• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Көрме Бүгін, 10:00

Өткен күнде белгі бар

20 рет
көрсетілді

Елордада Астана күніне орай фотожурналист, өлкетанушы Нұрмұхаммат Имамовтың «Менің Астанам: өткеннен болашаққа» атты фотокөрмесі ашылды. Президент орталығы, «Қалалық туризмді дамыту орталығы» қауымдастығының, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының, Астана гидтері клубының және Н.Имамовтың отбасының қолдауымен ұйымдастырылған көрме Астана қаласының көрнекі мұрасын сақтауға бағытталған. Сонымен бірге Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттап, кең ­аудиторияны шынайы деректі фотографиямен таныстырады.

Экспозицияға Нұрмұ­хаммат Имамұлының қырық жылдан астам уақыт бойы «Акмо­лин­ская правда» газеті және басқа да ба­сылымдардың фототілшісі болып жұмыс істе­ген уақытта жасаған 300-ден астам архивтік суреті кіреді. Көрме қала тари­­хындағы ма­ңызды сәттерді қамтиды. Атап айтсақ, алғашқы шағын аудандардың құрылысы, өнеркәсіптік нысандардың ашылуы, тың өлкелерінің кеңестік астанасының күнделікті өмірі, сондай-ақ маңызды әлеуметтік және мәдени оқиғалар. Нұр­мұхаммат Имамов со­ғысты және соғыстан кейінгі бүкіл дәуірді бірге өткізген «Киев» камерасы оның айнымас серігі болды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыста Пе-2 шүйілгіш бомбалаушысында радиоатқыш қызметін атқарған. Театр суретшісі Отанына оралғаннан кейін радиомеханик және ретушер болып жұмыс істеді. Фото өнеріне автор өзінің жеке дәптерін­де жазғандай, «Целиноградтың ма­ңызды оқи­ғаларын тіркеу» үшін саналы түр­де, ересек жаста келді.

Президент орталығының директоры Бақытжан Темірболат көрме­нің ашылу салтанатында мәдени оқиғаның қала тарихы үшін орасан маңызы бар екенін атап өтті.

«Қазіргі Астана – тек әкімшілік орталық қана емес, ол – бір ұр­пақ­тың Тә­уелсіз, дамыған және гүл­денген Қазақстан туралы арма­нын бейнелейтін рәміз. Елорда­ның сәулетінде ұлттық дәстүр мен ­заманауи технологиялар үндесіп, оның тарихында – ерлік, еңбек және жасампаздық жатыр. Нұрмұхаммат Има­мовтың фотожұмыстары – жай сурет емес. Бұл – өз дәуірінің тынысын сезіне біл­ген адамның көзқарасы, өзгерістерді көріп, тарихты сақтай алған жанның шынайы хроникасы. Оның объективі – бізді онжыл­дықтармен жетелейтін жол», деді ол.

Көрменің жеке бөлімі 1977 жылы 7 желтоқсанда Тың иге­рушілер сарайында қойылған және жақында фотографтың ұлы Ринат Имамов цифрландырған фо­тосуреттер мұ­рағатына ар­налған. Мыңдаған мұрағатты сақтау және жария­лау жұ­мыс­тары жалғасып келеді, осы мате­риалдардың бір бөлігі автор­лық сайтта да ұсынылған.

Иә, автордың фотосуреттері жай ғана деректі шежіре емес, уақыттың жанды тынысы, дәуірдің мәдени кодына айналды. Олар өткенге деген сағынышты оятып, қазіргі фотографтарды шабыт­тандырады, одан бөлек тарихшы-өлкетанушылар және қала мен елдің өткеніне қызығушылық танытатын жандар үшін құнды ресурс екені де рас.

Фотохроникашының ұлы Ринат Имамов аталған көрме әке­нің рухына деген құрметтің белгісі ғана емес, сондай-ақ қаланың мәдени мұрасына қосылған үлес болды дейді.

«Әр фотосурет тұтас бір дә­уірді қамтиды. Мұнда оның ең жақ­сы туын­дылары ғана емес, сондай-ақ бүкіл тарих – құрылыс алаңдары, мерекелер, көшелер, қала тұрғындарының бет-бейнесі бар. 1962 жылдан бастап суреттер Целиноградтың көрнекі күнделігі. Суреттерді көрген адамдар өзде­рін, жақындарын, көшелерін танып жатыр. Бұл көрме Астана кү­ніне орай және әкеміздің туған күні қарсаңында ашылып отыр. Президент ор­талығының басшылығына ерекше алғыс айтамын», дейді Ринат Имамов.

Сондай-ақ ол фототілшінің архиві өте ауқымды екенін айтты. Алдағы жылы Н.Имамовтың жүз жылдығы қарсаңында тағы да көрме ашылып, қордағы басқа суреттер де ұсы­нылмақ.

Айта кетейік, Президент орталы­ғындағы көрме 10 тамызға дейін жал­ғасады.