседі,

Тиегін күнә десеңіз,

Шиелеген сырды шешеді...»,

дейді. Ал қазақы қара өлеңде:

«Домбырам екі ішекті, бетің қақпақ,

Өзіңе перне байлап ішек тақпақ,

Басыңа үкі қадап желпілдетіп,

Қызығы – күмбірлетіп қолмен қақпақ», деп домбыраның қазақ қоғамындағы орны хақында хабар береді.

* * *

Домбыра негізінен: бас, құлақ, мойы­н, шанақ, ішек деген басты бөліктерден тұрады. Бұлардың міндеті әртүрлі. Құлақ – аспаптың ішегін қатайтып, босатып бұрау арқылы күйге келтіреді.

Суретте: Қазақ домбырасының түрлері. Ө.Жәнібековтің «Эхо... по следам легенды о золо­­той домбре» кітабынан алынды

Бас – тұтас ағаштан мойнымен бірге шабылып, мойынға өндіршек арқылы жалғанып кіріктірілген бөлігі. Ал мойын­ның бетіне қалыңдығы 5-6 см болатын мойынғақ жапсырылады. Оның міндеті – пернелерді дәл басуға және дыбыстарды айқын-анық шығаруға мүмкіндік береді.

Мойынғақ пен қақпақтың түйіскен жеріне сағақ орнатылады. Бұл жерге соңғы перне тағылады. Мойынның шанаққа бірігетін тұсының екі бүйіріне алқымдық деп аталатын кішкентай ағаш жапсырылады. Шанақтың міндеті – іштен шыққан дыбысты қайта жаңғыртып тұрады. Шанақтың бетін жауып тұратын тақтайша қақпақтың жұқа немесе қалыңдығына байланысты домбыра үні өзгеріп отырады. Шебердің айтуына қарағанда, қақпақ ұрғашы қарағайдан шабылса, домбыра шешен болады екен.

Шанақтың ішінде жаңғырған дыбыс қақпақтың ортасындағы ойық тесік арқылы сыртқа шығады. Шанақтың түбіндегі ішектің тұйық жағы байланатын тетікті түйме немесе кіндік дейді. Домбыра ішегін қақпаққа тигізбей көтеріп тұру үшін тиек орнатылады. Тиектің өкше тиек, ортаңғы тиек, табалдырық тиек деген үш түрі болады. Мойын мен бастың түйіскен жері өндіршекке орналасқан тиекті табалдырық тиек (шайтан тиек деп те айтады) деп атайды. Қақпақ үстінде әрі-бері қозғалып тұратын тиекті «ортаңғы тиек» дейді.

Домбыраның дыбысын шығаратын ішек қойдың немесе ешкінің ащы ішегінен ширатылып жасалады. Ол үшін әуелі ащы ішекті қырындыдан тазартып, тұзды суға салып ширатады. Толық шираған ішекті қол ұршықпен иіріп, керегеге тартып керіп, үстіне салмақты зат іліп қояды. Осылай кепкен ішекті екі асықтың арасына (мұны ақжігіт деп атайды) салып ысқылап, түйіртпектерін сыдырады. Дайын ішектің тұйығын кіндік­ке бір орап, екі ұшын екі құлаққа байлап, құлақты ақырын бұрай отырып, ішекті ­созып шынықтырады.

Ал домбыраның пернесі жеті, тоғыз, он екі болады. Қазіргі таңда домбыра жетіл­ген­діктен перне саны да көбейді. Кейде ерекше күйлерді орындау үшін кәнігі күйшілер қосымша перне тағатын да жағдайлар болған. Мұны ұры перне деп те атайды.

* * *

Жасалу пішіні мен дыбыстық ерек­шелігіне байланысты әр өлкеде дом­быраның түрлері көп. Тек қана жасалу түрі, ішек саны, дыбыстық ерекшелігіне қарай: үш ішекті, төрт ішекті, қалақша, қуыс мо­йын, тұмар, қоссаз, қауақ, абыз, кеней, үзбелі, қозықұйырық, құрама, омыралы, шіңкілдек, шаппа, сана, желбезекті, үшем, іші ішекті, кең шанақты, бүктемелі, тегешікті, әмбебап, т.б. болып кете береді («Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі». 1-том. Алматы: 2011. 646-б).

Мысалы, күйшілік өнері зор еліміз­дің батыс өлкесінде қауақ домбыра көп қолданылады. Оның пернесі 12-16 болып келеді. Бұл домбыра түрі төкпе күй­ді орындауға жақсы. Сол тәрізді қазақ даласының шығысы мен орталық өңірін­де шанағы үлкен, мойны қысқа 7-11 пернесі бар қалақ домбыра кең тараған. Ал Жетісу мен Қаратау өлкесіне мойны қысқа, тік­бұрышты, 7-9 пернелі домбыра тән. Бұлардан басқа жас балаларға арналған шіңкілдек домбыра деген бар.